Жаңалықтар
Ұлан – жылдың үздік футболшысы
Жұма, 23 Желтоқсан, 2011
Еліміздің футбол федерациясы жылдың ең мықты ойыншысын анықтады. Ол – Қазақстан ұлттық құрама командасының талантты ойыншысы, Жамбыл облысының тумасы және бірнеше жыл «Тараз» футбол клубының намысын қорғаған, бүгінде Қарағандының «Шахтер» командасы сапында әдемі ойын өрнегін танытып жүрген Ұлан Қонысбаев болып табылды.
Қоңыр күзде Түркия мен Қазақстан құрама командаларының кездесуі болғаны белгілі. Сол тартысты ойында Ұланның түріктер қақпасына алыстан қиғаштай соққан голын әлемдік футбол жанкүйерлері ерекше шеберлік деп бағалаған болатын.
Сондай-ақ, Ұлан «Шахтер» командасының биылғы ел чемпионы атануына да үлкен үлес қосты. Сондықтан болар, еліміздің футбол тізгінін ұстаған білікті мамандар 2011 жылы елімізде Ұланға теңесетін футболшы жоқ деп ұйғарыпты. Әрине, біз мұны өте орнды және әділ шешім деп қабылдаймыз.
«Шахтердің» шебер ойыншысы Ұлан Қонысбаевты үздік футболшы деген атағымен құттықтай отырып, одан алдағы жылдарда да жеңісті ойындар күтеміз.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Тараз қаласы.
Суретте: Ұлан Қонысбаев (сол жақта) кезекті шабуыл сәтінде.