Жаңалықтар
Осы жылдың соңында цифрлық теңгенің платформасы сынақтан өткізілмек
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Цифрлық теңге» жобасының консультативтік кеңесі құрылды. Бұл туралы ҚазАқпарат Ұлттық банкке сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан Ұлттық банкі мен Төлем және қаржылық технологияларды дамыту орталығы «Цифрлық теңгені енгізу бойынша шешім қабылдау моделі» баяндамасын жариялады.
Осы модель бойынша алынған зерттеу нәтижелерінің негізінде 2022 жылдың соңына дейін Қазақстанда Орталық банктің цифрлық валютасын енгізу туралы қорытынды шешім әзірленеді.
«Цифрлық теңгені іске қосу туралы шешім қабылдаудағы басымдық төлем қызметтерін тұтынушылар үшін айқын нәтиже болады.Талдау құралдары ретінде технологиялық эксперименттер, экономикалық модельдеу, мүдделі тараптармен дизайн-сессиялар қарастырылған. 2022 жылдың 4-тоқсанында нарыққа қатысушылармен және тұтынушылармен Цифрлық теңгенің технологиялық платформасын өтпелі тестілеу жоспарланған. Зерттеу нәтижелерін объективті түсіндіру мақсатында тәуелсіз халықаралық сарапшылар мен халықаралық қаржы ұйымдары қызметкерлерінің қатысуымен «Цифрлық теңге» жобасының консультативтік кеңесі құрылды. Қаржы нарығының қатысушыларымен цифрлық теңгенің экожүйесін құру да жобаны дамытудағы табыстылықтың маңызды факторы болып табылады. Осы мақсаттар үшін коллаборативті алаң – Digital Tenge Hub құрылды. Оған нарық қатысушылары, инфрақұрылымдық ойыншылар, халықаралық серіктестер қатысады», - делінген банк хабарламасында.
Цифрлық теңгені енгізу, оның ішінде офлайн төлеу мүмкіндігі арқылы төлем мен қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттырады.