Жаңалықтар
Астанада Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт ашылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт ашылды. Ашылу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін еліміздің рухани өмірінде елеуі күн, тарихи сәт. Қазақ топырағында бұрын-соңды болмаған, арғы бергі тарихымызда кездеспейтін, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен салынған сәулеті мен сәні жарасқан зәулім мешіттің ашылу рәсіміне қош келдіңіздер. Алла тағала мешітке басып келген қадамдарыңызға сауаптан бергей!» - деді ҚМДБ Төрағасының орынбасары Ершат Оңғар.
Жаңа мешіт Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен үш жылдың ішінде салынды. Мешіт орналасқан жер учаскесінің алаңы – 10 гектар. Оның жалпы алаңы – 68 062 шаршы метр. Үлкен күмбездің биіктігі – 83,2 метр, диаметрі – 62 метр. Мешіттің төрт мұнарасы бар. Оның биікті – 130 метр.
Сонымен қатар, мешіттің жерасты қабатында 440 орындық банкет залы, 405 орындық жабық паркинг, вестибюль, дәретхана, техникалық, ритуалдық қызмет көрсету орны, құрбан шалу орны және басқа бөлмелер орналасқан.
Бірінші және екінші қабаттарда намаз оқитын орыннан бөлек сыныптар, конференц-зал, неке қию залы, Құран оқитын бөлме, телестудия, кеңселер, қызметтік бөлмелер, дүкендер, мұражай және техникалық бөлмелер бар.
Мешіттің жалпы сыйымдылығы 235 000 адамды құрайды, яғни бір мезетте осынша адам сапта тұрып намаз оқуға мүміндігі бар. Ашық алаңда шамамен 200 мың адам, яғни: подиум мен сахна аймағында 30 мың адам, мешіт ауласында 170 мың адам бір мезетте құлшылық жасауға мүмкіндік бар. Мешіт ішінде 35 мың адам, яғни: ерлерге арналған орында 30 мың адам; әйелдерге арналған орында 5 мың адам намаз оқи алады.
Мешіттің сыйымдылығы бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық Бас мешіт әлемдегі ең үлкен 10 мешіттің қатарына енді.