Жаңалықтар
Ыстық ықыласты қос тарапты қауышулар
Сейсенбі, 27 Наурыз, 2012
Елбасының Оңтүстік Кореядағы алғашқы кездесулері ел беделінің жоғарылығын айқындады
Өткен жексенбі күні кешкісін Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Корея астанасы Сеул қаласына келді. Мұнда кеше екі күндік Ядролық қауіпсіздік жөніндегі екінші жаһандық саммит өз жұмысын бастады.
Саммиттің күн тәртібіне әлемдік ядролық қауіпсіздікті нығайту, ядролық терроризм қатеріне қарсы күрес пен ядролық материалдардың заңсыз айналымына қарсы тұру секілді мәселелер қойылып отыр. Ал кешегі күн негізінен жан-жақтан жиналып жатқан мәртебелі қонақтарды қарсы алып, орналастыру және кешкісін олардың құрметіне қонақасы беруге арналса, басқосудың негізгі бөлігі бүгін өтеді деп жоспарланған. Бүгінгі күні мемлекет және үкімет басшылары пленарлық сессияда бас қосып, күн тәртібіне қойылған мәселелерді талқылайтын болады.
Бізге алдын ала мәлім болған деректер бойынша саммитке 53 мемлекет басшысы мен 4 халықаралық ұйым жетекшілері қатысу үстінде. Ядролық энергияны адамзат мүддесіне пайдалану, ядролық лаңкестіктен азат әрі қауіпсіз әлем құру мәселелерін егжей-тегжейлі талқылау мәселесінде әлемдік деңгейдегі бұл басқосудың маңызы зор екендігі түсінікті. Сондықтан төрткүл дүниенің назары дәл бүгінгі күні саммиттің пікірталас алаңына айналатын Сеул қаласына ауып отыр.
Қазақстан басшысының мұнда Оңтүстік Корея Президенті Ли Мен Бактың шақыруымен келгендігін айта кетсек артық болмас. Жалпы, аталған тақырып бойынша әлемдік деңгейде осымен екінші рет өтіп отырған саммит барысында халықаралық қоғамдастықтың, соның ішінде аузын айға білеген ірі мемлекеттер басшыларының Қазақстанға, оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа деген ықыласының зор екендігі әп дегеннен-ақ айқын байқалды. Мұны осы мақсаттағы әлемдік басқосуларды алғаш ұйымдастыруға мұрындық болған Америка Құрама Штаттарының Президенті Барак Обаманың саммитке қатысушы елуден астам мемлекеттер басшыларының арасынан Нұрсұлтан Назарбаевпен жеке кездесуіне қарап-ақ аңғаруға болар еді.
Сондай-ақ қонақтарды қабылдаушы ел Оңтүстік Корея Президенті Ли Мен Бактың өзі қаншама мемлекеттің, соның ішінде әлемнің ең ірі елдерінің басшылары келіп жатқан саммитті өткізудің сан қабат қарбаластығына қарамастан, 26 наурыз күні таңертең біздің Елбасыны таңғы ас мәзіріне құрметпен шақырып, бір сағат бойы кездесу жасады. Кездесуде екі жақты қарым-қатынастардың бірқатар мәселелері талқыланды. Елбасыдан кейін Корея басшысының мұндай қабылдау шарасы ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаомен, АҚШ Президенті Барак Обамамен, Ресей Президенті Дмитрий Медведевпен, Түркия Премьер-министрі Тайып Ердоғанмен ғана өткізілгендігін ескерсек, бұл оқиғадан төр иесінің біздің Елбасыны қаншалықты құрметтейтіндігін ғана емес, халықаралық қоғамдастық алдында Қазақстанның қаншалықты беделге ие болып отырғанын да салмақтап көруге болатындай.
Енді осы жерде әлемдік ауқымдағы үлкен жиынға Елбасымыз Корея тарабының арнайы шақыруы бойынша келгендіктен, оның үстіне осындай дүбірлі жиын үстінде екі елдің мемлекет басшылары жеке кездесіп жатқаннан кейін бізге таныс та бейтаныс Оңтүстік Корея туралы сәл ғана әңгіме өрбітіп, Қазақстан – Корея қарым-қатынастарының даму барысына көз жүгірте кеткеніміз жөн секілді.
Корея адамзатқа атам заманнан белгілі ел. Мемлекет ретінде қалыптасу тарихы біздің заманымыздың бірінші мың жылдығының үлесіне тиеді. Міне, осы уақыттан бері кәрістер өз тарихында қидандардың (біздің заманымыздың бірінші мың жылдығының соңына таман), онан кейін Шыңғыс ханның тұсында моңғол империясының қол астына қараған. Ауық-ауық қытайлар мен маньчжурлар, жапондар үстемдігін жүргізіп отырған. Мұнан кейінгі ең бір күрделі тарихы екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бұрынғы біртұтас Кореяның екіге бөлінуіне байланысты болып келеді. Бөлінген елдің бір бөлшегі АҚШ-тың ықпалымен капиталистік даму жолына түссе, екіншісі Кеңес Одағының ықпалымен социалистік даму жолына бет бұрды. Бәлкім, осындай екі түрлі даму бағытын таңдап алғандықтан болар, бірге туған бауыр саналатын осы екі ел бір-бірімен тым салқынқанды қарым-қатынас ұстайды. Нарық жолындағы Оңтүстік Кореяның экономикасы мықты, дамуы қарқынды болса, әлемдегі жабық мемлекеттердің бірегейі болып отырған Солтүстік Кореяның қолында ядролық қару бар. Солтүстік Корея Оңтүстік Кореяға кейде сол қаруының күшін сездіріп, қыр көрсетіп қоятыны бар. Оның үстіне, халықаралық саясатпен де көп санасып жатпайды.
Ядролық қарусыздану жөніндегі екінші саммиттің Оңтүстік Кореяда өтуінің басты себебі де нақ осы фактормен байланыстырылуда. Егер бұл мәселенің астарлы ойын айқын, төтесінен жеткізетін болсақ, ядролық қару қатерімен күрес жолын ұстанып отырған ірі мемлекеттер тарапынан Солтүстік Кореяға «сен ядролық қаруыңды көп шошаңдата берме, ақылға кел, біз көппіз, көппен санасқан дұрыс, сенің дәл іргеңде тұрып-ақ ядролық қарусыздану мәселесін талқылай аламыз» деген ишара ескертуді аңғартатындай. Ал Солтүстік Корея болса, «саммиттеріңде шатағым жоқ, сендердің де менде шатақтарың болмасын, басқосуларыңда мен туралы бір ауыз сөз айтушы болмаңдар» дегендей талаппен сес көрсетіп отырған сыңайлы.
Әрине, өмірді күрделендіре берсе, оның күрмеулі мәселелерінің де көбейе түсетіндігі анық. Мұндайда ынтымаққа, береке-бірлікке не жетсін. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп атам қазақтың айтқанындай, осы ынтымақ пен түсіністік нәтижесінде бір-бірінен бес мың шақырымдық жырақта жатқан Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы қарым-қатынас жылдан жылға жақсарып келеді. Мұндай жарастықтың қалыптасуына әсер етіп отырған үлкен фактор екі елдің бірін-бірі түсінуге, құрметтеуге ұмтылушылығы ғана емес, сонымен қатар, осы жарастықтың Қазақстан мен Корея үшін де екі жақты бірдей тиімділігінде. Кореяға Қазақстан Орталық Азиямен қарым-қатынасты нығайту, өзінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өнеркәсібі үшін ауадай қажетті шикізат ресурстарына қолын жеткізу тұрғысынан маңызды болса, Қазақстанның Кореядан да алатыны көп. Бізге ең алдымен оның жаңа технологиялары мен экономиканы алға бастырудағы жаңашыл тәжірибесі қажет.
Корея – кеме жасау мен жартылай өткізгіштер өнеркәсібі жөнінен әлемдегі көшбасшы ел. Ұялы телефондар жасау жөнінен әлемде екінші орын, автокөлік шығару жөнінен бесінші орын, болат құю өнеркәсібі жөнінен алтыншы орын алады. Ішкі жалпы өнімінің көлемі бойынша Азияда бесінші орынға ие болса, бүкіл әлем бойынша он бесінші орынға көтеріліп отыр. Міне, осындай өнерлі елмен әріптес болудан Қазақстанның ұтары көп. Мәселен, жеңіл автокөлік құрастыру жөніндегі алғашқы және бетке ұстар кәсіпорнымыз Өскемендегі «Азия авто» зауыты мен осы салада өнеркәсіп ұйымдастырып отырған «Астана моторс» компаниясы Оңтүстік Кореяның автокөлік технологиялары бойынша жұмыс істейді. Мұның сыртында Қазақстанда осы елмен бірлесіп құрылған 800-ге жуық кәсіпорын экономикамыздың әртүрлі салалары бойынша табысты еңбек етуде.
Оның үстіне Оңтүстік Корея Қазақстан шикізаттарын ірі тұтынушылардың бірі болып табылады. Болашақта астық пен азық-түлік өнімдерін өткізудің үлкен рыногы ретінде қарастыруға болады.
Әрине, «жатқан тастың астынан су жүрмес», «бармасаң, келмесең, жат боларсың» дегендей, екі елдің арасында барыс-келіс болмаса, 8 млрд. доллар Корея инвестициялары бізге өз аяғымен келе қоймас еді. Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы алғашқы дипломатиялық қатынас 1992 жылдың қаңтар айының соңында орнаған болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылдың мамыр айында Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапармен барды. Сол кезде екі елдің болашақ қарым-қатынастарында жарқын із қалдырған біраз мәселе шешімін тапты. Онан кейін Оңтүстік Корея Президенті Но Му Хен біздің елге келді. Ал елдің қазіргі Президенті Ли Мен Бактың 2009 жылғы сапары кезінде екі ел арасындағы қарым-қатынас стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді. Елбасының 2011 жылдың тамыз айында жасаған сапары кезінде Оңтүстік Кореяда екі ел кәсіпкерлерінің қатысуымен ірі бизнес-форум өтіп, оның қорытындысында 8 миллиард доллардың келісімдеріне қол қойылды.
Кеше «Чонг Ва Дэ» деп аталатын Корея Президентінің сарайында өткен жұмыс бабындағы таңғы ас барысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Корея Республикасының Президенті Ли Мен Бак осы қол жеткен жетістіктерді бекітіп, одан әрі нығайта түсу мақсатында екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелерін талқылады.
Қазақстан мемлекетінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Корея стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгенін атап өтті. Корея Республикасы Қазақстанның Азиядағы жетекші экономикалық серіктесінің бірі болып табылады. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 16 пайызға өсті және миллиард АҚШ доллары көлеміне жетті. Шикізаттық емес сектордағы ынтымақтастық кеңейе түсуде.
Қазақстан Президенті сондай-ақ бірлескен іскерлік жобалардың тиімді іске асырылып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, Балқаш ЖЭС-інің құрылысы бойынша жоба қарқынды жүзеге асуда. Атырау облысындағы газ-химия кешенінің екінші кезегінің құрылысы табысты іске асырылуда. Кездесу барысында Елбасы Қазақстанның қазір қызу жүргізілу үстіндегі индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында озық технологияларды игеруге және таратуға мүмкіндік беретін жаңа экономикалық жобаларды қарастыратындығын және осы бағыттағы жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға әзір екендігін білдірді.
Сонымен қатар, тараптар энергетикалық ынтымақтастықтың келешегі бар салаларындағы, атап айтқанда, Қазақстандағы баламалы және жаңартылған энергия көздерін игеру бойынша өзара ынтымақтастықты кеңейту мен оны одан әрі нығайтудың жолдарын қарастырып, талқылады.
Мемлекет басшылары келіссөздерінің екінші бөлігінде өз елдеріне қатысты халықаралық тақырыптардағы мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, Қазақстан жағы Сеулдің кореяаралық қарым-қатынастарды дамыту жөніндегі саясатын қолдайтындығын және алтыжақты келіссөздердің жалғасын табуын жақтайтындығын, ядролық қауіпсіздік жөніндегі Сеул саммитінің шешімі бойынша уағдаластықтарды қарауға белсенділікпен қатысуға дайын екенін білдірсе, Корея тарабы ЕXPO-2017 көрмесін Қазақстанда өткізуге қажетті қолдау көрсететіндіктерін жеткізді. Мемлекет басшылары сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселесін де талқылады.
Келіссөздер аяқталғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Корея Президентінің шақыруы бойынша Сеул ұлттық университетінің медициналық орталығында болып, оның жұмысымен, қолданатын жаңа технологияларымен танысты. Қазіргі күні бұл орталықтың көрсететін қызметі мен қолданатын әдіс-тәсілдері әлем бойынша алдыңғы қатарлардың бірінен саналады.
Мұнан кейін Елбасы «Хаят отель Сеул» қонақүйінде Америка Құрама Штаттарының Президенті Барак Обамамен кездесті. АҚШ Президенті Қазақстан басшысын жылы шыраймен қарсы алды. Кездесу барысында екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың бірқатар мәселелері және жұмысын бастағалы отырған саммиттің тақырыбындағы мәселелер талқыланды. Барак Обама ядролық қарусыздану мәселесіндегі Қазақстанның көшбасшылық рөлін жоғары бағалайтындығын жеткізді. Елбасыға деген ерекше құрметін білдірді. Ядролық қарусыздану, оның қатерін еңсеру бағытында Қазақстанда ауқымды жұмыстардың тындырылғанын, Қазақстанның басшылығымен сәтті дамып келе жатқандығын атап өтті.
Қазіргі күні Қазақстан мен АҚШ арасындағы стратегиялық әріптестік жалғасын табуда. Қазақстанның АҚШ-пен әріптестігі осындай деңгейге көтерілгендігі Елбасының 2010 жылдың сәуір айында Барак Обаманың бастамасы бойынша Вашингтон қаласында өткізілген ядролық қауіпсіздік жөніндегі бірінші жаһандық саммитке қатысу тұсында бекітілген болатын.
Иә, Барак Обама әлемдегі алып елдің Президенті ретінде Қазақстанды АҚШ-тың стратегиялық әріптесі деп танып, бұл көзқарасын екі ел президенттерінің кездесуі қорытындысынан туындаған бірлескен мәлімдемесінде ресми түрде бекіткен еді сол тұста.
Сеулдегі осы жолғы кездесу барысында да тараптар кең көлемдегі мәселелерді талқылады. Ядролық қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану жөніндегі байыпты пікір алмасылды, сондай-ақ екіжақты серіктестікті дамыту келешегі қозғалды. Екі елдің көшбасшылары Орталық Азия өңіріндегі жағдайға ерекше назар аударды. Тараптар 2011 жылғы желтоқсанда Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қатынастар орнағанының 20 жылдығын атап өткеніне тоқталды.
– Президент мырза, мен Сізбен тағы да кездескеніме қуаныштымын. Қазақстанның ядролық қарусыздану ісіндегі жетекші рөлін атап өткім келеді, – деді Барак Обама.
АҚШ Президенті Қазақстанның ядролық қауіпсіздікті нығайту саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы күш-жігерін жоғары бағалады. Барак Обама сондай-ақ Қазақстанның өз аумағында аз байытылған уранның халықаралық банкін орналастыруға дайындығына оң баға берді. Бұдан басқа, АҚШ Президенті Қазақстанның Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға көмектесудегі белсенді рөлін атап өтті.
Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан АҚШ-тың ядролық қаруды қолдануға шектеу қою бөлігіндегі жаңа ядролық стратегиясын қолдайтынын атап көрсетті.
– Мен АҚШ-тың барлық ұлт пен халықты ядросыз әлем құру үшін күресуге шақыруын толық қолдаймын. Ядролық мемлекеттер мен ядролық қаруға ұмтылып отырған мемлекеттердің барлығын Қазақстаннан үлгі алуға және орнықты даму үшін бірегей экономикалық мүмкіндіктерге ие болуға шақырамын, – деді Қазақстан Президенті. Тараптар сондай-ақ ирандық ядролық бағдарламаның айналасындағы жағдайдың барлық әлемдік қоғамдастықтың мүддесіне жауап беретіндей бейбіт шешілуі қажеттігіне тоқталып өтті.
Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев америкалық серіктестерді экономикалық саладағы едәуір белсенді ынтымақтастыққа шақырды. Атап айтқанда, ол Қазақстанда америкалық компаниялар айтарлықтай белсенді қатыса алатын, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы табысты іске асырылып жатқанын атап өтті. Қазақстан Президенті АҚШ компанияларына сондай-ақ шағын және орта бизнес саласындағы, инновациялық және технологиялық салалардағы ынтымақтастықты ұсынды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы халықаралық сауданы дамыту үшін Қазақстан Республикасының көлік әлеуетінің жоғары екеніне ерекше тоқталды.
Өз кезегінде АҚШ Президенті өз елі Қазақстанның БСҰ-ға кіруін толық қолдайтынын атап өтті. Мен сондай-ақ Қазақстанда көппартиялы Парламенттің құрылуына алып келген өткен сайлаудың нәтижесін қолдаймын. Сіздің басшылығыңызбен Жаңаөзендегі жағдай тұрақтанғанын ерекше атап өткім келеді. Осының барлығы Қазақстан халқының өз Көшбасшысына деген жоғары сенімін тағы көрсетіп берді, деді Барак Обама.
Кездесудің соңында Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президентін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының төртінші съезіне шақырды және Барак Обамаға алдағы президенттік сайлауда табыс тілей отырып, дәстүрге сай қазақтың тұмарын сыйлады.
Екі жақты кезесу жылы шырайлы, достық пен түсіністік жағдайында өтті.
Дәл осы күні Қазақстан басшысы саммит өтетін «КОЕКС» көрме орталығында МАГАТЭ-нің Бас директоры Юкия Аманомен кездесті. Кездесу кезінде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық мәселесі талқыланды. Қазақстан ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында үлкен жұмыстар жасады. Қазақстанның МАГАТЭ-мен ынтымақтастығы белсенді дамып келеді. Ертең, саммитте сөйлейтін сөзімде мен Қазақстанның осы саладағы жетістіктері туралы айтамын, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сізбен Сеулде кездескенім мен үшін үлкен құрмет. Өткен жылы, Қазақстанға сапарым барысында, мен Қазақстанның ядролық қаруды таратпау және қауіпсіздік саласындағы зор табыстарына көз жеткіздім. Қазақстан ядролық қарусыздану саласында көптеген елдер үшін көшбасшы және үлгі болып табылады. Мен сіздің еліңізді осы саладағы орасан жетістіктерімен құттықтаймын, деді Юкия Амано.
Елбасы бауырлас ел Түркияның Премьер-министрі Реджеп Тайып Ердоғанмен кездесуінде Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың, сондай-ақ халықаралық саясат саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Кешегі күнгі Оңтүстік Корея жеріндегі Ел
басының жұмыс сапары саммитке қатысу үшін келген мемлекеттер делегацияларының басшыларына Корея Президенті Ли Мен Бак берген кешкілік қонақасыға қатысумен аяқталды.
Бұл күнгі Елбасы кездесулерінің барлығы сәтті өтті. Олардың барлығы Қазақстанның халықаралық қоғамдастық алдындағы беделінің жоғары екендігін әрі одан әрі өсіп келе жатқандығын көрсетіп берді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан» – Сеулден.