№ 12 (180)
желтоқсан, 2024г.

Жарнама агенттігі

Біз жарнама нарығында ұсынылатын қызметтер сапасын үнемі арттырып отырамыз. Жарнама бизнесінде бірнеше жыл бойы жұмыс істей отырып,  біз – жарнама науқанының ойдағыдай болуының кепілін жарнама көлемінің орынды теңгерімі мен жарнама инновацияларын пайдалану айқындайды деген қорытындыға келдік.

БАСПА ЖӘНЕ ЭЛЕКТРОНДЫҚ
БАҚ-ТАҒЫ ЖАРНАМА

Жаңалықтар

Шалғай елмен де жақындасуға болады

17.04.2012

Сенбі, 14 Сәуір, 2012
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Индонезияға мемлекеттік сапары барысында осының жолдары қарастырылды

Бұрнағы күні кешкісін ұшақтан трапқа аяқ басқан алғашқы сәттен-ақ түн қараңғылығы әлдеқашан қоюланғанына қарамастан, алдымыздан ылғалды ыстық леп ұрып қоя берді. Қыс дегеннің, қар дегеннің не екенін білмейтін, жан-жағын теңіз қоршап жатқан арал елдерде ылғалдылықтың мөлшерден тыс көп болуы қалыптасқан жағдай. Міне, Джакартада да су шүберек далада 30 градустан астам ыстық болса да, күні бойы кеппей, дымқылданып тұратыны ылғалдылықтың аса жоғары болуынан. Демек, бұл елде ғимараттар ішінде кондиционерсіз жүріп-тұру мүмкін емес екендігі түсінікті болса керек.

17 508 АРАЛДЫ ЖАЙЛАҒАН ЕЛ

Индонезия – Жаңа Гвинея аралының батыс жағындағы әлемдегі аса ірі Малай архипелагындағы 17 508 аралда орналасқан шашыраңқы мемлекет. Малайзиямен, Папуа-Жаңа Гвинея және Шығыс Тимормен құрлықтық шекарасы бар. Құрғақтағы аумағы – 1,9 млн. шаршы шақырым (әлемде 15-ші орын). Индонезия Оңтүстік-Шығыс Азиядағы аса ірі мемлекет болып табылады. 7,9 млн. шаршы шақырымды құрайтын теңіз акваториясының барлығы ерекше экономикалық аймаққа жатады.

Ел 33 әкімшілік бірлікке бөлінеді. Оның 31-і провинция, 2-і ерекше әкімшілік округ. Бұл екі округ – Джакарта және Джокъякарта. Астанасы – Ява аралында орын тепкен Джакарта қаласы. Онда 10 млн. халық тұрады. Ел тұрғындарының жалпы саны 250 млн. адамды құраса, бұл – әлемде 4-ші орын деген сөз. Халқы 150 ұлыс пен этностық топтардан тұрады. Оның ішінде явалықтар (45%), сундылар (14%), мадурлар (7,5%), малайлар (7,5%) көпшілік саналса, қалғандары шамамен 5 млн. адам Қытайдан, Йеменнен, Үндістаннан және т.б. елдерден шыққан шағын этностар өкілдері болып табылады.

Индонезиялықтардың 85%-ы ислам, 9%-ы христиан, шамамен 2%-ы индуизм діндерін тұтынса, қалғандары буддизм, конфуциандық және анимизм тармақтарын жандарына жақын көреді. Ресми тілі – индонезия тілі (малай тілінің диалектісі), ағылшын тілі кеңінен тараған. Бұл жәйт әуежайға аяқ басқаннан-ақ бірден байқалады.

Ұлттық мерекесі – ел тәуелсіздігі жарияланған 1945 жылдың 17 тамызы. Фашистік Германия тізе бүгіп, Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған, АҚШ Жапонияға атом бомбаларын тастаған тұста, тәуелсіздік алған Индонезия халқы қуаныш құшағында жүрсе керек.

Индонезия – басқарудың президенттік пішініндегі унитарлы республика. 2004 жылдың 20 қазанынан бері С.Б.Юдойоно ел президенті. Ол 2009 жылдың 8 шілдесінде екінші мерзімге қайта сайланған. С.Б.Юдойоно бір мезгілде үкімет басшысы және қарулы күштердің бас қолбасшысы болып табылады. Екі палатадан тұратын ел парламентінде 678 депутат бар.

Енді аз-маз ел тарихына үңілсек, Индонезияның жағалау аудандарында алғашқы мемлекеттік құрылымдар II-V ғасырларда пайда болыпты. Индонезия теңізшілері мен саудагерлері Шығыста сауда делдалдары рөлін атқарған негізгі топтардың бірі екен. Ал елге исламның ықпалы XIV ғасырларда күшейе түскен. Ол Үндістан мен Малаккадан тараған.

2011 жылдың қорытындысы бойынша елдің ІЖӨ-сі 823 млрд. АҚШ долларын құрапты. Жан басына шаққандағы ІЖӨ 4,4 мың долларға жетіп жығылады екен. Егер бұл көрсеткішті жан басына шаққандағы ІЖӨ 11 мың долларды құрап отырған Қазақстанмен салыстырсақ, айырмашылықтың айтарлықтай екені бірден көзге ұрады. Елдегі жұмыссыздық 7,1% төңірегінде. Индонезияда 250 млн. халық тұратынын ескерсек, жұмыссыздықтың деңгейі соншалықты жоғары емес екенін аңғарасыз. Бірақ индонезиялықтардың 42,3%-ы кедейшілік шегінде өмір сүрсе, олардың 11,5%-ы ыңыршағы шыққандар екен.

Ал елдегі экономиканың өсімі біршама тәуір – өткен жылы ол 6,5% болыпты. Бір атап көрсетерлігі, өнеркәсіп нысандарының 95 пайыздан астамын отбасылық, шағын және орта кәсіпорындар құрайтын көрінеді. Олар жиынтық ІЖӨ-нің шамамен 40%-ын өндіріп, 75 млн. адамға жұмыс тауып беріп отыр екен. Ірі өндіріс орындарында жұмыс істейтіндер бар-жоғы 300 мың адам ғана. Ел үкіметінің болжауынша, 2012 жылы ел экономикасының өсімі 6,7%-ға жетпек.

Ерекше атап көрсететін бір жәйт – Индонезия ынтымағы жарасқан тұрақты мемлекеттер қатарында. Ел үкіметі негізгі күш-жігерін коррупциямен, сепаратизммен және экстремизммен күреске, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге жұмсап отыр.

Соңғы жылдары Индонезия халықаралық аренада жоғары белсенділік көрсете бастағандай. Мұны 2006-2008 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына тұрақты емес мүше ретінде қатысуымен және әлемдегі аса ірі «Жиырма» экономика қатарына шақырылуымен түсіндіруге болатындай.

ҚАТЫНАСТАРҒА АРА ҚАШЫҚТЫҚ КЕДЕРГІ БОЛМАЙДЫ

Ал кеше түс ауа Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Индонезия Президенті Сусило Бамбанг Юдойономен кездесіп, келіссөз жүргізді. Онда басты назар Қазақстан мен Индонезия арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынастарды түрлі сала бойынша сапалық жаңа деңгейге көтеру мәселелеріне аударылды. Әрине, екі ел бірінен бірі тым шалғай жатыр. Бірақ іс тетігін таба білген жағдайда ара қашықтық кедергі бола алмайды.

Келіссөз тұтастай алғанда, өзара құрмет пен түсіністік жағдайында өтті. Индонезия Президенті С.Юдойоно Қазақстан басшысының мемлекеттік сапар жасап отырғанына ризашылығын білдіре келіп, бұл сапардың екіжақты қатынас­тарды дамытуға соны серпін қосатынына сенім артатынын жеткізді. Қазақстанда қандай әлеует бар екенін, қай бағыттарда жұмыс істеуге болатынын кеңінен әңгімеледі. Жалпы, сапар маңызы жоғары. Қазақстан өңірлік және жаһандық ауқымда салмақты ойыншы болып табылады. Сондықтан мұндай елмен ынтымақтастық қарым-қатынас орнату Индонезия үшін зор маңызға ие.

Индонезия басшысы, әсіресе, инвестиция мен сауда-саттық салаларында, сондай-ақ мұнай барлау мен өндіру ісінде күш біріктіріп жұмыс істеген тиімді болады деп есептейтінін мәлімдеді. Әрине, Қазақстаннан астық сатып алу жайы да назардан тыс қалған жоқ. Сонымен қатар, өркениеттер альянсындағы ынтымақтастық мәселесі қозғалды. Қазақстан Президентінің жеке бастамасымен ұйымдастырылып жүрген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің халықаралық толеранттылық үдерісіне үлкен үлес болып қосылып келе жатқанына тоқталды.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапар жасауға шақырған Индонезия Президентіне шынайы ризашылығын білдіре келіп, мәселелердің кең ауқымы талқыланғанын атап көрсетті. Қазақстанда, деді Елбасы Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 2030 жылы әлемдегі аса дамыған мемлекеттер санатына қосылатын боламыз. Алдағы жылы екі ел арасында дипломатиялық байланыс орнағанына 20 жыл толады. Бұл – қарым-қатынасымызды жандандыра түсуге жақсы себеп. Жақында Джакартада елшілік ашып, елші тағайындадым. Бұл жәйт те екіжақты байланыстарды жақ­сарта түсуге септігін тигізетіні күмәнсіз.

Нұрсұлтан Әбішұлы келесі кезекте екі ел алдында ұқсас міндеттер тұрғанын атады. 2013 жылы Индонезияның Қазақстандағы, ал 2014 жылы Қазақстанның Индонезиядағы күндерін өткізуге келістік. Бұл да екі ел арасындағы байланыстарды жандандыра түсуге оң ықпал ететін болады, деді Қазақстан басшысы.

Елбасы екеуара келіссөз барысында энергетика, мәшине жасау, шағын және орта кәсіпкерлік бағыттарындағы ықпалдастық мәселелеріне де баса назар аударылғанын атап өтті. Қазақстанның Индонезиямен БҰҰ, ИЫҰ, АӨСШК, т.б. халықаралық құрылымдардағы ынтымақтастығын тереңдете түсуге ұмтылатын боламыз. Индонезияның АӨСШК-ге толыққанды мүше болғанын қалаймыз, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейін Қазақстан Президенті Н.Назарбаев пен Индонезия Президенті С.Юдойоно Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Ал екі елдің Сыртқы істер министрлері Е.Қазыханов пен М.Наталегава екі құжатқа қол қойды. Олар Дипломатиялық және қызметтік паспорттар иелерін виза ресімдеуден босату туралы екі ел үкіметтері арасындағы келісім мен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Индонезия Республикасы Сыртқы істер министрлі­гінің арасындағы екіжақты ынтымақтастыққа ниеттестік туралы хаттама.

Қарым-қатынасымыз хақында бірер сөз

Қазақстан Республикасы мен Индонезия Республикасы арасындағы диплома­тиялық қарым-қатынас 1993 жылдың 2 маусымында орнаған. 1996 жылы Қазақстан Республикасының Малайзиядағы елшісі өз қызметін Индонезияда қоса атқаратын болып тіркелді. Ал 2009 жылдың 23 желтоқсанында Индонезия Президенті Қазақстан Республикасында өз елінің елшілігін ашу туралы жарлыққа қол қойды. 2010 жылдың қарашасынан бері Индонезияның Қазақстандағы уақытша өкілі қызметін Ирван Идинг атқарып келеді.

Қазақстан-Индонезия қарым-қатынасындағы маңызы жоғары оқиғалар ретінде Индонезия Президенті М.Сухартоның 1995 жылдың сәуірінде Қазақстан Республикасына ресми сапары мен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың сол жылдың маусымында Индонезияға жауап сапарын атаған жөн.

1994 жылдың тамызында Қазақстан Республикасының сол кездегі Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев Индонезияда ресми сапармен болды. 2008 жылдың мамырында Қазақстанда жұмыс сапарымен Индонезия Сыртқы істер министрі Х.Вираюда болып қайтты. 2006-2007 жылдары Астанада Қазақстан мен Индонезия сыртқы істер министрлері арасындағы консультациялардың бірнеше раунды жүзеге асты.

Деректерге қарап отырсақ, 1995 жыл мен 2006 жыл аралығында екі ел қарым-қатынасында үзіліс орын алғаны байқалады. Оған түрлі себептер де болған шығар. Сол 2006 жылдан бастап қос тарап өзара байланысты қайта жандандыруды жөн деп тапқан секілді. Өйткені, барыс-келіс, алыс-беріс болмаса, жақынның өзі жат болатыны бар.

2006-2007 жылдары Астанада Қазақстан-Индонезия сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялардың бірнеше раунды ұйымдастырылды. Екі елдің көпжақты пішіндегі ынтымақтастығы дамып келеді. Қазақстан Индонезияның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне, 2006-2010 жылдардағы Телекоммуникациялар жөніндегі халықаралық одаққа, Ауыл шаруашылығын дамыту жөніндегі халықаралық қорға, Халықаралық пошта одағына кандидатурасын қолдады. Индонезия өз кезегінде Қазақстанның АСЕАН-ның қауіпсіздік жөніндегі өңірлік форумға өтуіне қолдау көрсетуде.

Индонезия Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК) байқаушы мәртебесіне ие және форум жұмысына белсенді қатысып келеді. Джакарта сондай-ақ Астананың Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізу бастамасын қолдап келеді. 2009 жылдың 1-2 шілдесі күндері өткен ІІІ съезге Индонезия тарапынан Ислам ғалымдары халықаралық конференциясы бас хатшысының орынбасары профессор М.Абдилла қатысты.

Партияаралық байланыстар даму үстінде. 2009 жылдың 15-16 мамырында Астанада «Нұр Отан» ХДП-ның ХІІ съезі өткені белгілі. Міне, осы шараға парламенттік «Голкар» партиясы бас хатшысының орынбасары Р.Азвар мен аталған партия орталық аппаратының мүшесі Д.Фикарно қатысты.

Ал 2011 жылдың 4-5 сәуірінде саяси консультациялар өткізу, сол жылдың 7-9 мамыры аралығында өткен VІІ Бүкіләлемдік ислам экономикалық форумына шақыруды тапсыру және 28-30 маусымда болған Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясына қатысу үшін Қазақстан Сыртқы істер министрінің сол кездегі орынбасары Е.Қазыханов Джакартада болып қайтты.

Өткен жылдың маусымында VІІ Бүкіләлемдік ислам экономикалық форумы жұмысына қатысу үшін Астанаға Индонезияның вице-президенті доктор Будионо сапар жасады. ИЫҰ СІМК 38-сессиясына Индонезияның Сыртқы істер министрі Марти Наталегава қатысты. Сапар аясында индонезиялық министр Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы Е.Қазыхановпен кездесті.

Мұндай барыс-келістер үстіміздегі жылы да жалғасты. Мәселен, 8-12 наурыз аралығында біздің елімізде құрамына Индонезия сыртқы істер министрінің орынбасары М.Супрапто мен Индонезия бизнес-қауымдастығының өкілдері енген Экономика жөніндегі үйлестіруші министрдің орынбасары Р.Лукман бастаған ресми делегация болып қайтты. Сапар барысында бірқатар екіжақты кездесулер өткізілді, оның аясында Қазақстан-Индонезия Іскерлік кеңесінің тұсаукесері ұйымдастырылды.

Енді экономикалық ынтымақтастық мәселесіне қысқаша тоқтала кететін болсақ, екі ел арасындағы өзара сауда-саттық көлемі 2010 жылы 23 млн. 828 мың доллар (экспорт – 327,3 мың доллар, импорт – 23,5 млн. доллар) болса, былтырғы сауда айналымы 35 млн. 157,3 мың долларға (экспорт – 7 млн. 940 мың доллар, импорт – 27 млн. 217,3 мың доллар) жетті. Ал қолда бар мәліметтерге сүйенсек, үстіміздегі жылдың алғашқы айындағы Қазақстан-Индонезия арасындағы алыс-берістің көлемі 1 млн. 441,6 мың долларды (негізінен, экспорт) құраған.

Қазақстаннан Индонезияға негізінен металл бұйымдары экспортталады. Ал Индонезиядан Қазақстанға тоңазытқыш құрылғылар, мал және өсімдік майлары, қағаз бен картон өнімдері импортталады.

1995 жылғы шілдеде Алматыда Индонезия Сауда министрі Р.Ами бастаған бизнесмендер делегациясы болып қайтқан екен. Сол сапар аясында Қазақ­станның Сауда-өнеркәсіп палатасының және бірқатар салалық министрліктер басшылығымен кездесулер өткізіліпті. 2008 жылдың мамырында Қазақстанда мұнай өндіру және өңдеу, тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылымдық дамыту және коммуникациялар салаларындағы өзара ынтымақтастық перспективаларын бағамдау мақсатында индонезиялық бизнесмендер делегациясы да болып қайтқан-тын.

Өткен жылдың қазанында Қазақстанда Индонезияның еліміздегі Құрметті консулы офисінің өкілі А.Виджаей бастаған ірі бизнесмендер делегациясы келіп, бірлескен бизнес-жоспарларды жүзеге асырудың перспективаларын зерттеді.

Статистикалық мәліметтерден айқын көрініп тұрғанындай, екі ел арасындағы экономикалық және басқа да бағыттардағы байланыстар соншалықты жақсы жолға қойылған деп айта алмасақ керек. Алыс-берісте экспорттан гөрі импорттың анағұрлым басым екені де көңілге көлеңке түсіретіні рас. Ал Елбасының осы сапары ынтымақтастық арнасын кеңейтуге бағытталғаны, сондықтан таяу болашақта алыс-беріс көлемін арттыра түсуге септесетіні күмәнсіз.

ҚАЗАҚСТАН АСТЫҒЫ ҚЫЗЫҚТЫРАДЫ

Ертеңгісін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сапары Джакартаның оңтүстік бөлігінде орналасқан Индонезия батырларына арналған Калибата мемориалды зиратына гүл шоқтарын қоюдан басталған болатын. Зиратқа ел тәуелсіздігі жолындағы соғыстар мен қақтығыстарда қаза тапқан 7000-нан астам адам жерленіпті. Калибатаға сондай-ақ екінші дүниежүзілік соғыстан кейін өз еріктерімен Голландияның отарындағы елде қалып, Индонезияның тәуелсіздігі үшін күрескен жапондық император армиясының ардагерлері қойылыпты. Осы майданда голландықтармен 3000 шамалы жапон еріктілері шайқасса, солардың 1000 шақтысы құрбан болған екен. Индонезия тәуелсіздігін жариялаған соң, тірі қалғандарының жартысы Жапонияға оралса, жартысы осында қалып, тағдырларын Индонезиямен байланыстырыпты.

Нұрсұлтан Назарбаев мемориалды зиратқа гүл шоқтарын қойғаннан кейін «Индонезия Кемпински» қонақ үйінде Индонезия Үкіметінің Экономика жөніндегі үйлестіруші министрі Раджаса Хаттамен кездесіп, келіссөз жүргізді. Онда Қазақстан мен Индонезия арасындағы экономикалық байланыстарды жандандыра түсу жайы қозғалды. Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыруға мүдделілік танытты.

Р.Хатта инвестициялық және сауда-экономикалық байланыстарды дамыту екі ел үшін де пайдалы болатынын атап өтті. Әзірше екі ел арасындағы алыс-беріс көлемі көңіл көншітерліктей деңгейде емес. Сондықтан Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бұл сапары Қазақстан мен Индонезия қарым-қатынасына соны серпін қосады деп сенемін, деді Р.Хатта.

Н.Назарбаев жоғарыда аталған қонақ үйдің арнайы залында Индонезияның жетекші компаниялары ұйымдастырған көрмеге келіп, онда қойылған түрлі өнімдермен мұқият танысты. Елбасын, әсіресе, жеңіл және жүк көліктеріне шина шығаратын «Multistada» компаниясының өнімдері қызықтырды. Басқа бағыттардағы компаниялардың өнімдеріне де ерекше назар аударды.

Біз Елбасы көрмені тамашалап болғаннан кейін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаевқа жолығып, көрме туралы пікірін сұраған едік. Ол былай деді: «Жалпы, бұл сапар Қазақстан үшін қай жағынан тиімді? Біріншіден, логистика үшін пайдасы зор. Сондықтан осы бағытта ынтымақтастық орнатқан тиімді. Екіншіден, Қазақстанға инвестиция салуға мүдделілік танытып отырған компаниялар көп. Әсіресе, химия өнеркәсібі саласында. Үшіншіден, Индонезия тарапы бізден бидай алғысы келеді. Бұл ел жылына 4 млн. тонна бидай өнімдерін тұтынады. Әлгінде Қазақстаннан 300 мың тонна бидай экспорттау туралы әңгіме қозғалды. Бірақ екі ел бір-бірінен аса шал­ғайда жатыр. Сондықтан бидайды аз шығынмен жеткізудің жолдары қа­растырылатын болады».

«Самұрық-Қазына» қорының басқарушы директоры Әсет Әбдіғаппаровпен әңгімелескенімізде, шина шығаратын компаниямен бірлесіп, Қазақстанда осы өнімді шығару туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін айтты. Инвестиция көлемі 5 миллион АҚШ долларын құрайды екен. Ә.Әбдіғаппаровтың пікірінше, алыс-беріс көлемі бірден артып кетеді деу қиын. Өйткені, жер шалғай. Сондықтан негізгі күшті инвестицияларға, сол арқылы бірлескен кәсіпорындар құруға жұмсаған ұтымды болмақ.

 

Самат МҰСА, «Егемен Қазақстан» – Джакартадан.

Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.

 

www.egemen.kz