Жаңалықтар
Мемлекет басшысы Қазақстандағы бизнесті тексеруді репрессиямен салыстырды
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратураның, облыстардағы және республикалық маңызы бар қалалардағы прокуратуралар басшыларының қатысуымен өткен кеңесте азаматтар мен кәсіпкерлердің құқығын мүлтіксіз қорғауды тапсырды, деп хабарлайды Kazpravda.kz ҚР Мемлекет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президенттің ақпаратынша, Өткен 10 жыл ішінде мемлекеттің бизнесті қолдау жөнінде жүргізген жұмыстарының арқасында кәсіпкерлерді тексеру 3 есеге азайды. Мемлекет басшысының айтуынша, енгізген мораторий өз тиімділігін көрсетті. Нәтижесінде шағын бизнестің субъектілерін тексеру былтырдың өзінде 5 есеге қысқарды. Бірақ заңсыз тексерулер әлі де жалғасуда.
"Соңғы 3 ай ішінде бизнесті қолдау жөніндегі мобильді топқа осындай деректер бойынша кәсіпкерлерден 500-ден аса шағым түскен. Бақылаушы органдардың болмашы себептің соңын нағыз репрессияға айналдырып жіберетін жағдайлары жиі кездеседі. Құжаттар тартып алынады. Ал оны кәсіпкерлер айлап қайтарып ала алмай жүреді. Жұмыс істеудің орнына бүкіл қызметкер тергеуде болады. Мұндай келеңсіздіктерге жол беруге болмайды. Прокурорлар кәсіпкерлер мен барлық құқық қорғау органдарының арасындағы қатынастарда заңдылықтың мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуге міндетті", — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілердің бизнеске заңсыз араласып, оның жұмысына кедергі келтіруі ауыр қылмыс ретінде қарастырылуға тиіс екенін тағы бір мәрте елдің есіне салды.
"Бұл құр даңғаза сөз емес, нақты іске шақыру. Прокуратура органдары осыны есте ұстауы керек. Оның үстіне бұл мәселе заңнамалық тұрғыдан рәсімделеді. Бұл экономикалық өсімнің қарқыны төмендеген кезде өте өзекті мәселеге айналып отыр", - деп түйді Президент.