Жаңалықтар
BEIJING 2022: Спорт па, әлде саяси ойын ба?
Бүкіл әлем назары қайта Қытайға ауды. Бүгін Beijing 2022 қысқы Олимпия ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Дүние жүзі жіті бақылап отырған ойындардың zero COVID ұранымен өтіп жатқаны баршаға мәлім. Ұйымдастыру комитеті сақтық шараларының өте қатаң болатынын әу бастан ескерткен-ді.
Олимпиада қалашығына орналасқан спортшылар, жаттықтырушылар, делегация мүшелері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жергілікті халықпен жүздесу тұрмақ, белгіленген аймақтан сыртқа аттап баса алмайды. Спорт жарысы Қытайда өтіп жатыр демесеңіз, оның қытай көрермені мен жанкүйерлеріне тікелей қатысы жоқ көрінеді. Мұны Бейжіңге барып орналасқан қонақтың барлығы бірдей айтып жатыр. Қонақ үй мен спорт нысандары қоршаулы және күні-түні күзетіледі. Ұйымдастырушылар індеттің таралуын болдырмау үшін осындай шаралар қолға алынғанын айтады.
Шетелдік медиа басылымдар бұл көріністі Қытайдың «Қысқы Олимпиада шары» деп атап кетті. Бұл – сырттан не іштен ешкімге кіруге рұқсат жоқ қолдан жасалған шар дегендері. Бейжіңдегі 2022 жылғы ойындар халықаралық спорт іс-шараларының ішіндегі бақылау деңгейі ең жоғары жарыс болып есте қалатын секілді. Жалпы, коронавирус пандемиясында Олимпиада өткізуге болатынына былтыр Жапонияда көз жеткіздік. Қытай өзіне жүктелген міндетке аса тыңғылықты дайындықпен келгенге ұқсайды.
Ойынға қатысы бар спортшылар, командалардың ресми тұлғалары, БАҚ, еріктілер мен басқаларды қоса алғанда барлығы 60 мыңға жуық адам жұмылдырылған. Бұл жандардың алдағы апталардағы күнделікті әрекеті коронавирусқа тексерілумен басталады. Өткен айдан бастап елге келе бастағандардың арасынан 300-ге жуық адамнан вирус анықталған. Олардың келесі тест нәтижелері теріс болмай, ойынға қосыла алмайды. Нысандардағы жиі дезинфекция секілді сақтық шаралары да мұндай дайындыққа қаншалықты маңыз берілгенін көрсететіндей. Асханадағы тағам таситын, еден жуатын роботтар да жұмысына адал. Олимпиадаға жеткен журналистер мен қонақтардың алғашқы әсері осындай.
Қытайдағы Олимпия ойындарының саяси сипатына келер болсақ, әлемдегі алпауыт елдердің соңғы жылдардағы қарым-қатынасы күрделі екендігі белгілі. АҚШ пен Қытай, АҚШ пен Ресей текетіресін бүкіл әлем бақылап отыр. Олимпиаданың саясиланбауы туралы қанша айтылғанымен, бұл мүмкін болмай тұр. Мәселен, АҚШ Қытайға дипломатиялық байкот жариялап, ойынға өз өкілін жібермейтінін мәлімдеді.
Жақында Қытайдың сыртқы істер министрі ойынның ашылу салтанатына келетін тұлғалардың тізімін жариялады. Хабарламада Бейжіңдегі қысқы Олимпия ойындарының ашылуына 30-дан астам мемлекет, үкімет және халықаралық ұйым басшыларының қатысатыны айтылған. Шақырылған жоғары лауазымды тұлғалар тізімінде Ресей президенті Владимир Путин, Мысыр президенті Әбдел Фаттах Әс-Сиси, Сауд Арабиясы корольдігінің тақ мұрагері ханзада Мұхаммед бен Салман, Қатар әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тани, Абу-Дабидің тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян және Пәкістан премьер-министрі Имран Хан бар.
Сондай-ақ Орталық Азия елдері – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстан басшылары да Олимпиада қонақтары болады. Ақорда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің шақыруымен XXIV Қысқы Олимпия ойындарының ашылу салтанатына қатысу үшін Бейжің қаласына жұмыс сапарымен баратынын хабарлады.
Одан бөлек Польша, Сербия, Сингапур, Аргентина, Эквадор және Моңғолия президенттері де Бейжіңде болады. Халықаралық ұйымдардан қонақтар қатарында БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш, БҰҰ Бас Ассамблеясының төрағасы Абдулла Шахид және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус бар.
АҚШ-пен қоса Аустралия, Бельгия, Канада, Дания, Эстония, Германия, Жапония, Литва мен Ұлыбритания басшылары да Қытайда адам құқығы шектелді делінген айыпқа байланысты өз өкілдерін жібермейтінін мәлімдеген. Осылайша, әлем елдерінің көшбасшылары ойынды саясиландырғанға ұқсайды. Жақын күндері Си Цзиньпин мен Владимир Путин кездесуінің маңызы спорт жарыстарынан кем түспейін деп тұр.