Жаңалықтар
Астаналықтарды денсаулық сақтау, абаттандыру және автобус мәселесі жиі алаңдатады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елорда жұртшылығын жиі алаңдататын мәселелер белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Нұр-Сұлтан қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы берген мәліметке сүйенсек, биыл iKOMEK-109 орталығына 661 мыңнан астам өтініш түскен.
Елорда тұрғындарын негізінен денсаулық сақтау, қоғамдық көлік, абаттандыру және тағы басқа мәселелер алаңдатады.
«Мониторинг және жедел әрекет ету орталығы қаладағы қауіпсіз әрі таза тіршілік үшін бақылау жүргізеді. Оның ішінде коммуналдық қызметтер де бар. Бүгінде қала іші мен тұрғын үй алаптары аумағындағы қар уақытылы тазаланып, шығарылып жатыр», - деді iKOMEK109 қалалық орталығының басшысы Жаннат Дүбірова.
Орталықтың хабарлауынша, бейнебақылау камералары арқылы жолдар мен тұрғын үй аулаларын су шаю анықталған жағдайда, оқиға орнына жедел су сорғыш техникасы жіберіледі.
«Бейнебақылау инспекторлары тәулік бойы 16 мыңнан астам бейнебақылау камерасының көмегімен қала тұрғындарының қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруі үшін мониторинг жүргізеді. Бейнебақылау жүйесі қар жинау, су басу, қоқыс үйілу деректерін тіркейді. Сондай-ақ, қаладағы құқықтық тәртіп полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп ұйымдастырылады», - дейді ведомстводан.
Еске сала кетсек, iKOMEK109 бірыңғай байланыс орталығына кез келген тұрғын жүгіне алады.
Астаналықтар өздерін толғандырған мәселені төмендегі әдістердің бірін таңдап, орталыққа жеткізе алады.
- 109 нөміріне қоңырау шалу (қалалық және мобильді телефондар үшін тегін)
- қала әкімдігінің ресми сайты
- iKOMEK109 мобильді қосымшасы (PlayMarket/AppStore);
- Smart Astana мобильді қосымшасы (PlayMarket/AppStore);
- Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінде @ikomek109-ды белгілеу;
- 109@ikomekastana.kz электронды поштасы.