Жаңалықтар
Арғы бет пен бергі бет
Сәрсенбі, 29 Ақпан, 2012
Қытай мен Қазақ елі арасындағы байланыс бекем
Қай заманда да шекарамыз бір болып, қай қоғамда да қарым-қатынасымыз көп үзіле қоймаған Қытай мемлекетіне, оның ішінде Шыңжаң Ұйғыр автономиялық районы (ШҰАР) мен Іле қазақ облысына барған журналистік сапарымыздағы алғашқы дидарласу қытай, ұйғыр тілдерінде жарық көріп келе жатқан партиялық басылымда өтті. Басылым «Синьцзянская экономическая газета» деп аталады. Газет жарық көріп келе жатқан 20 жыл ішінде медиа холдингке айналып үлгеріпті. Оның құрамына 10 газет, 5 қосымша, 2 интернет-портал кіреді екен. Әріптестеріміздің меңзеуінше, осының бәрі Қытай реформасының бас архитекторы Дэн Сяопиннің ұлы идеясының арқасында жүзеге асыпты. Күн сайын 180 бет болып 600 мың таралыммен шығатын газет өңір өмірінің айнасы деуге боларлық. Журналистер қауымы алға қойған басты мақсаттары туралы әңгіме тарқатқанда, оқырман көңілінен шығу, олардың тілек-талабын бұлжытпай орындау, билік пен халықтың арасына мықты болат арқау болу, тіл тазалығына, сөз мәніне жете зер салу екенін айтты. Біз мұны медиа холдинг партия ұйымының хатшысы, бас редактор, баспа директоры Янь Гохуэймен пікір алмасқанда да аңғардық.
Медиа холдинг шығаратын ақпарат құралдарының кейбіреулерінің атын атай кетсек, «Ақсу Дэйли», «Алтай Дэйли», «Китайские соотечественники в Кыргызстане», «Китайские соотечественники в Казахстане», «Контимост» т.б. Бұл газет-журналдар қытай, ұйғыр, қазақ, өзге де тілдерде жарияланады. Елдің жетістігін танытып, іргелес мемлекеттермен қатынасты ақпарат құралдары арқылы да тереңдете беру, сонымен қатар, сырттағы қандастарын ата-жұртындағы өзгерістерден хабардар етіп отыру жағын жүйелі жүргізу мақсатында әр айдың 30-ы күні жарық көретін «Контимост» журналын парақтағанда да айқын көрініп тұрды. Орыс және қытай тілінде жарық көретін журналда Орталық Азия молынан қамтылып, әдемі қағаз, жақсы безендірумен шығатынын көрдік. Біздің Отанымыз, әсіресе Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына ерекше назар аударғанын оқып отырғанда көңіл шіркін, марқайып-ақ қалды. Ал медиа холдингтің әлемнен жаңалықтар алып, хабар жіберетін сайттары да баршылық. Жалпы, басылым басшыларымен болған дидарласуда айтылған әңгіме желісі екі ел журналистерінің арасындағы қарым-қатынасты жетілдіріп, тәжірибе алмасуды, пікір бөлісуді орнықтыру, ортақ мәселелер бойынша түйінді әңгімелер өткізіп тұру жайы алға тартылды. Шынында, журналистер қауымының бар міндет-мақсаты мемлекеттердің жақсысын көрсету екені белгілі. Біз осы жағына келгенде ниетіміздің ортақ екенін ұғыстық.
Үрімжі сапарына барған үш басылым өкілдеріне («Деловой Казахстан» газетінің бас редакторы Серік Қоржымбаев, «Экспресс К» тілшісі Владислав Шпаков) ШҰАР баспасөз орталығының бөлім бастығы Ли Цзе жол бастап, бағыт беріп отырды. Ыбырай Алтынсарин атамыз: «Айшылық алыс жерлерден сымсыз хабар алғызған» деп айтқандай, қазір электрондық ақпарат құралдарының дәуірі жүріп тұр ғой. Тіпті осыдан 2 ғасыр бұрын бүгінгі күнді болжаған қазақтың ұлы ұстазының ой-байламы ол кезде қиял болса, осы күні шындыққа айналды. Сондықтан бабамыздың фантастикалық идеясының жүзеге асуын дүние жүзіне жар салып айтып, дәйектеуге болатын секілді. Сондай электрондық ақпарат көзі қазақ бауырларымыз жұмыс істеп жатқан «Тәңіртау» торабы еді. Өрімдей келісті бір жігіт, үлпершектей бес қыз жұмыс істейтін тораптың атқарып жатқан елге деген қызметі ұшан-теңіз-ақ. Талаптары таудай, ұмтылыстары терең қазақпыз дейді. Қазақ жұртының Қытай елінде де бар екенін танытсақ дейді. Тіліміздің тағдыры толғандырады, ұлтымыздың болашағы ойландырады. Біз осы үшін тер төгіп жүрміз дейді. Бейжіңде оқу бітіріп келген Құрманкүл Әспен деген қызымыз осының бәріне жағдай жасап отырған ШҰАР үгіт бөлімі, дей келіп, зор көмекке ілтипатын білдірді. Қытай тілінен қазақшаға өзіміз аударамыз, жұртқа қажет, қандастарымызға керек деген ақпараттарды орталық тораптан, «Шыңжаң» газетінен аламыз, тілшілерге шығамыз. Тіл байлығынан, терминдерден қиналсақ, Қазақ елінің торабынан сөздіктер қараймыз. 5 айдар, 16 арна, 71 айдаршамыз бар. Қазір тораптың көлемі де, мазмұны да, суреттері де артып барады. Қолтума өнеріміз туралы «Мыңбояу», тарихымыз жайлы «Дала өркениеті», ұлтымыздың тірлік-тынысы, әдет-ғұрпына бағыттап «Білгенге маржан», «Алтын тамыр», бұларға қоса заң, өзге де блоктар оқырмандар мен көрермендерге қызмет етуде. Айдарларымызды алуан түрлі жолмен ұйымдастырамыз. Негізгі тірлігіміз де, сүйенеріміз де халық, сол халықтың ішіндегі зиялылар. Көзі ашық, көңілі ояулар. Бір сөзбен айтқанда, қаумалап жүрер қалың қауым. Мұның бәрі тиісті орындардың ақаусыз қамқорлығының арқасында жүзеге асып отыр. Алға қойған мақсатымыз бауырларымызды өз еліндегі, өзге жұрттардағы жағымды істермен таныстыру, – дейді ол. Олардың бұл тірлігі ұтылып қалмайық, жұтылып кетпейік дегендері шығар. «Тәңіртаудың» ерікті тілшілері барлық қазақ тұрып жатқан өңірлерден көмек қолын созатынын естіп, олардың патриоттық рухына тәнті болдық. Әр күн сайын жаңалықтар жіберіп отыруды өздеріне парыз санайтынына да ризалығымыз шексіз. Оларды болашақта ынталандыру мақсатында қаламақы төлеу жайы да ойластырылуда екен. Тәңіртаулықтардың келешекте бірнеше тілде ақпарат берсек деген талпыныстары, жалынды жігері қуантпай қоймады.
Шыңжаң радио-кино-теледидар орталығы өз алдына бір әлемдей көрінді. 12-ші арна 4 сағат балаларға арнап, ал 3-ші, 8-ші арналар 20 сағат бойы қазақ тілінде ұлтымызға қызмет көрсетеді екен. Аударма саласы бойынша қазақ бөліміне жауапты Әділ Оспанұлының айтуына қарағанда, Шыңжаң, Алтай, Іле теледидары жылына мың сериядан аса теле және кинофильмдерді аударып, жоғарыдағы теледидарларға беріп отыратын көрінеді. Мұның сыртында «Тянь-Шань» киностудиясы түсірген қазақ тіліндегі көркем дүние де халықтың қалаулысына айналып үлгеріпті. Жақында ғана пайдалануға берілген, 1800 шаршы метр ауқымды алып жатқан телестудиямен де таныстық. Мұнда көгілдір сандықтан көрсетілетін концерттер, түрлі қойылымдар, ақындар айтысы, Наурыз тойының думан салтанаты тікелей, не алдын ала түсіріледі. Бұрынғы 380 шаршы метр телестудия да жұмыс істеп тұр. Теледидар мен радиодан берілетін хабарлар орталық, Шыңжаң, жергілікті жерлер бойынша жүйеленген. Осының әрқайсысына арнайы редакциялар құрылып, ондағы қызметкерлер заманға сай техникамен, технологиямен жарақтаныпты. Ең бастысы, әр өңірдің өз ерекшелігін сақтау, құрметтеу жақсы жолға қойылған.
ШҰАР-да жоғары білім беретін іргелі оқу орны Шыңжаң университеті десек, бұл білім ордасының іргетасы 1924 жылы қаланыпты. Қазір ХХІ ғасырдың мықты университеттерінің қатарынан орын алыпты. Білім ұясында 23 институт болса, онда 74 мамандық бойынша бакалаврлар, 157 бағытта магистрлер, 48 саладан докторлар әзірлейді екен. Университетте 30 мыңнан артық талапкер білім алып жатса, оның 19 мыңы студенттер, 3640-ы аспиранттар, 430-ы шетелдіктер. Олардың арасында біздің Отанымыздан 180 азамат өздері қалаған мамандықтары негізінде оқып жүр. Біз олармен де жүздестік. Білім жетілдіру жолында АҚШ-та, Германияда, Канадада болған, қазір қытай тілінен докторантурада жүрген М.Ахметқалиеваның түйіндеуінше, өмір бойы білім алудан ұтпасаң, ұтылмайды екенсің. Қоршаған ортаны ластанудан қорғау жөніндегі ізденістерін құптап, жағдай жасап отырған университет ұжымына ризалығын білдіріп, біздің елдің талапкерлері талантымен де, дарынымен де, ізет-инабатымен де, алған тәрбиесімен де үлгілі көрініп жүр, деп нақты дәйектер келтірді ол. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген біз мұндай ризалықты университет оқытушыларының аузынан да естідік. Нұрқасым Әшімбай, Болат Нұрәлі, Нұрманғазы Әбдіраев секілді еліміздің жоғары оқу орындарының сақа ұстаздары да білім толықтырып, ғылым әлеміне бой ұрып жүргенін көрдік. Бауырларымыздың қай-қайсысымен тілдессек те оқуға барлық жағдайдың жасалғанын, соған сай тәртіптілікті талап ететінін айтады. «Өз Отанымыздың патриотымыз. Оқу бітірген соң елге барып қызмет етеміз!» дейді шетінен. «Біз – Қазақ елінің болашағымыз. Ел үмітін ақтау парызымыз», – дейді Сымбат атты ақсары қыз, – «Мен алғашқы жылы 13 мың юань төлеп оқыдым. Бұған ай сайын жатақханаға төлейтін – 400, визаға беретін – 800, сақтандыруға аударатын – 450 юаньды қосыңыз. Мұның бәрі қыруар қаржы. Талаптансаң, ұмтылсаң, жақсы оқысаң сені қамқорлыққа кенелтетінін көрген соң күндіз-түні әзірлендім. Соның нәтижесінде грантты жеңіп алдым. Жоғарыда айтқан шығынның бәрі университет есебіне көшіп, маған 200 доллар көлемінде стипендия тағайындады. Өткен жолы асқазаным ауырып ауруханаға жаттым, 1000 доллардай қаржым кетті. Дәлелді қағаздарымды университет басшылығына көрсеттім. Олар Бейжіңге хабарласып, құжатымды жіберді. Ол жақтан ақшасы қайтарылсын, бәрі заң аясында депті. Шыққан шығынды бірден қолыма ұстатты. Мұнда сен бар болғаны талапкерсің, мен мұғаліммін, не басшымын демейді. Қандай іс болсын жұмған жұдырықтай бірлікте атқарады. Ондай кезде басшы-қосшы, үлкен-кіші деген бөлінушілікке жол берілмейді. Университетте грант 5 жылдық, 1 жылдық, 6 айлық, тіпті 3 айлық та болады. Бәрі студенттің талабына, талантына байланысты. Грантты айқындау сабақ беретін оқытушының келісімімен шешіледі. Бұл оқытушы беделін өсіреді. Грант алдым деп шалқақтап жүруге мұғалімдер жол бермейді. Ұстаздар студенттердің 6 айда алған білімін, тәртібін, қоғамдық жұмысқа қатысуын таразы басында теңшеп, талапқа сай келмесе грантты қайырып алу керек деген ұсыныс жасайды. Қайтарылған грантты үздік оқып жүрген студентке беру туралы басшылыққа құжаттар әзірлейді. Грантты тапсырғанда «Қаржы бердік, екі кісілік жатақханада жатасың, тамақ жағы жеткілікті, оқу құралы ұшан-теңіз, оқытушылардың талабына қарай білім алуың керек. Егер мұндай жақсылықты ұғынбасаң, ата-анаңның қалтасын қағатын боласың» дейді. Әрине, жағдайыңа қарамай, бірден лақтырып жіберу деген бұл елде көп кездесе қоймайды. Әлі де мүмкіндік бар дейді. Егер өзіңнің салақтығыңнан гранттан айырылсаң, одан кейін ақылың кіріп, ес жиып, жақсы оқып кетсең 1 жылдан соң 100 пайыз оқу ақысын университет өз мойнына алады. Икемге көнбесең ғана оқу орнымен қоштасасың, дейді ол.
Бұған қарап кімнің еркетотай ұлы, еркін жүрген қызы болсаң да білім алу жолында керіліп, созылуға, сабаққа кешігіп келіп, ерте кетуге, жалған айтып, сылтауға жүгінуге жолдың жабылғанын көресің. Тәртіп бәріне ортақ екенін естігенде батыр Бауыржанның «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі ойыңа оралады. Оқу бітіргеннен кейінгі ол елдің саған айтары: «Отаныңа барып еңбек ет, қытай тілін ұрпаққа үйрет, сөйтіп екі мемлекетке де пайдаңды тигіз». Бітті. Өзге талап жоқ.
Үрімжі қаласындағы ШҰАР орталық мұражайында болғанымызда арғы-бергі тарихтан мол мағлұмат алдық. Ғасырлардың куәсіндей болған жәдігерлерді көрдік. Тамырлас тарих көз алдымыздан өтті. Екі мың жылдық тарихы бар ою-өрнектер, 2500 жыл бұрын мыстан құйылған (1981 жылы Күнестен табылған) атты нөкер, алуан түрлі құймалар, 1271-1368 жылдар аралығындағы фарфор ыдыстар, қорғандар, мазарлар, 3800 жыл бұрын өмірден озған 45 жастағы адамның көп өзгере қоймаған табыттағы ұсқыны – бәрі де өңірде өркениет үрдісінің атам заманнан болғанын дәйектейді.
Шыңжаңның қилы кезеңдерін жазған тарихшы, көрнекті қаламгер ретінде елін жақсы білетін, біліп қана қоймай оны том-том кітап етіп шығарған, мемлекет қадірін ұғып, құрмет тұтатын Жақып Мырзақановпен де сыр-сұхбат құрдық. Білімдар азаматтан көп деректерге қанық болдық. Ол туралы алдағы уақытта жан-жақты ой қозғамақ ниеттеміз.
Қытай мемлекетінің экономикадағы қарқыны әлем жұртшылығының көз алдында. Өздері бұл жетістікті ойлы реформаның бастаушысы Дэн Сяопиннің көрегендігімен ұштастырады. Біз барған Шыңжаңда да экономикалық даму қарымды көрінді. Өлкедегі байлық – мұнай, газ, көмір қорлары, тағы басқа шикізат көздері баршылық екен. Соны игерудің еселеп артқанына өндіріс орындарында болғанда көз жеткіздік. 2010 жылы ішкі жалпы өнім 41,881 миллиард юаньға жетіп, алдағы жылмен салыстырғанда 10,6 пайызға өсіпті. Ұлттық табыс 34,08 пайызды құраған. Астық 30 пайызға, мақта 40 пайызға көтерілген. Мақта өндіруден мемлекет ішінде Шыңжаң бірінші орынға шығыпты. Өндіріс 13 пайызды құрап, шикі мұнайды өңдеу 255,816 миллион тоннаға көтерілсе, газ өндірісі 24,991 миллиард болып бүкіл елде бірінші орынды иемденіпті. Мұнай және мұнай химиясы бойынша өңір атап айтарлықтай рөлге ие болған. Химия өндірісіне арналған зауыт Қытай елі бойынша үшінші орында тұр. Қай саланы болса да жаңартуға ұмтылу үрдісі, ең бастысы адамға құрметпен қарау, еңбегін бағалау алдыңғы орында тұр. Химия зауытында өндірілетін өнімнің 20 пайызы шетелдерге жіберілетінін айтады зауыт басшылары. Ал 1993 жылы іргетасы көтерілген «ЮнчанСекисуй» компаниясы болат-әйнек өнеркәсібін жақсы жолға қойыпты. Болат-әйнектен жасалған алуан түрлі құбырлар жер астында шірімейді де, бүлінбейді екен. Сонымен қатар, темір жолдарға арнап жасаған синтетикалық шпал өзінің беріктігін дәйектеген. Сол секілді өзен арналарындағы суды ысырап жасамай, тиісті жерлерге жеткізуге қажет алуан түрлі пластикалық әйнектен жасалған науалар, бұрғылар, сыйымдылығы әртүрлі цистерналар шығаратынын, бұл сала бойынша төрткүл дүниемен жыл сайын байланыстарын күшейтіп, қанаттарын кеңге жайып келе жатқанын, оның ішінде Қазақ елінің де бар екенін, әсіресе, Астана, Атырау, Ақтау қалаларымен қарым-қатынаста екенін, бірнеше мемлекеттермен бірлескен кәсіпорындар ашқанын, ондай мекеменің Өзбекстанның Ферғана облысында орын тепкенін тілге тиек етіп, «Біздің міндет халық тұрмысын талапқа сай жақсарту, үкімет алға қойған міндетті мінсіз орындау» дейді зауыттың тізгін ұстарлары.
«Сенімділік, жаңашылдық, қоршаған ортаға қамқорлық, ыңғайлылық, бейімділік» деп барлық жұмысты бес тұғырдың аясында бекемдеген, ел көлемінен асып, дүние жүзіне танылып үлгерген «ТВЕА» электро-техникалық компаниясының тірлік-тынысы тіпті бөлек. Ізденістері ірі, нәтижесі нақты, жүзеге асқан іс халықтың қажетін өтеп, қолын ұзартып отыр. Трансформатор жасаудан әлемдік биікке көтеріліпті. Жаңа материалдарды пайдалана отырып, сапалы энергия өңдеу, оны қолданысқа енгізу басты мақсат саналады. Сонымен қатар, өзге елдердің де тапсырысын дер кезінде орындау жұмысы да дұрыс жолға қойылған.
Қазақ елімен қанаттас жатқан Іле қазақ автономия облысында жалғасқан іс сапарымызда ол өңірдің де өрелі істеріне, өрісті жетістіктеріне тәнті болдық. Жаңарған жердің жұрты бір кісідей бірігіп, жұдырықтай жұмылып, қатардан қалмайық деген еңбекшіл ниетіне тәнті етті. Бұл ұмтылыс бүкіл іргелі елдің адамдарына ортақ қасиет десе де болғандай. Үлкен де, кішісі де қарап тұрғанды қаламайды. Ортақ істе жұдырықтай жұмылып кетеді. Бірінің сөзін екіншісі ұйып тыңдайды, ілгері бастырсақ деген ынтаға ықылас қояды.
Қорғастан екі мемлекет үлкен халықаралық сауда орталығын салу ниетінде екенін көрдік. Онда тауар мен ақша ғана дәуірлемейтін көрінеді. Мәдениет пен өнер де өрісін кеңейтетін секілді. 2002 жылы пайдалануға берілген, қайнаған суға салып бұқтырсаң тез пісетін кеспе зауыты күніне 120 мың шағын ыдыстағы асты тұтынушыға жібереді. Зауытта 160-тай адам істейді екен. Бүкіл ШҰАР-ды, Орталық Азияны қамтамасыз етіп отырған шағын зауыттың қимыл-қарекеті таңдай қақтырмай қоймайды. Өткен жылы біздің елден зауыт өніміне 30 пайыз сұраныс түсіпті. Құрылысын салып, жарақтандыруға 10 миллион юань жұмсалса, ол шығын қазір бір жылда екі есе қайтып отырғанын көрдік. Осы жерде Әбдікәрім (Байысұлы) болыстың шөбересі Хадыл Тынысбекпен таныстық. Қилы кезеңде ер-азамат не көрмеген, шарадай басы шақшадай болып, қайда қалмаған. Тектінің тұяғы емес пе, өзі келіп, болыстың ұрпағы екенін айтты.
Қытайда орнықтырып байыту, үнемдей отырып бағаны тұрақтандыру, кәсіпке орналастыру, әлеуметтік қамсыздандыруды жақсарту, жас ұрпаққа тиянақты білім беру, тағы басқа халықтың әл-ауқатына аса қажет жұмыстар жақсы жолға қойылыпты. Егер отбасында еңбек етуге қабілетті адамдар болып, олар құр қол отырса, 24 сағат ішінде біреуіне кәсіп тауып беру міндеті басшылыққа жүктелген. Ерекше істі, ерекше шұғыл жұмысты дер кезінде шешуді партия басшысы тапсырса үкімет бұлжытпай орындайтын мықты құрылым қалыптасқан. ШҰАР-да бір жылда миллиондаған халықты жұмысқа орналастыру ісі қолға алыныпты. Бұл үшін жұмыс орындарын ашу мәселесін алдын-ала тиянақтап қойыпты. Іле қазақ облысында өткен жылы мыңдаған қандастарымызды жақсы үйге кіргізу жоспарланса, ол да толық жүзеге асыпты. Кадр мәселесінде ауыл әкімін қала тірлігіне тартып, сынаққа салу, саусағына шаң жұқпаған қалалықты ауылға жіберіп, табанын жерге тигізу – шенеуніктер үшін сабақ, дейді басшылықта жүрген азаматтар.
15 гектар жерді алып жатқан, жыл бойы халықты көкөніспен қамтитын жылыжайда болғанымызда, ұтқыр ұйымдастырылған істің нәтижесін көрдік. Жылыжайда танысқан Шун Жимин деген азамат бір мекеме басшысының орынбасары болып шықты. Мемлекеттік қызметтен қолы қалт етсе диқаншылықпен айналысып, әйеліне көмек қолын созады екен. Шун Жиминнің айтуынша, 15 гектар жерде 2600 жылыжай болса, оның 5-уі жұбайына тиесілі көрінеді. Жер үкіметтікі, сол жердің салығын, электр қуатының, судың ғана шығынын төлейтіндерін, одан қалған қаржы өздерінің қолдарына тиетінін, өндірген өнімдерін келісім бойынша қабылдау орындары табанынан таусылдырмай уақытысында қабылдап, ақшасын қолма-қол беретінін алға тартты. Мұндай ыждағаттылық ауыл еңбеккерлері өндірген өнімнің бәріне тән болып шықты. 7-8 ай бойы өнім беретін бір жылыжайдағы қызанақты екі күнде бір рет жинағанда жарты тонна өнім алады. Химиялық заттар қосылмаған өнімге сұраныс үлкен, біз табиғи тыңайтқышпен қоректендіреміз, деген жылыжай иесінің сөзіне құлақ түріп, «Табиғи тыңайтқыштарды қайдан аласыздар?» дейміз. Сөйтсек, әр диқан ақшасын төлеп, бір-бір малшыны алдын ала «жекешелендіріп» алыпты. Бір отырыста сондағы азаматтардың «аттың қиы алтын болып тұр» деген сөздеріне онша мән бере қоймаған едік. Сөйтсек, оның ақиқатына жылыжайда көз жеткіздік. Өнімі сапалы диқанға үкімет көтермелеу бағытында көлемді сыйақы тағайындайтынын, ол тапқан табысына қосымша кіріс, жақсы еңбек етсең мыңдап емес, миллиондап табыс табуыңа болатынын көрдік.
Жаңадан бой көтерген «Бағбан» ауылында болғанымызда КСРО заманында жиі айтылатын ауыл мен қаланы жақындастыру деген ұғым ақиқатқа айналғандай. Бұрын көшелері қыңыр-қисық, үйлері жүдеу ауылдарды тың жерден салу үрдісінің жемісі сол «Бағбан» ауылы ма дедік. Жаңа жерден бой көтерген ауылдың көркі көңілге медеу. Атқан оқтай көшелері түзу. Сәнді баспана әркімнің қалауына қарай салыныпты. Алмагүл деген азаматшаның табалдырығын аттап, әңгімеге тарттық. «Жаңа ауылдың іргетасы наурыз айында қаланып еді. 402 үйді қарашада бітірді. Баспанам 88 шаршы метр. Қаржы жағынан келгенде ескі үйімді, жерді есептеп пұлын берді. Үкімет есебінен 44 мың юан қосты. Бұл маған берілген тегін көмек. Осы 44 мың юаньнің 10 мыңын орталық үкімет (Бейжің), 10 мыңын ішкерідегі Нанкин өлкесі, 15 мыңын ШҰАР, 9 мыңын өзіміздің халық үкіметі берді. Аз-кем жетпегеніне банктен қарызға алдық. Бізде ондай қарыздың үстемесін үкімет өз мойнына алған» дейді ол сыңғырлап тұрған бөлмелерін, сауна, моншасын, ауласын таныстырып жүріп.
«Мынандай үйдің төңірегіне қора-қопсы салу обал-ау!» деген оймен «Не шаруамен айналысасыз?» дейміз ғой баяғы. «Малымыз, егіндік жеріміз бар. Біздің елде малмен адам жақын тұрмау керек деген саясат бар. Мына үй соның дәлелі. Қора-жайымыз сыртта. Барып, келу жағы қалтқысыз ұйымдастырылған. Азаматым өрісте болар. Малды қоралап, кешкісін мұнтаздай болып келеді» дейді Алмагүл жылы жымиып. Шынында тал, терегі сыңсып өскен, көшелері таза «Бағбан» ауылының атына заты сай-ақ.
34 мың қой, 2 мың жылқы, сиыр өсіріп отырған тың жерден ірге тіккен «Жаңажер» ауылы да қала тақылеттес. 501 түтінге лайықталған ауыл құрылысы 2009 жыл басталып, 2010 жылы 252 үй бітіп, тұрғындар жайғасыпты. Мұндағы қаржы мәселесінің шешілуі де «Бағбандағыдай» түйінделген. Мысалы, 101 шаршы метр үй 113 мың юанды құрайды. «Бұл бастаманың түпкі мақсаты малшыларды шұбырып көшіп жүруден құтқару, халықтың кезінде жағдайына қарай салған баспаналарын уақыт талабына сай жаңартып, жер сілкінісіне берік үймен жаңарту. Мезгілсіз болатын табиғат апаттарынан осындай үйлер арқылы жұртты қиындықтан құтқару. Бұған қоса партия белгілеп берген 20 жыл ішінде адамдар арасындағы алшақтықты жою, артта қалушылықты болдырмау, яғни халық тұрмысын осылайша оңалту, өмір сүру салтын жетілдіру. Әсіресе, үлкендер мен балалардың қысы-жазы көшке еріп жүруіне жол бермеу. Өткен жылы 249 үйдің құрылысын бастаған едік. Бәрінің де керегесі көтеріліп, шатыры жабылды. Енді әрлеу жұмыстары қолға алынады. Ол біткен соң бұл ауылдың мәселесі толық шешілді дейміз. Барлық үй газбен, жылы сумен қамтылып, қаладағыдай күн кешеді. Ауылда емхана, аурухана, балабақша, мектеп – бәрі жұмыс істеп тұр. Оны бірінші кезекте әзірлеп қойған едік. Малшылар төрт маусымдық жайылымда жеңіл көшпен жүреді. Ауылға келіп-кетуі жан-жақты ойластырылған», дейді «Жаңаауыл» әкімінің орынбасары Ә.Жұмахан. Адам дәрігері, малды емдейтін мамандар, малшылармен бір сапта жүреді екен. Вакцина тегін, малшы бір жыл ішінде мал басына 20 тиын ғана төлейді. Бұл мал маманы көлігінің жанармайын өтеу үшін ғана. Әкімнің орынбасары тағы мынандай деректі алға тартты. Ол отырықшылдыққа айналған малшылар арасындағы жұмыссыздықты жоюдың төмендегідей тәсілі еді. Қалаған кәсіпке қол жеткізу үшін мамандықтар бойынша оқу ұйымдастырылады. Онда тамақ, жатақхана тегін. Бұған қоса күн сайын жүріп-тұруына 15 юань беріледі. 3 ай, 6 ай оқып кәсіп алғандарды жұмысқа орналастыру да алдын ала жоспарланып қойған. Тағы бір түйінді шешім, жоғары оқу орнын бітіріп келіп, мекемеден жұмыс шықпаған жағдайда қызметке тұрғанша нәсіп болар кәсіппен айналыс деп 50-60 мың юань пайызсыз қаржы береді екен. Соны дөңгелентіп әкетіп, кәсіпкер болып кеткендер де көп. Қай жағынан келсеңіз де бізде тұтыну арзан. Барлық киім-кешекті, ішетін асты өзіміз өндіреміз. Үлкен-кішіміз жоқтан бар жасауға ұмтыламыз. Бос жүру, жөн-жосықсыз ақша шашу бізге жат қылық, дейді ол. Зейнетақы бойынша ұққанымыз, ерлер 60-та, әйелдер 50-де демалысқа шығады. Қарапайым адамдармен сыр бөліскенде 1100 юаньмен зейнетке шығып, кейін өсе келе, 2 мыңға жеткенін білдік.
Текес ауданының орталығынан біраз жерде жатқан Шиліөзек ауылында болып, тұрғындардың жағдайымен де жан-жақты таныстық. Бұл ауыл да мал өсірумен айналысады екен. Мысалы, Қыдырәлі деген азаматтың жүзден аса қойы, 25 сиыры бар көрінеді. Ал ауыл бойынша 20 мың қой-ешкі өсіріп отыр екен. Әркім өзі жалға алған жерді қоршап алып, соны күтеді. Егер сол жердің тозып кетуіне жол бермей, көздің қарашығындай күтсең, әр гектарына 60 юаннан сыйақы төлейді. Күте алмасаң, салар айыппұл да аз емес. Қыдырәлі өзіне тиесілі 160 гектар жердің әр гектарына жайылым ақы үшін 120 юань төлейтінін айтып, мал дәрігерлері мінсіз қызмет ететінін, қажет дәрі-дәрмектің тегін екенін алға тартты. Ауыл әкімі Б.Шаймерденнің айтуынша, ауылдағы малшы қауымды отырықтандыру мақсатында 138 жаңа үйдің салынғанын, оған әртүрлі деңгейдегі үкімет органдары көмек бергенін, әр азамат денсаулығын сақтандыруға жыл сайын 30 юан төлейтінін, аудан көлеміндегі ауруханаға жатса 70 пайызын үкімет мойнына алатынын, ал өздері тұрып жатқан жердегі емханаларға емделетін болса 90 пайыз тегін ем қабылдайтынын еске салды. Егер денсаулығы жақсы болса, жыл сайынғы сақтандыруға құйған 30 юаны жинала беретінін, тұрмысы төмен ауыл тұрғындарының 40 пайызына көмектесіп отырғанын, мүгедек не асыраушысынан айырылған 50 отбасы тікелей мемлекеттің қамқорлығында тұрғанын жеткізді.
Кілең қазақ тұратын ауылдағы қандастарымызбен сөйлескенде, олар өздеріне соңғы кездері жасалып жатқан қамқорлыққа дән риза екендіктерін айтады. Сонымен бірге, тәуелсіздігін алған атажұртына деген ілтипатын да, кей тұста сағынышын да жасыра алмайды. Разақ деген азамат еңселі үйін, ауласы толған техникасын, өрістегі малын мерей тұтқанмен, атамекенге жетер жер қайдан болсын деген сезімін іркіп қалмады. Бауырларымыз іргелес екі мемлекетке тыныштық тілеп, бірлікте болса екен дейді. Өздерінің ешқайдан ауып келмегенін, сол жерде сан ғасырлар бойы ата-бабалары мекен еткенін, енді ол күндердің алыс қалып, өздері өмір сүріп отырған Отанының жанашырлығына ризалықтарын білдіріп, аз ұлттарға жасалып жатқан жақсылықты жоғары бағалайды. Ешқандай қиындықтары жоқтығын, алалаудың болмайтынын, ұлттық рухани құндылықтарды дамытуға шек қойылмайтынын, оқимын деген жасқа жолдың ашық екенін айтады. Балаларының білім алуы туралы сұрастырғанда ұққанымыз, бастауыш сыныпта өз ана тілдерінде білім алатынын, қытай тілі қосымша оқытылатынын, одан кейінгі сыныптарда негізгі пәндер қытай тілінде жүретінін, ата-ана тілеп жатса өз тілінде оқуға жағдай жасалатынын, бірақ болашақ үшін мемлекеттік тілде оқу қажеттігін алға тартады. 9 сыныпқа дейін бәрі тегін. Егер одан әрі оқуды жалғастырсаң, шамалы ақы төлейсің, ал тұрмысы орта отбасыларының талантты балаларын мемлекет өз қамқорлығына алған.
Сапардан көңілге түйгендеріміз осылар болды. Ең бастысы халық пен биліктің арасы жақындап, елдік істі бітіруде ұйымшыл екен. Ауылды жер де, қала да қызу тірлік үстінде. Көнекөздердің айтуынша, бір кездері жалданатын жұмыссыздар аз болмаса, қазір ұтқыр ұйымдастырудың нәтижесінде жұртты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл мен қаланы жақындастыру өз жемісін бере бастапты.
Сүлеймен МӘМЕТ.
Астана – Үрімжі – Құлжа – Астана.