Жаңалықтар
Алматыда 132 мың адамға әлеуметтік көмек көрсетілді
2021 жылы Алматы қаласында халықтың осал топтарын әлеуметтік қолдауға 30 миллиардтан астам теңге бөлінді, оның 14 миллиард теңгесі жұмсалды, деп жазады Egemen.kz Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының ресми сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Назира Тоғызбаева онлайн брифингте айтты.
Н. Тоғызбаеваның айтуынша, жыл басынан бері 132 мың алматылық әлеуметтік қолдау алған. Көмек «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында көрсетілген. Аталған қолдауға аз қамтылған азаматтар, мүгедектер ие болған.
Сонымен қатар ол «Еңбек» бағдарламасы аясында жыл соңына дейін 13,8 млрд бөлінгенін, бұл қаражат 24 мыңнан астам адамға көмектесуге жеткілікті екенін мәлімдеді.
«Осы жылдың 7 айында Жұмыспен қамту орталығына 27 мың адам жүгінген. 19 700 адам жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша белсенді шараларға тартылды, 17 900 адам жұмысқа орналастырылды. Тұрақты жұмыспен қамтылғандардың ішінде мегаполистің 8 700 тұрғыны бар, тағы 9 200 адам уақытша жұмыспен қамтылды, 1 100 адам қазір әлеуметтік жұмыс орындарында жұмыс істейді, 1 500 үміткер жастар практикасы арқылы жаңа жұмысқа жолданды. Білім беру ұйымдарының тағы 800 түлегін жұмысқа орналастыру жоспарлануда. 6 600 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді», деді басқарма басшысы.