№ 12 (180)
желтоқсан, 2024г.

Жарнама агенттігі

Біз жарнама нарығында ұсынылатын қызметтер сапасын үнемі арттырып отырамыз. Жарнама бизнесінде бірнеше жыл бойы жұмыс істей отырып,  біз – жарнама науқанының ойдағыдай болуының кепілін жарнама көлемінің орынды теңгерімі мен жарнама инновацияларын пайдалану айқындайды деген қорытындыға келдік.

БАСПА ЖӘНЕ ЭЛЕКТРОНДЫҚ
БАҚ-ТАҒЫ ЖАРНАМА

Жаңалықтар

Ұлыстың ұлы күні қарсаңындағы пайымдаулар

14.03.2012

Сәрсенбі, 14 Наурыз, 2012

Біздің халқымыз табиғатты қалай қалтқысыз таныған десеңші.
Біздің бабалар неткен данышпан еді!
Жаратылыстың шексіз құдіретін мойындай, мың сырлы табиғат бастауын дәл танып, адам сезімінің құмарлық пернесін де дөп басып, мәңгілік жарысқа түскен Ақ пен Қара атты бәсекелестердің біріне де іш бұрмай, Күн мен Түн ұзақтығының теңелер сәтін Жыл басы етіп алады. Бұл күн содан бері жақсы тілек тілеушілердің де, өзінің асыл арманын аңсаушылардың да ерекше күні болып қалыптасыпты. Ең бастысы, халқымыз бұл күнге сенеді, асыға күтеді. 

Бабаларымыз жаңа өмір мен жаңа жыл атауларын да осы күнге бұйыртып, Ұлы Жаратушы қасиетті етіп жаратқан осы күнді – Ұлыстың ұлы күні деп атан­дырыпты…
Ұлыстың ұлы күні пендешіліктен жұққан көкірек кірін кетіре келгей, өшпенділік үнін өшіре жеткей!
Бұл күнді біздің кең байтақ еліміздің батыстағы өңірлерінде Көрісу күні деп те, Амал күні деп те, Жаңа жыл деп те, Наурыз деп те атай береді.
Бабаларымыз бір-бірінен шалғайда тұрғандықтан ба, әлде көңілдерінің даласындай кеңдігінен бе, әйтеуір «отыз күн ойын, қырық күн тойын» жасауға құмар болыпты. Сол кеңдігі аталарымызға бұл тойды бір күн емес, он күн тойлатыпты. Олар сонау қиян шеттегі, Қазақстанның батысындағы бауырларына еліктеп Наурыз мейрамын айдың 14 жұлдызынан бастайды да, содан барып Күн шапағы Алтай мен Алатау шыңдарынан нұрын шаша көтерілген 22 наурыз күніне дейін тойлана береді.
Әлгінде, бұл күннің бір аты – Көрісу күні дедік. Көрісудің түрлеріне ой жүгіртіп көрсек, біздің халқымыз оны сағыныш көрісуі, жұбаныш көрісуі, амандасу көрісуі деген ыңғайда бөледі. Алайда, бұл көрісулердің бәрінің ар жағында адамдарды бір-біріне жақындастыратын достық рай жатқанын да аңғармау мүмкін емес. («Көрісу» сөзінің адамды жоқтап, дауыс шығаруға қатысты да айтылатынын ескерсек, бұл ғұрыпты «Қауышу күні» деп атауды да ойластыруға болар еді – Ред.).

Иә, Ұлыстың ұлы күнінен елдің күтері көп.
• «Қол ұстасып көріскесін»…
• «Құшағын жазып төс тиістіргесін»…
• «Наурыз көже ішкесін»…
• «Қырық үйден дәм татқасын»…
• «Қырық қартқа сәлем бергесін»…
• «Көңіл кірін кетіргесін»…
• «Көрісетін кісілер бар еді деп сапарға шығып қайтқасын»…
• «Бетіңді қайтып көрмеспін» деп араздасқандар бір-бірімен табысқасын…
• «Көзіне көзің түскесін»…

Міне, осындай халықтық тәрбие мектебін түсіне білген жан өз ұлтының да қадір-қасиетіне жетері анық.
Өз өмірімізден бір-екі мысал келтіре кетелік. Мәтжан би бір тойда әлі арнайы іздеп барып көрісіп үлгермеген нағашысымен кездесіп қалады. Әңгіме-дүкен құра отырып нағашысы: «Мәтжан, шырағым, көпті көрдің, ел араладың, жер таныдың. Осы біздің Отпан таудан да биік жер бар ма екен?» – деп сұрапты.
Сонда Мәтжан би: «Бар ғой, нағашы. Кіргелі тұрған үйіңнің алдында ұятты сезінсең, сол үйдің табалдырығы бәрінен де биік көрінер», – деп жауап қатыпты. Бұл әңгімеден қазақ үшін көрісудің қаншалықты міндет екендігін немесе көріспей қалудың қаншалықты айып болғандығын аңғаруға болады.
Менің әкем бір әжені «әкемнің өкіл апасы еді» деп құрмет тұтатын. Амал күні әкемнің басты шаруасы сол өкіл апасына көрісіп келу болатын. Көйлек-жаулығын, басқа да сый-сияпатын алып, әкем дәл осы күні өкіл апасымен көрісіп қайтқаны да есте. Сол әкеден үйренген әдетті біз де іске асырып келеміз. Жасы жүзден асып қайтыс болған Көбеген деген құдамыз болды. Мен де амал күні елде жүрсем, сол кісіге қалайда көрісіп келуді бір міндет көретін едім. Иә, Жаңаөзен қаласынан сонау Ақшұқырға дейін 180 шақырым жол жүріп, қалайда Амал күні Көбекеңмен көрісіп қайтатынмын.
Бұрын балалар осының бәрін әкесінің қасына еріп жүріп, анасының арқасына жабысып жүріп, өз бойына сіңірер еді, ата-баба үрдісімен ауызданар еді.
Еліміздің батыс өңірінде «Амалдың ақша қары» дейтін әдемі сөз тіркесі бар. Неге десеңіз, әдетте 13-14 наурыз күні қалайда Амалдың ақша қары жауады. Тіпті, бұл күні қар жаумаса да қылаулап тұрады. Қардың жауғанына, тіпті сол қылаулап тұрғанына үлкендердің қуанғанын өзіміз талай көрдік. Сол қуаныш ата-баба салтының жасампаздығына деген сағыныш қуанышы екенін де бойға түйіп өстік. Иә, біз бала шағымызда сол кісілер ата-бабаларының көрегендігіне, болжампаз­дығына, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жатқан ата-баба үрдісіне сондай риза болушы еді. Барлығы жабылып Наурыз мейрамын тойлап, қардың жауғанын, қы­лаулатқанын жақсылыққа балап жататын.
Сондай кезде ағайын қалай ғана арадағы өкпені кешпессің, қалай ғана бір-бірін кешірмесін. Рас-ау, сондай кезде өзіңе ұсынған қолды қалай кейін қағарсың…
Бұл күн бұрын өзіңнің қазақ екеніңді мақтан тұтқызар, ата-баба аруағын ұлықтатар күн болатын.
Сонау кезеңдерде көшпелі өмір салты халқымызға наурыз-мейрамын дәл бүгінгідей үлкен бүкілхалықтық мереке ретінде бірге тойлауға мүмкіндік бермесе де, бұл күні әр ауылда той болып, қазан қайнап, ақ тілектер ағыны ағытылғаны анық.
Әрине, бүгінгідей өркениеттің өріне иек артқан кезеңде осынау төл мерекемізге жаңаша әр, өзгеше реңк беру, оның тағылымдық, тәрбиелік мәнін аша түсуге болар еді. Осы арада алысқа бармай-ақ 1 қаңтарда тойланатын Жаңа жылды немесе бразилиялықтардың карнавал шеруінің салтанатын және басқа да қызықтарды еске алсақ жетіп жатыр.
Ойлап қарасақ, олар осы мейрамдарын ана құрсағынан бірге алып шыққан жоқ қой. Ұлтты біріктірер бір ортақ қуаныш керек екенін, соған орай барлығы да шаттық көңілге бөленуге, сол кезде ойда жүрген олқылықтарының орнын толтыруға, кеудеге жүк болып жүрген жүгін жеңілдетуге тырысып, кешірім мен мейірімге жол берер күн керек екенін түсінген болар. Содан бір сәтті күнді ұлттық мейрам, түрінде атап өтуді үрдіске айналдырғаны да күмәнсіз. Ендеше, әлемнің озық елу елінің қатарына қосылуды мақсат тұтқан біздің елімізді әлемге танытар осындай мерекенің аясын кеңейтуден біз ұтпасақ, ұтылмаймыз.
Иә, өнер ұжымдары әлемдік сайыстарда алдыңғы шептен көрініп жүрген біздің ел үшін ұлттық мейрам ұйымдастыру онша қиындыққа түспесе керек. Бұған жұмсаған қаражат та өзін-өзі ақтайтыны айдан анық. Өйткені, ол елдің басын қоса­ды, мақсат-мүддесін бір арнада тоғыстырады. Бір сәт армандап көрейікші. Иә, дәл осы күні жүз мыңдаған адам алаңға шығып, қазақтың ұлттық биін билеп, со­ншама адам қосылып «Наурыз» әнін шырқап жатса дейсің.
Өнер жарыстарынан ең үздік шыққандарды да осы күн атымен марапаттауды дәстүрге айналдыру да бір ғажап емес пе?!
Өнерлілер мен қалталылар осы күні өздерінің мәрттігімен елге танымал болып жатса, бұл күні берілер атақ олимпиада чемпионы деген секілді өте мәртебелі болса, Наурыз күні туған нәрестелерімізге арнайы медаль тапсыратын болсақ, әр қала, әр аудан бұл мейрамға жыл бойы дайындалып, өз өкілдерін анықтап, облыс делегациясының құрамына енгізілсе… Сондай-ақ, өнерлілер, талапты жастар, еңбек озаттары арасынан халқының санына байланысты әр ауданнан, әр қаладан қанша адам барары анықталса, республика бойынша тойланатын мерекеге жастарымыз әр қиырдан өздеріне достар тауып жатса, мемлекет тарапынан осындай мейрам өткізу елдің ұлттық рухани келбетін әлемге танытар еді.
Сөйтіп, біз бабаларымыз тойлаған көктем мерекесін нағыз Ұлыстың ұлы күніне айналдырар едік.

 

Сайын НАЗАРБЕКҰЛЫ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жазушылар, Сәулетшілер одақтарының мүшесі.
АҚТАУ.

 

www.egemen.kz