Жаңалықтар
Астана өзге қалаларға үлгі болуы тиіс
Бейсенбі, 12 Сәуір, 2012
Кеше Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Астана қаласын одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес болып өтті.
Отырыс басталардан бұрын Елбасы қаланың бас жоспарымен, жол инфрақұрылымын, инженерлік коммуникацияларды және қала тіршілігін қамтамасыз ететін жүйелерді жетілдіру жоспарларымен, сондай-ақ жаңадан салынатын құрылыс макеттерімен және Қазақстан елордасының инновациялық даму жобаларымен танысып шықты.
– Астана қаласы бүгінде тек Қазақстанның елордасы ғана емес, сонымен қатар дүние жүзіне белгілі қалалардың біріне айналып отыр. Бүгінгі күні елорда әлемдегі неғұрлым жедел дамушы болашағы мол қалалардың қатарына қосылды. Мұны халықаралық сарапшылар атап көрсетуде. Өткен жылы Еуропалық сапа менеджменті қоры Астанаға «Жақсы жетілгені мойындалғаны» туралы сапа сертификатын тапсырса, көпшілікке таныс National Geographic журналы біздің астанамызды «Болашақтың жері» және табыс үшін тартымды қала деп атады. Неғұрлым беделді шетелдік агенттік – британдық «Economist» журналы рейтингтік қызметі әлемнің 140 қаласының арасынан Астанаға «Өмір сүрудің тұрмысқа қолайлы деңгейі» деген мәртебе берді, – деді Елбасы кеңесті ашардағы сөзінде.
Мұнан кейін Елбасы былтырдың өзінде елордада республикалық кардиологиялық орталық, Оқушылар сарайы секілді бірегей нысандардың ашылғандығына тоқталып өтті.
– «Жас ұлан» мектебі, «Зүбәржат орамы», «Медиаорталық», «Салтанат аркасы» – бұлардың барлығы біздің елордамыздың көрнекті нысандары болып табылады. Осындай жетістіктердің барлығына мемлекет экономикасының дамуы, барша астаналықтардың белсенді жұмысы нәтижесінде қол жеткізілді. Қарқынды өсіп келе жатқан Астана – еліміздің көркеюінің белгісі. Дағдарыс кезінің өзінде біз елорда құрылысын, оның өсіп-өркендеуін тоқтатқан жоқпыз. Сөйтіп, Сарыарқаның төсінде сәулетті шаһар орнаттық. Жаңа нысандар, тұрғын үйлер салдық. Елорда барлық салада бүкіл еліміз үшін үлгі болып, Қазақстанның өркендеп, дамуының белгісі болып қала береді. Бүгінгі кеңесте қаланың одан әрі өсу жағдайын талқылайтын боламыз, – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Президент алдын ала есептеулер бойынша Астананың өңірлік ішкі жалпы өнімінің көлемі өткен жылы 2 триллион теңгені құрағандығын айтып өтті. Бұл жан басына шаққанда 18 мың доллардан айналатын көрсеткіш. Соның ішінде өнеркәсіптік өнімнің көлемі 25 пайызға өссе, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 30 пайызға жуық көтерілген. Тек бір жылдың өзінде ғана 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 900 миллиард теңгенің өнімдерін өндірген.
2011 жылы Астана қаласының бюджеті бүтіндей алғанда 353 миллиард теңгені құрады. Оның жан басына келетін көрсеткіші бойынша Астана Прага қаласымен теңесті. Қазіргі күні Астана қаласының бюджеті көлемі бойынша Киев қаласынікінен 1,5 есе, Минскіден 2,5 еседей артық.
Сонымен қатар, Астана қаласының ел экономикасына қосып отырған үлесі де зор. Мәселен, өткен жылы қала бойынша 434 миллиард теңгенің салығы мен түсімі жиналды. Бұл 2010 жылғы көрсеткіштен 40 пайызға артық.
Қала дағдарыс кезінің өзінде жоғары даму қарқынын сақтап отырды. Соның нәтижесінде 2008 жылмен салыстырғанда Астананың өңірлік жалпы өнімінің көлемі 60 пайызға өсті. 5,2 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. Осылардың барлығы Астана қаласының жедел дамып келе жатқандығын әйгілейтін көрсеткіштер.
Мұнан кейін Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Мемлекет басшысын қаланың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайымен, инфрақұрылымдарды дамыту жөніндегі ірі жобалардың жүзеге асу барысынан, құрылыс және әлеуметтік салалардың даму бағыттарынан жан-жақты хабардар етті.
Өзіңіздің тікелей басшылығыңызбен өтетін мұндай келелі кеңестердің қай-қайсысының да елордамыздың бүгінін бүтіндеп, ертеңін айшықтаудағы маңызы қашанда зор. Оны уақыт пен осы аралықта атқарылған жұмыстың нәтижелері көрсетіп отыр, деп бастады сөзін Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Мемлекет басшысының қатысуымен өткізілген елорданы одан әрі дамыту мәселелеріне арналған кеңесте.
Алдымен қаламыздың өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы макроэкономикалық мәселелеріне келетін болсақ, 2011 жылдың қорытындысы бойынша өңірлік жалпы өнім көлемі 1 триллион 900 миллиард теңгені құрап, 2010 жылғы көрсеткіштен 7,5 пайыз артық орындалды, деп атап көрсетті қала әкімі баяндамасында. Өткен жылы өнеркәсіптік өндіріс көлемі 163,7 миллиард теңгені құраған. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда 21,4 пайыз өсімді көрсетеді. Қаладағы өнеркәсіптік қайта өңдеу кәсіпорындары 131,9 миллиард теңгенің тауарларын өндіріп, қызметін көрсеткен. Сөйтіп, нақты көлем индексі 128,7 пайыз болған.
2011 жылы жалпы Астана қаласы бойынша мемлекеттік бюджетке 434,4 миллиард түсім түскен. 2010 жылмен салыстырғанда, мемлекеттік кіріс түсімінің көлемі 121,9 миллиард теңгеге ұлғайған. Жергілікті бюджет кірісі 2011 жылы 95,9 миллиард теңге болған. 2010 жылмен салыстырғанда кірістер түсімі 15,6 миллиард теңге артық болды. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 570,2 миллиард теңгені құрады, бұл 2010 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 135,7 пайызға артық. Республика бойынша негізгі капиталға тартылған инвестицияның жалпы көлемі бойынша Астана қаласының үлесі 11,4 пайызға жетті. Бұл көрсеткіш 2010 жылы 8,2 пайыз болатын. Астана қаласы жақын және шетелдермен сауда байланысын жылдан-жылға нығайтып келеді. Міне, осындай ынтымақтасты байланыстардың нәтижесінде сыртқы сауда айналымы 2010 жылмен салыстырғанда 1,2 есеге өсіп, 2011 жылы 7,7 миллиард АҚШ долларын құрап отыр.
Стратегиялық мақсат тұрғысынан келгенде қаланы электр және жылу энергиясымен қамтамасыз ету үшін жаңа энергия көзі – №3 ЖЭО-ның құрылысы маңызды басымдыққа ие, деді одан әрі Иманғали Тасмағамбетов. Қазіргі күні бұл ірі жобаның бірінші кезегін іске қосу белсенділікпен жүргізілуде. Ал жобаны толықтай 2015 жылдың тамыз айында аяқтау көзделініп отыр. Сонымен бірге, қолда бар энергия көздері №1 ЖЭО және №2 ЖЭО-ларды кеңейту және қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл шаралардың бәрі, ең алдымен, жылу энергиясының тапшылығын жою мәселелерін шешуге және сенімді энергия көздерін орнықтыруға бағытталған.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің тікелей тапсырмаңызбен, қолданыстағы электр тарату желілерінің өткізу қабілетін 500 МВт-дан 1200 МВт-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін ВЛ-220 кВ электр қуатын тарату сақинасының құрылысын салу жобасы қолға алынды, – деді одан әрі баяндамашы. Қазір бұл жобаның бірінші кезегі іске асырылуда. Ол толықтай үстіміздегі жылдың шілде айында пайдалануға берілмек. Сонымен бірге, бұл жобаның екінші және үшінші кезегін салу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Ол 2010 жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп жобалануда. Дегенмен, қазіргі кезде қаланың электр қуатына деген тапшылығы елеулі болып отыр. Бүгінде ол 135 МВт-ны құрайды.
Қаланың энергетикалық жүйесін кешенді түрде қайта құру құрылыс жұмыстарын одан әрі кең көлемде дамытуға мүмкіндік береді. Астана қаласының құрылыс саласында, жалпы алғанда, соңғы үш жылда 4 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Таяу арадағы 3 жыл ішінде әртүрлі қаржы көздерінің есебінен 5 миллион шаршы метр тұрғын үй іске қосылатын болады. Тұрғын үй құрылысының 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы толығымен жүзеге асырылды. 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама үстіміздегі жылдың шілде айында аяқталады.
Сөз реті келгенде үлескерлер мәселесіне ерекше тоқталғым келеді, деп жалғастырды сөзін баяндамашы. 2008-2009 жылдар аралығында Астана қаласында үлескерлердің қатысуымен салынып жатқан 243 проблемалы тұрғын үй кешендерінің мәселесі толықтай шешілді. Сізге қала тұрғындарының атынан ерекше алғыс сезімімізді білдіремін. Сіздің тікелей қатысуыңызсыз 40 мыңнан астам қала тұрғындарының мүддесі тоғысқан бұл күрделі проблеманы ойдағыдай шешу мүмкін емес еді. Бүгінде олардың бәрі көптен күткен пәтерлеріне ие болды.
Сонымен бірге, қалада үлескерлердің қатысуымен салынып жатқан тағы да 7 проблемалы нысан бар. Бұлар құрылыс салушылардың өз қаржысы есебінен аяқтауға мүмкіндіктері жетпеген құрылыс нысандарының есебінен соңғы уақытта пайда болды. Әрбір проблемалы нысан бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Қазір бұл құрылыс нысандарында жұмыс қызу қарқынмен жүргізіліп, үстіміздегі жылдың ортасына таман толық пайдалануға берілмек. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен қолға алынған қаладағы «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасы 4 бағыт бойынша жүзеге асырылуда. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы несиелеу жүйесі бойынша үш жылда 1500 пәтер салынады. Үкімет әзірлеген «Қолжетімді тұрғын үй–2020» бағдарламасын жүзеге асыру үшін жер телімдері бөлінді. Мемлекеттік қордан жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы бойынша үш жылда 3000 пәтер пайдалануға беріледі. Сондай-ақ «Хан Шатыр» кешені мен Қабанбай батыр даңғылынан батысқа қарай Халықаралық әуежайдан Сығанақ көшесіне дейін «Мыңжылдық Аллеясы» аумағын қарқынды түрде игеру жұмыстары басталды. Бұл аумақта 8,5 миллион шаршы метр тұрғын үй құрылысын салу жоспарлануда.
Астана қаласында тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтумен қатар маңызды ғимараттар құрылысын дамыту жұмыстары да жүзеге асырылуда. Үстіміздегі жылы Әзірет Сұлтан атындағы үлкен мешіт және Классикалық опера және балет театрларының ғимараттары пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда бұл құрылыс нысандарының сапасына ерекше көңіл аударылуда. Өткен жылы қалада тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын кешенді қайта құру мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 12 көп қабатты тұрғын үйдің төбесі мен шатырлары, кіреберіс, жертөле орын-жайлары, су, кәріз және басқа инженерлік желілер күрделі жөндеуден өткізілді. Ал ағымдағы жылы осындай тағы да 50 көп қабатты тұрғын үйлер күрделі жөндеуден өткізілетін болады.
Елорданың әлеуметтік саласы әлеуетін арттыру мақсатында да кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте мектеп және мектепке дейінгі балалар мекемелеріндегі орын тапшылығы мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. «Балапан» бағдарламасының шеңберінде 2011 жылы түрлі типтегі 33 мектепке дейінгі мекеме ашылды. Барлығы екі жылда 83 балабақша пайдалануға беріліп, 20 мыңнан астам қосымша орын құрылды. 2011 жылдан арнайы балабақшалар құру бағдарламасы басталды, оның шеңберінде 156 орындық тірек-қозғалыс аппараты зақымданған балаларға арналған маманданған тұңғыш балабақша пайдалануға берілді. Бұл жұмыс биыл да одан әрі жалғастырылуда. 2011 жылы тек мемлекеттік бюджет есебінен 3 мың орынға есептелген 10 балабақшаның құрылысы басталды.
Соңғы үш жылдың ішінде қалада 8 мектеп салынған, әйтсе де, оқушылар орнының тапшылығы 2011 жылы 14 мыңды құрады. 2012 жылы бұл көрсеткішті шамамен үштен бірге қысқарту міндеті қойылды, осы мақсатта 5 мектеп – Күйгенжар кентінде, Манас-Момышұлы көшелері қиылысатын тұста, «Батығай» тұрғын үй кешенінің тұсында, №6 мектеп-гимназиясы мен №19 мектепке жапсарлас мектеп ғимараты салынып жатыр. Бұлардан басқа, биыл тағы екі мектептің – сол жағалаудағы 4-шағын ауданда және «Железнодорожный» кентінде жаңа мектеп құрылысы басталады. Жалпы алғанда, бұл 6,7 мың жаңа оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді.
Соңғы үш жыл ішінде елордада 10 әртүрлі дәрежедегі емдеу орталығы пайдалануға берілді. Бүгінде қаланың қолда бар төсек қоры тиісті нормативке сәйкес келеді. Тек өткен жылдың өзінде 500 төсек орны, 64 мың шаршы метр аумағы бар №1 қалалық аурухана пайдалануға берілді. Үстіміздегі жылы тағы 3 жаңа медицина мекемесі іске қосылмақ. Атап айтқанда, Оңтүстік-Шығыс шағын ауданында амбулаториялық емхана кешені, 250 орындық балалардың жұқпалы ауруларға қарсы ауруханасы, ауысымда 250 адамды қабылдайтын кеңестік-диагностикалық емханасы бар 350 орындық көп салалы қалалық балалар ауруханасы пайдалануға беріледі. Қазіргі кезде қалада емхана мекемелерінің жетіспеушілігі ерекше сезілуде. Жағдайды қалыпқа келтіру үшін 2015 жылға дейін елордада 12 емхана салынуға тиіс. Бүгінде екі емхана құрылысы салынып жатса, енді біреуінің құрылысы биыл басталмақ.
Сонымен бірге, баяндамашы өз сөзінде қаланың санитарлық тазалығын одан әрі жақсарту мақсатында қолға алынған шараларға да тоқталып өтті. Бұл ретте ағын суларды жинақтайтын Талдыкөл жинақтағышын жою мәселесі тілге тиек етілді. Бұл өте ауқымды жобаны іс жүзіне асыру 2011-2015 жылдардың үлесіне тиеді. Астана қаласын одан әрі дамытудың стратегиялық жоспарында жол-көлік саласын дамытуға да басымдық берілген. Бұл ретте соңғы жылдары қарқынды басталған қаладағы жолдарды жөндеу және жаңа жолдар салу шараларының қарқыны бәсеңдетілмейді. Жыл сайын елордада 120 шақырымға жуық жолдар жөнделеді және салынады.
Қаладағы көлік тасқыны кептелісін азайту мақсатында кешенді шаралар жүзеге асырылды және алдағы уақытта жалғасын табатын болады. Қазір қалада 16 жол айырығынан және көпірлерден тұратын ұзындығы 28 шақырымды құрайтын Кіші көлік сақинасының құрылысы жүргізілуде. Бүгінге дейін 13 шақырым жол құрылысы салынып, 8 инфрақұрылымдық нысандар іске қосылды. Биылғы жылы жалпы ұзындығы 13,6 шақырымды құрайтын Батыс жартылай сақинасының құрылысы басталмақ. Жол-көлік стратегиясын жүзеге асыруда қаланың шеткі аймақтарының инженерлік инфрақұрылымын жақсартуға басымдық берілуде. Соңғы 2 жыл ішінде елордаға қосылған селолық елді мекендерді кешенді дамыту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Өткен жылы бұл мақсатта 24 шақырым жол және 44 шақырым коммуникациялық жүйелер салынды. Бұл жұмыс биыл да жалғасын табады. 2012 жылы 120 шақырым қала жолдары салынады және күрделі жөндеуден өтеді. Соңғы уақытта қаланың құрамына кірген 20 елді мекенде 45 шақырым жаңа жол құрылысы салынбақ.
«Астана – жаңа қала» еркін экономикалық аймағының қала экономикасын дамытуға қосып отырған үлесі қомақты. Бүгінде еркін экономикалық аймақта жалпы көлемі 200 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған 50 жоба жүзеге асырылуда. Тек 2011 жылдың өзінде инвестиция көлемі 10 миллиард теңгені құрайтын 4 жоба іске қосылды. Ағымдағы жылы инвестиция көлемі 16 миллиард теңгеден асатын 5 жобаны пайдалануға беру көзделінуде. Бұл жобалар мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашып, жылына 40 миллиард теңгенің өнімін шығаруға мүмкіндік береді.
Баяндамашы өз сөзінде Мемлекет басшысының тұрақты назарына алынған Астана қаласының азық-түлік белдеуін дамыту мәселесіне де жан-жақты тоқталып өтті. Қазіргі кезде азық-түлік белдеуі шеңберінде жалпы құны 19,4 миллиард теңгені құрайтын 48 жоба қаржыландырылған. Оның ішінде 31 жоба белсенді жұмыс істеуде. Олар Астана қаласына 12,3 мың тонна азық-түлік өнімдерін жеткізді. Алайда бұл олар өндірген жалпы өнімнің 17 пайызын ғана құрайды. Қалған 83 пайызы өңірдің өз сұранымын қамтамасыз етуге жұмсалады және басқа өңірлерге жөнелтіледі. Сондықтан алдағы уақытта азық-түлік белдеуі шеңберінде жұмыс істеп жатқан шаруашылықтардың өнімдерінің 50 пайызын астаналық рынокқа жеткізуді қамтамасыз ету қажет.
Баяндамашы атап көрсеткендей, есепті кезеңде қаланы абаттандыру және көгалдандыру мәселесіне де айрықша басымдық берілген. 2011 жылы қалада 40 мың ағаш және 72 мың бұта түптері отырғызылған. Бұл 2010 жылмен салыстырғанда екі есе артық. Егер 2010 жылы қалада 7,6 миллион түп гүл отырғызылса, 2011 жылы 8,4 миллион түп гүл отырғызылған. Үстіміздегі жылы бұрынғы жылдары отырғызылған ағаш түптерін және гүлзарларды күтімге алумен қатар, қосымша 40 мың ағаш отырғызылып, 8 миллион түп гүл егілетін болады. Ағымдағы жылдың 21 сәуірінде елордадағы Ботаникалық бақтың құрылысын салу жұмысы нақты бастау алатын болады.
Кеңесте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының басшылығы, өкілетті мемлекеттік органдар алдына Қазақстан астанасын дамыту жөнінде жаңа басымдықтар мен міндеттер қойды.
Бірінші кезекте Президент қолда бар барлық резервтерді мейлінше пайдалануды және барлық нысандарды толық ауқымда қаржыландыруды тапсырды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бірқатар маңызды бағыттар бойынша жұмыстың тиімділігі мен сапасын арттыру қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, ол бюджет қаражатын игеру деңгейінің төмендігіне, жаңа құрылыс нысандарының қымбаттауының жағымсыз тәжірибесіне тоқталды. Оған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев астаналық кәсіпорындардың өндірістік қуатының жеткілікті түрде пайдаланылмайтынына, шетелдік инвестицияларды тарту жұмыстарының нашар жүргізілетініне, бас қаланың азық-түлік импортына тәуелділігіне және Астананың азық-түлік белдеуінің дамымай отырғанына назар аударды. Кеңес барысында жер учаскелерін заңсыз басып алу, ескі және апатты жағдайдағы тұрғын үйлер проблемалары, сонымен қатар пәтер иелері кооперативі қызметін жетілдіру қажеттігі қаралды. Сондай-ақ Президент тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жұмыстары, құрылыстағы ресурс сақтау технологияларын дамыту, энергетикалық кешеннің жұмысына және астаналық қала құрылысының өзге де өзекті мәселелеріне қатысты сын-ескертпелер айтты. Белгіленген барлық проблемалы мәселелер бойынша Мемлекет басшысы тиісті мемлекеттік органдар мен ведомстволарға нақты тапсырмалар берді.
Кеңестегі сөзінде Елбасы Астанада салынған спорт сарайларының халыққа қызмет етпей бос тұратындығын ерекше сынға алды. Бұл сарайлардың халық үшін салынғандығын, сондықтан олардың есігі спортпен шұғылданушы қала тұрғындарына айқара ашық болуы қажеттігін қатты ескертті.
Осы мәселе бойынша залдағы орнынан көтеріліп, түсініктеме берген Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева мұндай ғимараттардың үшеуі ғана қала әкімдігіне қарайтындығын, қалған ғимараттардың барлығы басқа ведомстволардың бағынысында екендігін мәлімдеді.
Аталған мәселеге байланысты Мемлекет басшысы Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев пен қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовке бірлесе отырып, тиісті шара қабылдап, аталған мәселені шешуді тапсырды. Қалада пайдалануға берілген спорттық және мәдени-әлеуметтік арнаулы ғимараттар бос тұрмауы үшін оларда түрлі халықаралық және жергілікті мәндегі жарыстар өткізудің қажеттігін, бұл ғимараттар қаланың танымалдылығының, қолайлылығының артуына қызмет етуі керектігін ескертті.
Астана қаласы атына сай болуы үшін ондағы қоғамдық тәртіп мәселесі де үнемі назарда тұруы қажет. Осыған орай Елбасы қалалық ішкі істер басқармасына, басқа да құқық қорғау ұйымдарына ұсақ қылмыстардың алдын алып отыруды, бұл мәселеге барынша жіті қарауды тапсырды.
Кезінде Нью-Йорк қаласы АҚШ-тағы ең қылмыс көп жасалатын қалалардың бірі болған екен. Бұған ең алдымен ұсақ тәртіп бұзушылықтардың жаппай сипат алуы көп әсер еткен. Жаңадан сайланған қала мэрі мен полиция басшысы тәртіпті жолға қоюды осы істен бастаған. Қаладағы қоғамдық көліктерде тегін жүруді әдетке айналдырғандардың барлығы құрықталып, күніне 800-дей адам жауапқа тартылып отырған. Осылайша қала қылмыстан тазарған. Ұсақ қылмыстардың күрт азаюы қаланың жалпы криминалдық жағдайының жақсаруына үлкен әсер еткен.
Елбасы осы жағдайды мысалға келтіре отырып, қылмыстың, тәртіп бұзушылықтың ұсақ-түйегі болмайтындығын, жағдайды жақсартуды осындай істерден бастау керектігін ескертті.
Сонымен қатар, Президент қалада жеке инвестициялар ағынын ұлғайту үшін қажетті барлық жағдай барын атап өтті. Осыған байланысты қаладағы бірқатар бағдарламаларды несиелеу үшін банк секторын тарту қажет. Жер инвестиция тартудың маңызды факторы болып табылады. Астанада 1 гектар жердің инвестициялық-құрылыстық әлеуеті 3 млрд. теңгеден астам қаржыны құрайды. Нұрсұлтан Назарбаев қаланың индустриялық-инновациялық дамуына айрықша назар аударды.
«Астананың орнықты дамуы, болашағы, әсемдігі – тек әкімдіктің ғана міндеті емес, бұл Үкіметтің, мемлекеттік органдардың, ұлттық холдингтердің, компаниялардың мәселесі. Бұдан ешкім сырт қалмауы тиіс. Астананың дамуына өзім де айрықша көңіл бөліп отырмын. Бұл мемлекеттік міндет. Астана Қазақстанның өзге қалаларына үлгі болуға тиіс», деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.