Жаңалықтар
Қуаңшылық болған өңірлердегі фермерлерге қарыздарын төлеу мерзімі шегеріледі
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы министрлігі қуаңшылық тәуекелі бар өңірлерде фермерлерге қарыздарын төлеу мерзімін шегеру қадамдары туралы түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қолайсыз климаттық жағдайлардың (малдың қырылуы, құрғақшылық, жем-шөппен қамтамасыз ету проблемалары) салдарынан қалыптасқан мән-жайларда агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау қадамдары ескерілген. Бұл ретте тиісті құжаттарды ұсынған кезде «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның еншілес ұйымдары қарыз алғандардың міндеттемелері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру жөніндегі өтінімдерді қарайды», - деп аталып өткен Ауыл шаруашылығы министрлігінің ҚазАқпаратқа берген мәліметінде.
Осы орайда қарызды жабу мерзімін ұзарту мен қайта құрылымдау туралы өтініш, сондай-ақ форс-мажор жағдайды растайтын жазбаша актілер немесе өкілетті мемлекеттік органдардың өзге де құжаттар қаралады.
«Бұл ретте барлық өтініштер қысқа мерзімде әрі жеке тәртіпте қаралатынын атап өту қажет. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ деректеріне қарағанда, оның еншілес компанияларына өткен жылдың қорытындысы бойынша АӨК саласында құрғақшылықтан зардап шеккен 310 қарыз алушыдан жалпы сомасы 8 663,6 млн. теңгеге өтінімдер келіп түсті. Соның арасында 259 өтінім мақұлданды, 10 өтінім қарастыру кезеңінде, 25 өтінімді клиенттер кері қайтарып алды, 15 өтінім бойынша тиісті құжаттар жинастырылып жатыр, сондай-ақ 1 өтінімге қатысты рұқсат берілмеді», - делінген ведомство мәліметінде.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Маңғыстау облысындағы мал шаруашылығы биыл да қуаңшылықтан жапа шегуі мүмкін.