№ 12 (180)
желтоқсан, 2024г.

Жарнама агенттігі

Біз жарнама нарығында ұсынылатын қызметтер сапасын үнемі арттырып отырамыз. Жарнама бизнесінде бірнеше жыл бойы жұмыс істей отырып,  біз – жарнама науқанының ойдағыдай болуының кепілін жарнама көлемінің орынды теңгерімі мен жарнама инновацияларын пайдалану айқындайды деген қорытындыға келдік.

БАСПА ЖӘНЕ ЭЛЕКТРОНДЫҚ
БАҚ-ТАҒЫ ЖАРНАМА

Жаңалықтар

Балық браконьерлігі тыйылмай тұр

12.07.2024

«Бекіре-2024» бірлескен кең ауқымды балық қорғау акциясына қатысты бірнеше құзырлы орган қызметкерлерінің қатысуымен Орталық коммуникациялар алаңында болған жиында еліміздегі балық браконьерлігі жөнінде біраз жайт айтылды.

Заңсыз балық аулаған 694 адам жауапқа тартылды

Ресми дерек бойынша «Бекіре-2024» кең ауқымды балық қор­ғау акциясы барысында 1 сәуірден 31 мамырға дейін Атырау және Маңғыстау облыс­тары ҰҚК ШҚ департаменттерінің шека­ралық кемелері, қайықтары және жағалау бөлімшелерімен балық аулау­дың белгіленген режімдері мен ережелерін бұзған 69 шағын көлемді жүзу құралы алынып, 166 адам ұсталды.

ҰҚК Шекара қызметі Шекараны күзету департаментінің консультанты Сабыр Хасановтың айтуынша, 297 шақырымға жуық заңсыз балық аулау құралдары (ау) тәркіленген. 7,5 млн теңгеге жуық әкімшілік айыппұл салынса, ал мемлекетке келтірілген залал шамамен 2,5 млрд теңге болған.

«Табиғатты қорғау органдары Кас­пий теңізінің елімізге тиесілі бөлі­гінің ұлттық және экономикалық мүдделерін қорғау үшін бірлескен қыз­метін күнделікті қалыптасқан режімде жалғастырып жатыр. Негізгі іс-шаралар теңіз кеңістігіндегі Шекара қызметі барысында жүзеге асырылады. Шекара қызметі жануарлар дүниесінің өсімін молайту мақсатында тиісті іс-шаралар қолданып отырады», дейді С.Хасанов.

Биыл 28 наурызда Ауыл шаруа­шылығы министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік ко­митеті бірлесіп Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының бе­кіре және басқа да балық түрлерінің уылдырық шашу кезеңін өткізу туралы бұйрыққа қол қойған еді. Құжатта табиғат қорғау және құқық қорғау органдарының бірлескен іс-қимыл жоспары бекітілген. Осыдан кейін біраз заңсыздықтың беті ашылған. Мәселен, акцияны өткізу ке­зеңінде Жайық-Каспий облысаралық ба­лық шаруашылығы бассейндік инспек­циясының инспекторлары құқық қор­ғау, табиғат қорғау органдары, ҰҚК Шекара қызметінің мамандарымен бірлесіп, 945 заң бұзылуын анықтап, жолын кесіпті. Нәтижесінде, 694 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген балық түрлеріне қатысты заңсыз әрекет жасау фактілері бойын­ша 71 қылмыстық іс қозғалды. Заң бұзушыларға 19,4 млн теңге айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 11 тонна 308 кг балық, оның ішінде 2 тонна 229,5 кг бекіре тұқымдас балықтар,

8 кг 328 грамм бекіре уылдырығы, 162 бірлік балық аулау құралдары, 44 су көлігі тәркіленді. Өзен арнасы мен теңіз акваториясын күнделікті бақылау нәтижесінде су айдындарынан жалпы ұзындығы 300 км-ден асатын 1 416 заңсыз балық аулау құралдары алынды», деді АШМ Балық шаруашылығы комитетінің өкілі Аян Бахиянов.

Акция барысында Атырау облы­сының құқық қорғау және табиғат қорғау органдары Исатай, Жылыой, Құр­манғазы аудандары, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерва­тына қа­рас­ты криминогендік нүктелерді анық­тапты.
Биыл уылдырық шашу кезеңі басталғаннан бері бақылаудағы су айдындарында балық шаруашылығы комитетінің облысаралық бассейндік инспекциялары әкімшілік құқық бұзушылық туралы 848 хаттама жасапты. Оның ішінде 134 материал әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша 383-бапқа сәйкес сотқа жіберілген екен.

«Балық аулау ережелерін өрескел бұзған 5 азаматқа құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Бұған қоса заң бұзушылардан мемлекет кірісіне 2 784 тонна заңсыз ауланған балық, 286 аулау құралы, сондай-ақ 16 жүзу құралы тәркіленді. 14 млн теңгеден аса қаражат көлемінде айыппұл салынды. 4,1 млн теңге балық ресурстарына келтірілген залал үшін талап қойылды», деді АШМ өкілі.

Күш біріктірген күрес

Қазір мемлекет тарапынан қор­шаған ортаның ластауы мен биоресурс­тарды заңсыз алу мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Мемлекет басшысы да ба­лық қорын қорғау мақсатында браконьерлікпен күресті күшейту туралы тапсырмасы ұмытыла қоймаса керек-ті. Осы ретте ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалары жө­ніндегі аға инспекторы Әлішер Жар­мағамбетов жауапты саланың бағыт­тағы қызметі туралы айтып берген еді. Аға инспектордың айтуынша, еліміздің барлық өңірінде уылдырық шашу кезеңін жіті бақыланып, әртүрлі акциялар өткізіліп келеді.

«Алайда полиция қызметкерлері браконьерлікке қарсы күрестегі жұмы­сын тек осындай акциялар аясында ғана емес, күнделікті қызметінде де атқарады. Бұл қатарда министрлік тарапынан табиғатты қорғауға арналған сақшылар бар. Браконьерлікті жою мақсатында мемлекеттік құзырлы органдар бірлесе шара қолданып отыр», деді ол.

Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Экология министрлігі қолда­ныстағы заңға сәйкес браконьерлікпен күрес жұмысына күш біріктірмек. Бұған қоса қазір қызметкерлердің білік­тілігін арттыру мақсатында Ішкі істер министрлігі Бас прокуратура жа­нындағы Құқық қорғау академия­сымен бірлесе табиғатты қорғау полиция қызметкерлеріне тренинг өткізіп жатыр. Бұл тренингте балық шаруа­шылығы қызметкерлері де бар. Тренингке БҰҰ мамандары да қатысып, дәріс оқып, тәжірибелерін бөліспек.

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»