Жаңалықтар
Қазақстан – ядролық қарусыздану орталығы
Сәрсенбі, 28 Наурыз, 2012
Халықаралық қоғамдастық аталған саладағы еліміз бастамашылығын осылай бағалап отыр
Бұдан бұрын хабарланғанындай, кеше Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулде ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық мәндегі екінші саммиттің пленарлық отырысы болып өтті. Бұл саммитке оны өткізуші ел – Оңтүстік Корея Президенті Ли Мен Бактың арнайы шақыруымен Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
Егер аталған саммиттің тарихына қысқаша тоқталып өтетін болсақ, екінші дүниежүзілік соғыс соңында бой көрсеткен тажал қаруынан арылу адамзаттың сол тұстан бергі асыл армандарының біріне айналған болатын. Әлем социалистік және капиталистік болып екі бақталас жүйеге бөлінген кезде оның мүмкіндігі болмады. Керісінше, қарулану жайы тіптен күшейе түсіп, атом және сутегі бомбаларының, қуатты жойғыш баллистикалық ракеталардың жаңа түрлері дүниеге келді. АҚШ пен Кеңес Одағының арасында стратегиялық қару-жарақты шектеу жөнінде келісімдер жасалғанымен, ол іс барысына оншама әсер ете алмады. Ядролық клубтың ауқымы кеңіп, оған жаңа мүшелер келіп қосылды. Ал қазіргі күні бұл қарудың қаупі одан әрі ұлғая түсті. Ядролық қару-жарағы бар елдер санының ұлғаюы бұл қарудың терроршылар қолына түсу мүмкіндігін де туындатты. Сөйтіп, қазіргі күні адамзат қауымы өз қолымен жасаған қарудың тұтқынына өзі барып түсіп отыр деп айтуға әбден болады.
«Сөзің ұзын болу үшін, қолың ұзын болу керек» деп халық мақалында айтылғанындай, бұл тажалмен күрестің нәтижелі жүруі үшін ең алдымен мұндай бастама әлемге ықпалы зор үлкен елдің басшылығы тарапынан туындауы тиіс еді. Ақыры солай болып шықты. 1945 жылы Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларына атом бомбаларын тастап, дүниені дүр сілкіндіріп, адамзат жанын түршіктірген Америка Құрама Штаттарының іс басындағы Президенті Барак Обама осындай бастама көтерді. Сөйтіп, 2010 жылдың сәуір айында Вашингтонда Ядролық қауіпсіздік жөніндегі бірінші саммит өтті.
Адамзат қауымы енді ғана шын мәнінде кірісуді ойластырып жатқан ядролық қарусыздану мәселесіне Қазақстанның қосқан үлесі қазірдің өзінде ұшан-теңіз деуге болады. Қазақстан әлемде бірінші болып ядролық қаруынан бас тартты. 1991 жылдың 29 тамызында еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев арнайы Жарлығымен Семей полигонын жапты. 2009 жылы Елбасы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялау жөнінде бастама көтерді. Бұл ұсыныс БҰҰ тарапынан қолдау тапты.
Иә, түсінген адам үшін бейбітшілік мәселесінің мәні зор. Дүниеде бейбіт өмірден, мамыражай тыныштықтан, сол тыныштық ортасындағы гүлденген әлемнен, сол әлемнің ортасындағы еркін асыр салған бүлдіршіндерден, ата-ана құшағындағы сәбидің тәтті күлкісінен артық не бар?! Қазір әлемнің бір жерінде тыныштық бұзылса, бүкіл әлем халқы назар аударып, дүрлігісе қалатын болды. “Ақша мен байлық тыныш өмірді сүйеді” деп айтылғандай, ұрыс-керіс, кикілжіңі мол ел мен жерге ешуақытта ешкім сеніп қаржы салмайтын болды. Оған мысалды алысқа бармай-ақ осы саммитті өткізіп жатқан ел – Оңтүстік Корея мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардан-ақ айқын аңғаруға болады. Демек, бейбітшілік дегеніміз қазіргі уақытта тек тыныш өмір ғана емес, сонымен қатар, шеттен капитал тартудың, ел байлығын арттырудың басты жолы да. Осы ретте елімізге келіп жатқан инвестициялардың барлығын ең алдымен еліміздегі бейбіт өмірдің нәтижесі деуге болады.
Міне, осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның интеграциялануға негізделген бейбітсүйгіш саясаты ешбір астарсыз ақиқатқа айналып келеді. Бұл жағдай Вашингтон қаласында өткен тұңғыш ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте бүкіләлемдік қоғамдастық алдында барынша мойындалған болатын. Оның үстіне Қазақстан өз тәуелсіздігіне ие болған уақыттан бері еліміздің ешбір елмен қиғаштығы жоқ мемлекет ретінде шекараларымызды барлық көршілерімізбен бекітіп алдық. Бұл – Елбасының көпқырлы саясатының жемісі.
Сол Вашингтонда өткен саммит кезінде журналистерге берген сұхбатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саммитте қаралған мәселелердің маңыздылығына жеке тоқталған еді. Бүгінгі күні, онда атап көрсетілгендей, ядролық лаңкестік адамзат өмірін+е үлкен қатер төндіруде. Лаңкестер заң аясынан тыс және ассиметриялық түрде әрекет жасайтындықтан, бұларға бақылау жасау мәселелері қиындап барады. Олар өз қимыл-әрекеттерінде қазіргі өркениеттік жетістіктерді, ақпараттық, әскери технологияларды пайдаланып жұмыс істейді. Қажет ұйымды жедел құрып, тез тарата алады. Ал әлемдік қоғамдастық болса, олардың алдында дәрменсіз болып қалып отыр. Себебі, ядролық лаңкестік туралы әлемде бірыңғай көзқарас, олармен күрестің бірыңғай тәсілдері қалыптаспаған. Ортақ заңдылық жоқ. Саммит, міне, осы істерді ұйымдастырып, аталған мәселелерде халықаралық қоғамдастықтың бірлігін қамтамасыз етіп, қажетті шараларды белгілеу үшін ұйымдас-тырылып отыр. Мұндай саммит бұрын ешуақытта болып көрген емес. Осыған орай Елбасы АҚШ пен Ресей арас+ында стратегиялық шабуылдау қару-жарағын шектеу жөніндегі үшінші келісім-шарт жасалғаннан кейін және осы саммит шешімдерінен кейін мәселенің біршама реттеліп қалғандығын айтты. Мұның барлығы бейбітшілік үшін, адамзаттың бола-шағы үшін жасалып жатқандығын атап көрсетті.
«Осы уақытқа дейін ядролық қатердің алдын алуға байланысты қабылданып келген келісімдер мен шешімдер дұрыс орындалмағандығы белгілі. Мұны ядролық қару жасауға бірқатар елдердің белсене кіріскендігінен байқауға болады. Ядролық клубтың бес мүшесі бар. Енді оған қосымша Үндістан мен Пәкстан өздерінде осындай қару түрі бар екендігін жариялағанымен, ядролық клубтың сыртында қалды. Мұнымен қатар, әлемнің тағы да жиырмашақты елі осы қаруды жасауға ұмтылыс танытып отыр. Міне, сондықтан да мен осыған дейін ядролық қатердің алдын алу жөніндегі келісімдерді қайта жаңартып, олардың жалпыға бірдей міндетті болуын қарастыру қажеттігін айттым», – деген еді Елбасы Вашингтонда журналистерге берген сұхбатында.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қазір әлемде ядролық қауіпсіздікке қатысты бірқатар шешімдер қабылданғандығын айта келе, осы құжаттардың барлығын бір арнада топтастыра отырып, солардың негізінде бірегей құжат әзірлеу жөнінде ұсыныс жасағандығын да жеткізіп еді. «Қазіргі ядролық клубқа мүше болып табылатын елдер осы клубқа басқа да ядролық қарулары бар елдерді біріктіруі керек. Өйткені, мұндай қатерлі мәселеде баррикаданың екі жағында қалуға болмайды. Ол қарама-қарсылықтардың туындауына себепші болуы мүмкін. Егер олардың басы бірігіп, адамзат алдында бұл қаруларды қолданбау және бірте-бірте қысқарту жөнінде кепілдік беретін болса, басқа елдер ондай қаруларды жасауға ұмтылыс танытпаған болар еді. Яғни, ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық ядролық қаруы бар елдер бірігіп, Біріккен Ұлттар Ұйымының бекітуімен басқа елдердің алдында қауіпсіздік мәселесінде кепілдік берулері қажет. Сонымен қатар, мен келесі саммитте ядролық қару-жарақсыз әлем туралы жалпыға ортақ декларация қабылдау қажеттігін ұсындым. Бұл ұсыныстардың барлығы біздің Қазақстанның мүддесіне сәйкес келеді. Осы ұсыныстардың барлығын саммиттегі сөзімде қатысушылар алдында ортаға салдым. Енді екі жылдан кейін осындай саммит өтетін болды. Сол кезде қол жеткен жетістіктерді сараптап, талқылау мүмкіндігі пайда болады», деп еді Елбасы.
Елбасы айтқан сол екінші саммиттің пленарлық мәжілісі кешегі күні Сеул қаласында болып өтті. Оған, алдын ала естуімізше, 53 елден мемлекет және үкімет басшылары, үш үлкен халықаралық ұйым жетекшілері бастаған арнаулы делегациялар келді. Саммитті оны өткізуші ел – Корея Республикасының Президенті Ли Мен Бак кіріспе сөзбен ашып, мұнан кейін АҚШ Президенті Барак Обамаға сөз берді. Одан кейін Қытай басшысы Ху Цзиньтао сөз алды. Мұнан кейінгі сөз кезегі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді.
Өз сөзін ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттерді ұйымдастырудағы бастамашылдығы үшін АҚШ Президенті Барак Обамаға, осы екінші саммитке шақырғандығы және шараны сәтті өткізуді қамтамасыз еткені үшін Корея Республикасының Президенті Ли Мен Бакқа алғыс айтудан бастаған Елбасы Вашингтондағы басқосудан кейінгі екі жыл уақыт жаһандық ядролық қауіпсіздік саласында елеулі оқиғаларға толы болғандығына тоқталды. Біріншіден, 2011 жылы Ядролық қаруларды таратпау туралы шарттың Шолу конференциясы болып өтті. Екіншіден, екі жылдың ішінде әлемде ядролық жоғары байытылған уранның елеулі бөлігі жойылды. Әлемнің отыздан астам елі ядролық қауіпсіздік саласында ұлттық міндеттеме қабылдады. Үшіншіден, 2010 жылы Астанада Ядролық терроризм актілерімен күрес жөніндегі жаһандық бастамашылық конференциясы табыспен өтті, деді Қазақстан басшысы.
Әлемдегі ең ірі Семей сынақ полигонын ерікті түрде жабу жөніндегі менің Жарлығымнан кейін 20 жыл өтті, деп жалғады сөзін Н.Назарбаев. Оның физикалық қауіпсіздігін арттыру бойынша көп жылдық ынтымақтастық аясында Қазақстан, Ресей және АҚШ өзара сенім негізіндегі әріптестіктің моделін өмірге әкелді. Елбасы Қазақстанның ұлттық деңгейде 210 тонна жұмыс істелген ядролық отынды қауіпсіз сақтау орнына тасымалдаудың бұрын-соңды болмаған жобасын жүзеге асырғандығын, қазір елімізде реакторды төмен байытылған отынға ауыстыру, ядролық қауіпсіздік жөніндегі өңірлік оқу орталығын құру жұмыстарының жалғастырылып жатқандығын, еліміз МАГАТЭ-мен бірлесіп, табиғи уранды есептеу, бақылау және физикалық қорғаудың автоматтандырылған ерекше жүйесін жасақтауда екендігін баяндап өтті.
Қазақстан басшысы, сондай-ақ біздің еліміздің жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау жөнінде «Үлкен сегіздік» елдерімен жаһандық әріптестікке қосылғандығын, Ядролық материалды физикалық қорғау туралы конвенцияға енгізілген түзетулерді ратификациялағандығын айта келе, осы құжат 2014 жылы күшіне енуі үшін Сеул саммитінің барлық қатысушыларын Конвенцияға түзетуді жеделдетіп ратификациялау жөнінде шаралар қабылдауға шақырды. Мұнан кейін осыдан жетпіс жыл бұрын Чикаго университетінде әлемдегі бірінші ядролық реактордың жасалғандығын, содан бергі уақытта атом электр стансаларының тарихында әртүрлі деңгейдегі 60 апатты жағдайдың тіркелгендігін еске салған Елбасы солардың соңғысы «Фукусима» атом электр стансасындағы жойқын апат адамзат қауымына бұдан былайғы уақытта қауіпсіздіктің абсолюттік кепілдігі мен ядролық энергетика жұмысының төмендегідей үш басты қағидаты қамтамасыз етілген жағдайда ғана дамытуға болатындығын көрсетіп бергендігін мәлімдеді.
Бірінші – әмбебаптық. Бейбіт атомды игеру саласындағы жинақталған халықаралық-құқықтық тәжірибені тарату және кодтау қажет. Мұндағы мақсат – ядролық қауіпсіздіктің заңдық міндетті стандарттарын қабылдау. Екінші – транспаренттілік және жеделділік. Ядролық нысандағы кез келген оғаш оқиға туралы толық және жедел ақпарат таратумен қатар, төтенше жағдайда жылдам әрекет етудің нақты тетіктерін әзірлеп, жасау керек. Үшінші – теңдік және сенім. Барлық мемлекеттерге бейбіт ядролық технологияға қолжетімділіктің тең құқығы, сондай-ақ Төменгі байытылған уранның халықаралық банкінің кепілді қорларын пайдаланудың мүмкіндігі берілуі керек. Қазіргі уақытта осындай банкті Қазақстанда орналастыру жөніндегі МАГАТЭ-мен жұмыс өзінің практикалық сатысына көтеріліп отыр. Бұл біздің таратпау режімін нығайту мен ядролық қарусыздануға қосар нақты үлесіміз, деп атап көрсетті Қазақстан басшысы.
Сонымен қатар, Елбасы өз сөзінде ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммиттерді әр 2 жыл сайын өткізіп отыруды ұсынды. Мұндай саммиттердің бірін болашақта Астанада өткізуге дайын екенін мәлімдей келе, Қазақстанның АҚШ пен Ресей арасындағы Стратегиялық шабуылдау қаруын (СШҚ) қысқарту жөніндегі шарттың күшіне енуін жақтайтындығын және Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың ережелерін сақтайтын мемлекеттерге қатысты ядролық қару қолданудан бас тарту жөніндегі Президент Барак Обаманың жаңа ядролық стратегиясын қолдайтындығын айтты. Ядролық қаруы бар барлық мемлекеттерді осындай игі әрекетке шақырамын, деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев, сонымен қатар, Ядролық қаруды таратпау туралы шарт режімінің эрозиясы шындыққа айналғанын, ал ядролық қаруға ие елдер тобының бақылаудан тыс көбеюі жиырма бірінші ғасырда туындаған ең бір ауыр қатердің қатарында қалып отырғанын атап өтті. Кейбір мемлекеттер ядролық қаруға ие болуды қауіпсіздіктің факторы ретінде қарастырады. Әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық арсеналдан ерікті түрде бас тартқан өз елімнің тәжірибесіне сүйене отырып, мынаны айта аламын: қауіпсіздікке нағыз сенімді кепілдікті орнықты әлеуметтік-экономикалық даму ғана бере алады. Осыған байланысты, мен ядролық қаруды бірінші болып қолданатын елді оқшаулау және оған бойкот жариялауға дейінгі ең қатаң халықаралық шараны қолдану туралы келісуді ұсынамын. Сонымен бірге, ядролық державалар ядролық қаруды иеленуден бас тартқан мемлекеттерге Біріккен Ұлттар Ұйымы бекіткен қауіпсіздік кепілдігін беруге тиіс, деді осы орайда Қазақстан басшысы.
Елбасының сөзі мен ұсыныстары саммитке қатысушылар тарапынан ықыласпен тыңдалды.
Саммит соңынан қорытынды коммюнике қабылданды. Онда физикалық ядролық қауіпсіздік жөніндегі келесі саммит 2014 жылы Нидерландыда өтеді деп белгіленді.
Сеул саммитіне қатысқан елуден астам мемлекеттің көшбасшылары ядролық қарусыздану, ядролық таратпау және атом қуатын бейбіт мақсатта пайдалану бағыттарында мақсаттың ортақ екендігін бекітті. Олар «физикалық ядролық қауіпсіздікті нығайту шаралары мемлекеттердің атом қуатын бейбіт мақсатта пайдалану мен дамыту жөніндегі құқықтарын жүзеге асыруға кедергі келтірмейтіндігіне» сенім білдірді.
Осыған қосымша кездесуге қатысушылар «ядролық терроризмнің бұрынғысынша халықаралық қауіпсіздікке неғұрлым қатер төндіруші құбылыс ретінде қалып келе жатқанын» атап көрсетті.
«Әлеуетті жаһандық саяси, әлеуметтік және психологиялық салдарларын ескере отырып, бұл қатерді жою шешімді ұлттық шараларды және халықаралық деңгейдегі өзара әрекеттестікті талап етеді» делінген құжатта.
Кездесуге қатысушылар 2011 жылдың наурызындағы «Фукусима» АЭС-інде орын алған апатты атап көрсете отырып, техникалық ядролық қауіпсіздік пен физикалық ядролық қауіпсіздік проблемалары кесімді негізде қарастырылуы қажеттігіне, бұл ядролық қуатты бейбіт пайдаланудағы сенім мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге көмектесетіндігіне тоқталды. «Біз мемлекеттерді жоғары байытылған уранды пайдалануды барынша азайта түсу, соның ішінде технологиялық мүмкіндігі мен экономикалық тиімділігі бар жерлерде реакторларды төмен байытылған уран отынына көшіру жөнінде шаралар қабылдауға шақырамыз» делінген құжатта.
Жалпы қорытынды коммюнике Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саммитте сөйлеген сөзінде айтылған ойлар мен ұсыныстарға өте үндес. Саммитке қатысушылар Елбасының Ядролық материалды физикалық қорғау туралы конвенцияға енгізілген түзетулер 2014 жылы күшіне енуі үшін оны жеделдетіп ратификациялауға шақыруын бірауыздан қабыл алып, осы шақыруды қорытынды құжатқа енгізген. Елбасының басқа да бірқатар ұсыныстарының қолдау тапқандығы қорытынды коммюнике мәтінінен анық байқалады.
Мұнымен қоса, Сеулде Ядролық қауіпсіздік жөніндегі екінші саммит аясында Қазақстанға қатысты тағы бір маңызды шара болып өтті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, Ресей Президенті Дмитрий Медведевтің және АҚШ Президенті Барак Обаманың үшжақты кездесулері жүзеге асты. Онда үш мемлекет басшылары Бірлескен мәлімдеме қабылдады. (Ол бөлек жарияланып отыр).
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аясында Финляндия Республикасының Президенті Саули Нийнистёмен кездесті. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, атап айтқанда, сауда-экономикалық және инновациялық-технологиялық қарым-қатынастарды талқылады.
Ал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Испания Корольдігінің Премьер-министрі Мариано Рахоймен кездесуінде сауда, құрылыс және темір жол салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Испания Премьер-министрін кез келген қолайлы уақытта Қазақстанға келіп қайтуға шақырды.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Грузия Президенті Михаил Саакашвилимен де кездесті. Мемлекеттер басшылары екіжақты қарым-қатынастар мәселесін талқылады. Грузия Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Тбилисиге сапармен келіп қайтуға шақырды.
Сондай-ақ, Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саммит аясындағы Австралия Премьер-министрі Джулия Гиллардпен кездесуінде халықаралық қатынастардың өзекті мәселелері талқыланды.
Сонымен, Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ядролық қауіпсіздік жөніндегі екінші саммитке қатысу үшін Оңтүстік Кореяға жасаған сапары аса табысты қорытындыланды. Сапар нәтижесінде көпжақты және екіжақты кездесулер арқылы Қазақстанның әлемнің басқа елдерімен саяси қарым-қатынасы арттырылды әрі кеңейтілді. Қазақстанның жасап жатқан жұмыстарының әлемнің ірі мемлекеттері басшыларынан және саммитке қатысушылардан қолдау табуы, құрметтелуі нәтижесінде әлемдік қоғамдастық алдындағы еліміздің беделі арта түсті. Қазақстан саммитке қатысушы елдердің алқалы тобының алдыңғы қатарынан көрінді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан» – Сеулден.
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.