Жаңалықтар
«Наурыз» төсбелгісі, Наурызнаманы әлем тілдеріне аудару: Ұлыстың ұлы күнін қалай тойлаған жөн
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордалық ғалымдар мен сарапшылар Наурыз мерекесін тойлау жөнінде бірқатар ұсынымдарын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл туралы «Наурыз – ел бірлігінің мәдени коды: ізденіс, тұжырымдама, тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның қарары қабылданды.
«Наурызнамаға байланысты зерттеулер мен практикалық ізденістердің мейлінше толық электрондық базасы жасақталсын. Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультеті (философия, этнология, мәдениеттану бағыты) тарапынан «Наурыз мерекесі: заманауи талғам мен талап» атты жұмыс комиссиясы құрылсын. Соңғы жылдардағы «Наурыз мерекесін» атап өту мен жүргізудің сценарийлері тарихшы, этнограф, мәдениеттанушы ғалымдардың сүзгісінен өтіп, жинақ түрінде әзірленіп, шығарылып, тиісті орындарға, барлық кітапханаға таратылсын», - деп жазылған қарарда.
Сонымен бірге, Наурыз мерекесіне қатысты шаралар кешенін Тәуелсіздік құндылықтарымен сабақтастырып, кеңінен насихаттау, «Тарихи Наурызнаманы» (әлемдік антология) БҰҰ тілдеріне аударып, халықаралық кеңістікке таныту ұсынылған.
«Наурыздың мән-маңызына байланысты ғылыми тұжырымдар мен қағидаттар білім үдерісіне, әсіресе мәдениеттану, философия, этнология және өнертану салаларына енгізілсін. Парсы және түркі мәдениетіндегі наурызнамаға байланысты тәжірибелер, ойлар, ғылыми қорытындылар әлем мәдениетінде кең қолдануға мүмкіндіктер жасалсын. Түркістан өңірінде сақталған көне ескерткіштерді, соның ішінде наурызға қатысты ғұрыптарды зерттеуге ат салысу қажет. Шығыс елдері мен Түркі дүниесінің халықаралық саяси, экономикалық, мәдени шараларын Наурыз мерекесіне орайластыру сұралсын», - деп жазылған.
Одан бөлек, Наурызға орай халықаралық кітап және ұлттық мәдениет көрмелерін ұйымдастыру, «Наурыз» төсбелгісін әзірлеу, оны қоғамға кеңінен тарату бастамасы көтерілді.
«Наурыз шараларының бүлдіршіндер мен балаларға арналған танымдық және заманауи бағдарламалары көбейтілсін. Наурыздың (мерекенің) технологиялық, ақпараттық, қолданбалық мазмұнын, маңызын, әлеуетін көтеруді қолға алу керек. Қайырымдылық, рақымшылық шараларын Наурызға орайластыру қарастырылсын», - деп ұсынды конференция қатысушылары.