Жаңалықтар
Елорда әкімі тұрғындардың ақылы тұрақтарға қатысты шағымын қарауға уәде берді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда әкімі Алтай Көлгінов қала тұрғындарының ақылы тұрақтарға қатысты шағымын қарауға уәде берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ақылы тұрақтар – бұл да ірі қалалар үшін жаңа жоба. Халықаралық тәжірибеде ақылы тұрақтар тәртіпсіз қозғалысты немесе тәртіпсіз тұрақтарды реттеу үшін қолданылады. Жоба Министрліктер үйі орналасқан Мәңгілік ел даңғылында жақсы қырынан көрінді. Кезінде автокөлік қоятын жер болмай, шағым көп түсетін еді. Одан кейін, әсіресе қыс уақытында көліктер қаланың қарын тазалауға да кедергі келтіретін», - деді Алтай Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның атап өтуінше, ақылы тұрақтарға қатысты мемлекеттік-жекешелік әріптестік келісімшартына 2019 жылы қол қойылған.
«Біз оны қайтадан қарадық. Естеріңізде болса, тіпті әлеуметтік тұрғын үйлердің жанына ақылы тұрақтар орната бастаған соң тұрғындардан шағымның көп түскенін ескере отырып, соттасқан да едік. Оған түбегейлі қарсы (тұрғын үйлердің жанына ақылы тұрақ орнатуға) болдық және оны қайта қарадық. Бұл жаңа жоба екенін ескерсек, оны жетілдіру үшін әлі де жұмыс істеуге дайынбыз. Ең бастысы, тәртіптің болуы және тұрғындардың мүддесіне қайшы келмеуі тиіс. Біз барлық шағымды қарауға дайынбыз. Егер ақылы тұрақтар бір жерде заңсыз орнатылса, онда оны алып тастаймыз», - деді елорда басшысы.