Жаңалықтар
Министрлік қазақстандықтарға онлайн банкингтің паролін жиі ауыстырып тұруға кеңес берді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай интернет алаяқтықтан сақтанудың жолдарын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Статистика бойынша, халықтың 90%-ы интернет қолданады. Желіде болған кезде мынадай сақтық шараларын қаперде ұстау керек. Ешқандай жағдайда өзін банк қызметкері немесе құқық қорғау органдарының өкілі ретінде таныстырып, телефон арқылы нұсқау беретін адамдардың сөзіне сенбеу керек. Құқық қорғау органдары ешқандай арнайы операцияны телефон арқылы жүргізбейді. Сондықтан пластик картаның реквизиттері, ақша аударымын жасағаны туралы түбіртектер, кодтар мен кілт сөздер сияқты жеке бастың деректерін ешкімге, тіпті банк пен құқық қорғау қызметкерлеріне де беруге болмайды», - дейді Жандос Сүйінбай.
Оның айтуынша, жеке деректерді бейтаныс, тексерілмеген сайттарға енгізуге де болмайды. телефон арқылы беруге болмайды.
«Тексермей тұрып алдын ала төлем жасаудан аулақ болу қажет. Тауарды алғаннан кейін ғана ақысын жіберуге тырысқан жөн. Күдікті келісім үшін ақша аударуға, табыс көзі ашық көрсетілмеген қаржылық схемаларға қатысуға болмайды. Ұялы телефонға тек App Store, Play market арқылы жүктелген қосымшаларды орнатып, қолдану қажет», - деді ІІМ өкілі.
Сондай-ақ ол бейтаныс нөмірден келген немесе экранға қайта-қайта шыға беретін спам-хабарламаларға жауап беруге, сілтемелерге кіруге болмайтынын ескертті.
«Алаяқтар көбінесе сілтеме арқылы өтіп төлем жасауды ұсынады. Олай істеуге болмайды. Банкинг қызметіне кіру үшін қойылған парольдерді жиі ауыстырып отырыңыз. Банктердің өзі ұсынатын 3D-қорғаныс қызметін пайдаланыңыз. Гаджетке лицензиясы бар антивирус бағдарламасын орнату қажет. Парольдерді күрделі етіп құрып, пайдалану керек. Байланыстың қауіпсіздігін тексеріп барып кіру қажет. Гаджеттерге «баладан қорғаныс» функциясын орнатқан артық болмайды. Интернеттегі жеке бас деректерін шектеп, құпия деректерді интернет арқылы беруден сақ болған жөн», - деді орталық бастығы.