Жаңалықтар
Су тасқыны: Ақтөбе облысында 595 жаңа үй салынады
АСТАНА. KAZINFORM – Ақтөбе облысында су тасқыны салдарынан болған мал шығынын өтеуге 2,2 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімінің баспасөз хатшысы Гүлбағда Көбеева айтты.
«Су тасқынына байланысты Ақтөбе қаласы мен 6 ауданда төтенше жағдай жарияланған. Қазір бір ауданда ғана жағдай күрделі. Су тасқынын жою мақсатында арнайы комиссия құрылды. Облыстың су тасқынынан зардап шеккен азаматтарына жан-жақты көмек көрсетілуде. Бір реттік әлеуметтік көмек беріліп жатыр. 1 881 азамат 613 млн теңгеден астам төлемді алды. Мұнан бөлек, келген шығынды есептейтін комиссия құрылып, 11 сәуірден төлем жүргізіп жатыр. 215 ақтөбелік отбасына 433 млн 284 мың теңге сомасында материалдық шығын өтелді. Шаруалар да көмектен тыс қалып жатқан жоқ. Жалпы облыс бойынша 3 232 бас малдың өлгені расталды, барлығының көзі жойылды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның атап өтуінше, осы уақытқа дейін 246 мал басына, яғни ірі қара және ұсақ мал, жылқы мен түйеге 35 миллион теңгеге жуық ақша төленді. Жалпы, бұл мақсаттарға 2,2 млрд теңге қарастырылған. Өңірде эпидемиологиялық және эпизоотологиялық жағдай тұрақты, жұқпалы аурулардың өршуі тіркелген жоқ.
Өңірге жан-жақтан гуманитарлық жүктер де жеткізіліп жатыр. Мәселен, күні кеше Ырғыз ауданына азық-түлік түрінде 22,2 тонна гуманитарлық көмек пен 23 тонна жанар-жағармай жеткізілді.
«Қазіргі уақытта 2 451 үй зардап шекті. 595 үй салу жоспарланған. Өткен аптада өңір басшысы Асхат Шахаров Ойыл және Қобда аударында жұмыс сапарымен болды. Жергілікті тұрғындармен кездесіп, ахуалды бағамдады. Қобдада 69 үйдің қазығы қағылды. Мұнда 150-ге жуық үй бой көтереді. Су тасқынынан ең көп зардап шеккен аудандардың бірі – Ойыл. Осы ауданның Қаратал ауылында 178 үй салынады. Ал аудан орталығына көшуге ниет білдірген тұрғындар үшін 200-ден аса үй салынбақ», - деді Гүлбағда Көбеева.
Фото: primeminister.kz