Жаңалықтар
Қазақстан паспортын Түркияда 30 күн ішінде ресімдеуге болады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2022 жылдың 1 маусымынан бастап Түркия аумағында «ҚР шегінен тыс жерлерде тұратын ҚР азаматтарына паспорттарды рәсімдеу» мемлекеттік қызметті электрондық форматқа көшіру бойынша «пилоттық жобасы» басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған жоба ҚР Сыртқы және Ішкі істер министрліктерімен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылып жатыр және Қазақстанның Анкара, Ыстанбұл және Анталья қалаларындағы шетелдік мекемелеріне жүгінген Қазақстан азаматтарына паспортты 80 күннің орнына 30 күн ішінде алуға мүмкіндік береді.
Бүгінгі таңда электрондық құжаттандыру жүйесі Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктері (Әбу-Даби, Дубай қалалары), Германия (Берлин, Майндағы Франкфурт, Мюнхен, Ганновер қалалары), Корея Республикасы (Сеул қ.), Ресей (Мәскеу қ.), АҚШ (Вашингтон, Нью-Йорк, Сан-Франциско қалалары), Өзбекстан (Ташкент қ.) мен Жапониядағы (Токио қ.) шетелдік мекемелерінде сәтті жұмыс істейді.