Жаңалықтар
Бұрхан Бұлақ – Орталық Азиядағы ең үлкен сарқырама
Сейсенбі, 14 Ақпан, 2012
«Қазақстанда Орталық Азиядағы ең үлкен сарқырама бар деп естідім. Ол еліміздің қай аймағында? Осы сарқырама жайлы жан-жақты мәлімет білгім келеді", депті бізге жолдаған бір хатында талдықорғандық студент Айсұлу Серікқызы. Осы сауал түрткі болды да, Орталық Азияда ең биіктен құлай ағатын сарқырама туралы дәйек пен дерек іздестіруге тура келді.
Қазақ энциклопедиясында: «Бұрхан – Іле өзені алабында. Ұзындығы 50 км, су жиналатын алқабы 255 шаршы шақырым. Жоңғар Алатауындағы Тышқан жотасының оңтүстік беткейінен басталып, Жәркент қаласының тұсында Үсек өзеніне құяды. Арнасы тау арасында тар, жағасы тік жар болып келеді. Жауын-шашын, жер асты суымен қоректенеді», делінген.
Осы жерде сөз реті келген соң айта кетейін, қазір көбінесе Өсек деп аталып жүрген өзеннің атауы тіпті олай емес, Үсек екен. Мағынасы тым тереңде көрінеді. Қазақ энциклопедиясы тайға таңба басқандай етіп жазыпты. «Бұл неге Өсек?» деп жүретін едік… Бәсе!
Өзге мәлімет бойынша да Бұрхан Бұлақ Жетісудағы, тіпті Орталық Азиядағы ең үлкен сарқырама саналады. Қора өзенінің сайында, теңіз деңгейінен 2000 метр биіктікте орналасқан. Оның үш сатысының биіктігі – 112 метрге, ең биік тұсы 120 метрге жетеді. Тонналаған мұзды су төменге бұрқырай құлап, айналаны шашыранды сумен жуып өтеді. Жап-жасыл мүкке оранған қызғылт түсті тастардың аясында мөп-мөлдір су тамшылары күн көзіне шағылысып, түрлі-түсті кемпірқосақты толықтырып отырады. Су қатты ағынмен баспалдақтар мен кемерлерді жасырып, төменге құлдилайды. Текелі қаласынан 55 км. жердегі Қора өзенінің шатқалындағы Бұрқан Бұлақтың бірегей күкіртті-сутегі тұмасы емдік қасиеттерімен де танымал.
Сарқырама бірнеше күркіреуікті құламадан тұрады. Оның үшеуі төменгі жағынан көрінсе, төртіншісін тек соқпақ жолмен жоғары шыққанда ғана аңғара аласыз. Мұндағы су қоры, әсіресе, шілде айында көбейе түседі. Ғалымдар болжамында ерте заманда Қора шатқалы будда монахтарының мекені болған делінеді. «Бұрхан» сөзінің төркіні соны меңзейді. Бұл жердің бір тұсында осыдан бірнеше ғасыр бұрын жартастарға қашалған Будданың мүсінін мүк басып жатуы да мүмкін.
Қытай Халық Республикасымен арада 400 шақырымға созылып жатқан Жоңғар Алатауы табиғи шекара іспеттес. Мұндағы Қора шатқалының ұзындығы – 90 километр. Жаз айларында Бұрхан Бұлақ сарқырамасы маңында Талдықорған қаласындағы «Неміс үйі» атты қоғамдық бірлестіктің киіз үйлі-шатырлы қалашығы бой көтеріп, балалардың демалысына лайықты жағдай жасалады. Мәселен, 2011 жылы екі маусымдық жазғы лагерьде 80-нен астам оқушы мен студент демалған. Бұл бірлестік 2007 жылы ақпан айында Жоңғар Алатауының Қора шатқалында биоәртүрлілікті сақтай отырып, экотуризмді дамыту жөніндегі экологиялық сауықтыру жобасын қорғаған және «Таубұлақ» экологиялық автотуристер лагерінің алаңын құру үшін Ғаламдық экологиялық қорынан грант алған. Жобалар аясында Текелі орманшылығында 2008 жылдан бастап 2011 жылға дейін шаған ағашының 13000 түп көшетін 3 гектар жерге еккен олар 2500 түп қарағай көшетінен тәлімбақтың негізін қалапты.
Иә, сонымен туристер болса Бұрхан Бұлақ сарқырамасына Ақсу ауданының Абай ауылы арқылы 110 шақырым жолды еңсеріп барып жетеді. Негізінен, қазір Қазақстан аумағында туристер 700-ден астам бағыт бойынша түрлі тарихи, табиғи серуен жасай алады. Соның бірі – Бұрхан Бұлақ бағыты. Оған жетудің бір желісі бойынша Алматыдан 300 шақырым жердегі Текелі қаласына келесіз де, одан әрі 55 шақырым жол жүріп сарқыраманың сағасына ілігесіз.
Полиметалл кенін өндіретін Текелі қаласы әлемдегі ең ұзын көшесімен әйгілі. Мұндағы 28 шақырымға созылып жатқан Дінмұхамед Қонаев атындағы көше – кеншілердің мақтанышы. Табиғаты тамылжыған өлкеде туризмді дамытудың сан түрлі мүмкіндіктері бар. Қала – Қора, Шиже, Текелі деп аталатын үш тау өзенінің тоғысына орналасқан, теңіз деңгейінен 950-1600 метр биіктікте, іргесі 1911 жылы қаланып, 1927 жылы кент мәртебесін алған. Текеліге жақын тау шатқалдары мен өзен суларында марал, таутеке, елік, борсық, күзен, суыр, түлкі, қасқыр, тиін, сілеусін, қоян, жабайы шошқа, тағы басқа аңдар кездеседі. Шырша, қайың, терек, тал, қарағай, алма ағашы тәрізді орман алқабы қалыптасқан.
Бұрхан Бұлаққа баратын жолдың тауқыметі көп. Қылқан жапырақты самырсынды қалың орманды түре бойлай отырып, үшкір тасты сүрлеу жолмен мимырттай жылжыған машина 55 шақырымды бес сағатта әрең жүріп өтеді. Жолай кездесетін омарташылар туристерді қуана қарсы алып, қимай шығарып салып жатады. Шекара аймағы саналғандықтан, ондаған жылдар бойы тұйықталған өңір тұма табиғатымен ерекше көркем. Тасқа жазылған айдақ-сайбақ адам аттары да, пластикті құтылар да көзге түспейтіні тамсандырады. Әу баста осылай жаратылған табиғаттың көрінісін сол қалпында тамашалап, Бұрхан Бұлаққа «уһ» деп жеткен кезіңізде, сіз бұл жерге сонша машақатпен келгеніңізді әп-сәтте ұмытасыз. Осы бір таңғажайыпты көру үшін бес сағат емес, тұтас бір күн бойы жолда титықтаудың өзі еш өкініш емес екенін сонда түсінесіз. Кереметтігі сонша, бәрі бір ертегідегідей, айналаңыздың бәрі жәннаттың миуа бағындай жайнап тұрады-ау, шіркін!
Ал енді, халық аузында сақталған бір аңыздың мазмұны былай өріледі: «Бұрхан – анасының жалғыз ұлы екен. Осы баласын тым жақсы көретін шешесі күндердің күнінде Бұрхан жүзінен иманы төгілген инабатты да тіл алғыш келін түсірсе деп арман етіпті. Алайда, ұлы тәкаппар әрі бірбеткей Қора сұлуға ғашық болады. Бұл таңдау көңілінен шықпаған ана екі ынтызар жүректің бірігуіне жол бергісі келмей, орасан зор тас қамал соғады да баласын қамап тастайды. Әйтсе де Бұрханның махаббаты бәрінен басым түсіп, қамалдан асып төгілген суы Қора сұлудың өзеніне қосылады. Міне, содан бері екеуі тел ағысқа айналып, телегей теңіз өзен болыпты. Баласынан айрылып қалған ананың көз жасы да әлі тыйылмапты. Бұрхан Бұлақ сарқырамасымен қатарлас жылай ағатын кішкентай жылға осы «Ананың көз жасы» дейді сол аңыз желісін жеткізетіндер.
Қора шатқалы кереметтеріне келсек, Текелі келісі – Қора өзенінің шатқалына кіре берісте сізді биіктігі үш метр болатын бір алып тас «қарсы алады». Одан бәдізделген Будданың бейнесін көресіз. Тас бетінің тура ортасында табиғаттың өзі қашаған су толы келіні ұшыратасыз. Бұл табиғи «ыдыстың» ішіндегі су жыл бойы еш ортаймайды, жергілікті тұрғындардың ұғымы оны киелі су деп қабылдайды. Тұғыртастың төменгі жағынан рельефті бейнелер мен мифтік жануарлардың сұлбасы көзге шалынады. Ламалар осынау келі тастың энергетикалық қуаты шексіз, оның қасиеті табиғаттың барлық стихиясы көмегімен таралады деп пайымдайды. Кімде кім бұл жерге аяқ басса, игілікке кенеледі деп жориды. Келітастың Қора шатқалына кіреберісте орнығуы да бекер емес деген көнекөздер. Мұнда табиғаттың төрт құбылысы – су, топырақ, жел мен от (Күн) орнықты үйлесімін тапқан. Археологтар буырқанып жататын Қора шатқалының жонында талай құпия жасырынған деп топшылайды.
Әулие тас – бұл шатқалда оны байқамай өту тіпті мүмкін емес. Орасан зор, аппақ тас көзге бірден шалынады. Оны қоршаған айнала орманнан тура сондай тасты тіпті кездестірмейсіз. Жергілікті тұрғындар киелі деп ұғады. Міндетті түрде тағзым етіп, қасында өсіп тұрған шыршаға шүберек байлайды. Ал енді ол бұл араға қалай келген?
Тым ертеде өзен бойында ауыл тұрыпты-мыс. Түгін тартса майы сорғалаған өрістерде мыңғырып мал жатыпты. Еш алаңсыз тірлік кешкен адамдар бір күні алапат жер сілкінісінен адам айтса нанғысыз әбігерге душар болады. Сонау бір тау қапталынан осы тас жолындағының бәрін жапырып төмен қарай құлдилай жөнеліпті. Кімнің әлі келгендей, бір ғасыр тұрған шыршаларды қирата екпіндеген тастың бағыты тура жолындағы бір киіз үйге ентелей түседі. Үй ішінде әйел толғатып жатыпты. Енді мына кереметті қараңыз, әлгі тас талықсыған келіншек жатқан үйге бірнеше сантиметр қалғанда қалт тұра қалады! Іңгәлап нәресте өмірге келіпті. Содан бері әулие тас аталады.
Мұндағы өсімдік және жануарлар әлемі де туристердің назарына бірден түседі. Жетісу мақлұқат дүниесіндегі Тянь-Шань қоңыр аюының орны тіпті бөлек. Көктемде ұзақ ұйқыдан оянған «қорбаңбайлар» апанынан есіней түрегеліп, айналаға еріне көз салады. Тура сол кезде оптикалық құралы сақадай сай, тәжірибелі орманшының жолбасшылығымен діттеген тұсқа жақсы жайғасқан әуесқойлар аюдың талай-талай құпия сырларына қанығады.
Егер, ғайыптан тайып жолыңыз бола қалса, сіз бұл арадан әлемнің ешбір жерінен кездеспейтін, атауын биологтар Жетісудың бақатісті реликті тритоны деп құжаттаған қосмекенді мақұлықты жолықтыруыңыз бек мүмкін. Өкінішке қарай, олар соңғы кезде мүлдем азайған. Өйткені, бұрынырақ кезде бұл тритонның етін шығыс және қытай медицинасы шикізат ретінде пайдаланғандықтан, оған көз сұғын қадаушылар көп болыпты. Сондықтан жаппай аулап, жойып жіберуге шақ қалыпты. Олардың азаюының және бір себебі – тіршілік ортасының ластануы болса керек. Өйткені, бақатісті тритон тек қана кәусар суда өмір сүреді екен.
Ал енді осман форелін мұндағы тау өзендерінің бәрінен ұстауға болады. Әсіресе, қармақ жемінің кез келген түрін түстен кейін таңдамай қабатын оны балыққұмар қауым ымырт үйірілгенше армансыз қарпып қалып жатады.
Жоңғар Алатауының осы бір тұсы жер бетіндегі жәннат дегенге сенбеске әддіңіз қалмайды. Өйткені, мұнда әлемдегі күллі алма атаулының мәдени сортының түп атасы саналатын Сиверс алма ағашы өседі.
Жалпы, Жоңғар Алатауының табиғаты таңғажайып, адам баласының қолы мүлде тимеген, пәк қалпында сақталған жерлер мұнда соншалық көп. Сирек кездесетін шөптердің сан түрін, Тянь-Шань шыршасын, алтын тамыр мен көкемаралды, долананы, санай берсек жетіп артылатын өсімдіктер мен мақлұқат дүниесін тек қана осы жерден кездестіруге болады.
Жолдарыңыз түссе, жаз айларында Бұрхан Бұлақты бір көріп қайтыңыздар. Еш өкінбейтіндей әсерге бөленеріңізге кәміл сеніңіз. Табиғат пен адам егіз дегеннің шындығына осылай көз жеткізеріңіз сондықтан.
Күмісжан БАЙЖАН
Алматы облысы