Жаңалықтар
Әйел – өмір тірегі
Бейсенбі, 8 Наурыз, 2012
Ақордада көктем шуағы шашылды
«Әйел – өмір тірегі». Газетіміздің маңдайшасына қойылған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы сөзінің салмағы батпан, тамыры терең. Өмірді нұрландырып, гүлдендіріп тұратын әйел- ана, әйел-ару болмаса, тірліктің сәні де жоқ. Әйелді ардақтау, аялау, құрметтеу, қорғау – ер азаматтың мойнына әлмисақтан ілінген парыз.
Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық әйелдер қауымы арасынан еліміздің іші-сыртында өмірдің әр саласы бойынша қилы-қилы табыстарға жетіп жүрген бір топ аруларды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай қабылдады. Осы қабылдаудың «Көктем шуағы» деген романтикалық атау алуының өзі адамға жылы нұрын шашып тұр. Кездесуге келгендердің арасында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Жәния Әубәкірова, «Ғашықтар әлемі» журналының бас редакторы Баян Есентаева, Италиядағы Джузеппе Верди атындағы консерваторияның студенті Мария Мудряк, шахматтан 14 жасқа дейінгі қыздар арасынан әлем чемпионы Динара Сәдуақасова, Дүние жүзі қазақтары қауымдастығының бөлім меңгерушісі Ботагөз Уатқан, Көкшетау гуманитарлық-техникалық лицейі қазақ тілінің мұғалімі Наталья Дементьева және т.б. болды.
Аруларды жылы жүзбен қарсы алып, мерекелерімен шын жүректен құттықтаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев олар арқылы барлық қазақстандық әйелдерді, ақ жаулықты аналар мен халқымыздың сүйікті, сүйкімді қыздарын құттықтап отырғанын ескертті. Президент 8 наурыздың қаһарлы қыстан кейін көктемнің шуағымен келетін ең әдемі, жүрекке жылы, назды мереке екенін атап өтті. Бүгінгі күні әлем елдерінің арасынан 80 мемлекет осы мерекені атап өтеді. Адамзаттың жартысынан көбі әйелдер, бүгін Қазақстан халқының да басым бөлігі әйелдер болып отыр. Әйелдер отбасының иесі ғана емес, мемлекеттік қызметте де, бизнесте де, денсаулық сақтау, білім беру жүйелерінде, тіпті тауысып болмайтын өмірдің барлық саласында көрініп, еліміздің Тәуелсіздігін нығайту жолында белсенді еңбек етіп жүр.
Бүгінгі күні қазақстандық депутаттардың 22 пайызы – әйелдер, бұл – еуропалық көп мемлекеттер қол жеткізе алмаған табыс. Үкіметімізде 3 министрлік орынтақ та әйелдерге тиесілі. Осының бәріне Қазақстанның әйелдерге жасап отырған зор қамқорлығының арқасында қол жеткізіліп отыр. Одан әрі Елбасы өткен жолғы президенттік және парламенттік сайлауларда, қала берді Тәуелсіздіктің барлық 20 жылы бойы бастан кешкен қиындықтар мен тар жолдарда өзінің саясатын қызу қолдағандары үшін әйелдер қауымына ризашылығын білдірді. Біздің барлық жетістіктеріміз бен табыстарымызда әйелдердің үлесі мол, деді Президент.
Осы кездесуде мен жанға жағымды толқу үстінде отырмын. Өйткені, адамзаттың тамаша бөлігіне жататын сүйкімді жандарды мерекелерімен құттықтау әрқашанда көңіл сүйсіндіретін сәт, деп жалғады сөзін Елбасы. Бүгінгі күні денсаулық сақтау саласы мен білім беру жүйелерінде әйелдердің үлесі 90 пайыз. Шағын бизнесті қолдауға бөлінген несиелердің 40 пайызын да әйелдер алады. Қалай десек те, әлемді ер азаматтар билегенімен, ерді әйел билейді. Бірақ ер азаматтар әйелге күрделі қызметтерді жүктегісі келмейді, осының өзі дұрыс емес. Өзімнің өмірлік мол тәжірибемнен байқағаным, ер азаматтар дұрыс атқара алмаған шаруаларды әйелдерге жүктесең әрқашанда тәртіп орнап, жаңа идеялар туып, нәтижесінде жақсы табыстарға қол жеткізіледі. Мұны ер азаматтар мойындаулары керек. Осының өзі әйелдердің жауапкершілігінің артықтығын көрсетеді. Сіздер өздеріңіздің отбасыларыңыздың отын жағып қана қоймай, елдің де мәселелерін шешуге белсене қатысып жүрсіздер. Әсіресе, елдегі тыныштық, тұрақтылық пен өзара төзімділікке қосып жатқан үлестеріңіз мол.
Одан әрі Мемлекет басшысы үкіметтің әйелдер қауымына жасап отырған қамқорлығын санамалап шықты. Соның ішінде денсаулық сақтау, білім беру салаларындағы еңбекақының тәуелсіздік жылдарында еселеп артқанын атап өтті. Алдағы уақытта да әйелдер қауымы мол еңбек ететін салаларға деген мемлекеттік қамқорлық жасалып тұратын болады. Соңғы Жолдауда да бұл туралы айтылды. Егер біз қолжетімді тұрғын үй салуды талап ететін болсақ, бұл да әйел-анаға деген қамқорлық емес пе? Өздеріңізге белгілі, бүгінгі күні көптеген елдерде экономикалық дағдарыс болып, несиеге сүйеніп отырған мемлекеттерде жұмыс орындары қысқарып, еңбекақылар төмендеп, зейнетақылық жастар ұлғайтылып, жеңілдіктер азайтылып жатыр. Сонымен бірге, медициналық көмектер қымбат. Мәселен, бізде алғашқы медициналық көмек мүлде тегін жасалатын болса, Грекия мен Италияда дәрігерге жазылудың өзі ғана 300 еуро, жүрекке жасалатын ота 300 мың еуроны құрайды. Ал біз мұндай отаны тегін жасайтынымызды білесіздер. Жұмыспен қамту, ауылды жаңғырту бағдарламалары бойынша несиелер беріліп, жаңа жұмыс орындары ашылып, еңбекақы арттырылып жатыр. Барлық жер еңбекақыны азайтып, зейнетақыны төмендетіп жатыр, ал біз оларды өсірудеміз. Біздегі 10 пайыздық табыс салығының мөлшерлемесі ТМД елдеріндегі ең төменгісі. Электр қуаты, су, коммуналдық төлемдер де бізде басқалармен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Қолжетімді тұрғын үй бағдарламасы да адамдар үшін үлкен жеңілдік болып отыр. 1 млн. шаршы метрге жуық осындай тұрғын үйлер биылдан бастап салына бастайды. Осының бәріне біз ұстанған саясатымыздың дұрыстығының, еліміздің тыныштығының, бірлігінің арқасында қол жеткізіп отырмыз, дей келіп, әйелдерді мерекелерімен тағы да құттықтап, Елбасы өзінің сөзін аяқтады.
Одан кейін кездесуге келген қазақстандық әйелдер қауымының өкілдері сөз алып, өздерінің көкейлеріндегі ойларын айтты. Алғашқы сөзді Алматыдағы Қазақтың ұлттық консерваториясының ректоры Жәния Әубәкірова айтты. Меніңше, бұл кездесу біздің әрқайсымыз үшін үлкен құрмет деп білемін. Мен бұрын көңіл аудармайды екенмін, жаңа Сіз қазақстандықтардың жартысынан көбі әйелдер екенін айтқаныңызда таңқалдым. Біз арқылы Сіз осы 8 млн. халықты құттықтап тұрсаңыз, Сізге де 8 млн. алғыс айтылары сөзсіз, дей келіп, ол Президенттің еңбегіне жаңа табыстар тіледі. Одан әрі музыкант өзінің сөзі өнер туралы болмайтынын ескертті. Мен бүгін елімізде болып жатқан толағай табыстарға тоқталғым келеді. Меніңше, жауапты адамдар ғана емес, әрбір қазақстандық еліміздің стратегиялық бағытын тануы керек. Біздің әрқайсымыз әрбір өзекті проблемаларды шешуге өз тарапымыздан атсалысқанымыз жөн. Мен музыкант болсам да бүгінгі күні біздің заңнамалық базамыздың қалай жетілдірілгенін көріп жүрмін. Жаңа қабылданған дұрыс заңдардың арқасында жақсы жетістіктерге қол жеткізу мүмкіндігі туды. Сіздің түрлі деңгейдегі жауапты қызметкерлермен кездесулеріңізде адамдардың санасын жаңа сападағы жақсы сатыға көтеру жолында қаншама қуат, уақыт жұмсайтыныңызды сезінеміз. Осындай реформаларды жүргізуге қоғамымыздың елгезек бөлігі болып табылатын әйелдер қауымы үлкен үлес қосып отыр. Сіз өз сөзіңізде де айтып кеттіңіз, әйелдердің адам әлеуетінің сапасын көтерудегі рөлі үлкен. Еліміздің болашақтағы инновациялық дамуында әйелдер қауымына үлкен сенім артып отырсыз. Сеніміңізге рахмет айтамыз. Әйелдердің ең басты міндеті – ана болу болса, бұл іс бізге батылдық, сенімділік, алға қарай ұмтылушылық беріп, жаңа табыстарға бастайды. Еліміздің барлық өңірлерінде салынып жатқан мектептер, балабақшалар, демалыс орындары, саябақтар, университеттер, концерт залдары – осының бәрі адамға, оның ішінде әйел-анаға деген қамқорлық, деді Жәния Яхияқызы.
Тағы бір қатысушы мемлекеттік тілде сөйлей жөнелген еді, тілінің жатықтығына қарап қазақ қызы екен десек, Көкшетау қаласындағы гуманитарлық-техникалық лицейдің мұғалімі Наталья Дементьева екен. Мен 10 жыл бойы лицейде қазақ тілі пәнінен сабақ беріп келемін, деп бастады ол өзінің сөзін. Ал орта мектепті осы қалада орысша бітірген едім. Анам марқұм маған: «Қазақ тілін үйрен, қызым, сен Қазақстан азаматысың», деуші еді. Мен анамның сол сөзін жерге тастамай, университеттің қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түстім. Бар ынтамды қазақ тілін үйренуге жұмсап едім, еңбегім зая кеткен жоқ. Мемлекеттік тілді білгендігім менің алдымнан кең жол ашты. Қазір негізгі жұмысыммен қатар, жергілікті телеарнадан мемлекеттік тілді үйрететін сабақтар өткіземін. Соңғы кездері қазақ тілін үйренуші көрермендер қатары көбейіп келе жатқанына куә болып жүрміз. Бір ауыз сөз өзімнің отбасым туралы. Ұлты армян болса да жұбайымның да қазақ тілін үйренуге деген ынтасы зор. Ал баламыз «Балапан» бағдарламасын ешкімнің үйретуінсіз, өзі тауып алып қарайды. Сіз өзіңіздің Жолдауыңызда жастарға патриоттық тәрбие беру, ұлтаралық келісімге баулу мәселесін Үкіметке тапсырғаныңызды білеміз. Біздің өңірдің жастары бұл талапты зор ынтамен орындауда екенін айта кету ләзім.
Сөзінің соңында ол 2008 жылы «Нұр Отан» ХДП съезіне қатысқанын және онда екі тілде сөйлегенін айта келіп, Елбасының сол тұста: «Таза қазақша сөйлей бермедің бе?» дегені өзіне қамшы болып, қазір тек қана қазақша сөйлейтінін мәлім етті және «менің бұл ісім барлық жастарға үлгі болсын» деп сөзін аяқтады. Елбасы оны осы жерде Жәния Әубәкіроваға үлгі етіп, келесі жолы оның да ана тілінде сөйлеуін тіледі.
Одан кейінгі сөз кезегін «Богатырь көмір» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Жұлдызай Тәженова алды. Ол өз ұжымдары туралы айта келіп, онда 7 мың адам еңбек ететінін, орташа еңбекақы 110 мың теңге екенін жеткізді. Біздің «Богатырь» разрезі жылына 42 млн. тонна көмір өндіре алады. Ал бұл жылына 20 жылу электрстансасын, 16 үлкен қаланы, 110 үйлер мен кәсіпорындарды қамтамасыз ете алады, деді ол. Сонымен бірге, кәсіпорын қазір жаңа инвестициялық жобаны іске асырып жатыр екен, ол толық қуатында аяқталғанда көмір өндіру көлемі 8 млн. тоннаға артатын көрінеді. Сіздің Жолдауыңызда елімізді индустрияландыруға әрбір қазақстандықтың қатысуы керектігі айтылған. Біз бұл талаптың үдесінен шығып, жаңа екі инновациялық жобаны іске асырудамыз, деді кеншілердің басшысы.
Сөз кезегі өзіне тигенде белгілі продюсер, тележүргізуші Баян Есентаева өзінің атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды. Мен өзімнің продюсерлік компаниямда жас таланттарды табу ісімен және көркем фильмдер түсірумен айналысамын, деді ол. Одан әрі Елбасының тапсырмасының және қолдауының арқасында бүгінгі күні «Қазақфильм» киностудиясы барлық Орталық Азиядағы кинематографтың көшбасшысына айналғанын айтты. Бүгін күніне 28 мың қазақстандық кино қарайды. Соның ішінде «Балалық шағымның аспаны» фильмі біз үшін айрықша оқиға болды. Ол қазақстандық прокаттың алдына шықты. Мен өзім оған үшінші рет барғанда ғана кіре алдым, деді Б.Есентаева. Сөзінің қорытындысында ол бүгінгі күні Қазақстанда әйелдер үшін барлық есіктің ашықтығына қуанышты екенін атап көрсетті.
«Республикалық жедел жәрдем орталығы» АҚ-тың медициналық директоры Ирина Пивоварова осы жерге өзінің барша дәрігерлер қауымының атынан келіп отырғанын айта келіп, медицинаның бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы әңгімеледі. Күніне 270 мың адам біздің көмегімізге зәру екенін білдіреді. Әрбір сағат сайын жедел жәрдем 580 шақыру қабылдайды. Ал жылына 2,5 млн. адам стационарлық ем-дом қабылдайды, деді ол. Одан әрі Елбасының тапсырмасымен қабылданған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының арқасында жүректі, миды және т.б. ауыстыруға мүмкіндік алғандарын және соның бәрі бізде тегін жасалатынын көлденең тартты. Ал мұндай операцияны жасайтын дамыған шетелдерде оталар 180 мың доллар тұрады, деді ол.
Бұдан кейін Қорғаныс министрлігінің десанттық-штурмандық батальонының санитар-нұсқаушысы Назгүл Дәрменбаева, Атырау қаласы темір жол вокзалының бастығы Гүлсім Биташева және жас әнші Мария Мудряк сөйлеп, өздерінің пікірлерін білдірді. Соның ішінде Елбасының көмегінің арқасында Италиядағы ең үздік әншілер мектебіне түскен Мария Мудряк өзінің сезімін әнмен жеткізуді қалап, италиялық «Травиата» операсынан ария орындап берді.
Кездесу соңынан Елбасы Н.Назарбаев көп балалы аналар Г.Нышанбаева мен Ж.Рахманованың мойнына «Алтын алқа» тақты. Сонымен бірге Н.Назарбаев өзінің атына айтылған жылы пікірлерге алғысын айта келіп, алдағы уақытта да Қазақстан осы бағытынан таймай, қарапайым адамның қамы үшін өмірдің барлық саласында жағдайды жақсарта беретінін және бұл істе әйелдер мәселесі алдыңғы орында болатынын айтты.
Жақсыбай САМРАТ,
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ және И.БУРГАНДИНОВ.