Жаңалықтар
Елордада көліктерге автобус жолағымен жүруге рұқсат берілуі мүмкін
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Астанада кептеліс көп болатын кезеңдерден тыс уақытта көліктерге автобус жолағымен жүруге рұқсат берілуі мүмкін. Бұл туралы «City Transportation Systems» компаниясы өзінің Іnstagram-дағы ресми парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елордада Bus Lane бойынша жол қозғалысының барлық қатысушыларына қарбалас сағаттардан тыс уақытта жүруге рұқсат беру мәселесі қарастырылуда. Бірақ мұнымен бірге автобустарды күту уақыты едәуір артатынын ескеру қажет. Бүгін елорданың 27 көше учаскесінде жалпы ұзындығы 72,4 шақырым болатын Bus Lane іске қосылған. Bus Lane арқылы қоғамдық көлік қозғалысының тиімділігі 25 пайызға артты және жол жүру уақыты 10 минутқа қысқарды», - деп мәлімдеді CTS өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Айта кетсек, бұған дейін елордаға тағы 100 электроавтобус жеткізілетінін хабарлап едік.