Жаңалықтар
Қандасқа көрсетілген қолдау
Ресей Федерациясының Астрахань облысында өмірге келген Жанна Ильбалиеваның мүгедектігі бар. Қазір жасы – 39-да. Атырауға бала кезінде қоныс аударған. Алайда жеке басын куәландыратын құжаты болмағандықтан, Қазақстан Республикасының азаматтығын алмаған.
– Осындай себеппен өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталықта тұруына мәжбүр болды. Бұған дейін оған әлеуметтік көмек тағайындалмаған. Атырау қалалық әкімдігінің тікелей қолдауымен бұл мәселе өз шешімін тапты. Оның екінші топтағы мүгедектігі мен жеке басын куәландыратын құжаттарды дайындап бердік. Енді ол әлеуметтік жәрдемақы алатын болды. Ең бастысы, Қазақстан Республикасының азаматтығын алды. Әкімдік тарапынан арнайы әлеуметтік қызметкер бөлінді, – дейді Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысы Нұрлы Хабиева.
Қазір пәтер құжатын қандастың атына рәсімдеу жүргізіліп жатыр. Пәтерінің коммуналдық қызметтерге берешегі толығымен өтеліп, тұрмысқа қажетті заттармен, киіммен қамтылған.
Ал облыстық Полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Руслан Әділовтің айтуынша, елімізде азаматтық алудың жеңілдетілген тәртібі 2020 жылғы тамыз айынан бері қолданысқа енгізілген. Бұл мүмкіндікті Ресей Федерациясы мен Өзбекстан Республикасынан көшіп келген қандастар пайдалана бастаған.
– Қандастар бір мезгілде Қазақстан Республикасының азаматтығы және тұрақты тұруға ықтиярхат алу үшін құжаттар мен өтінішті бере алады. Мұндай құжаттар мен өтінішті қарастыру мерзімі шамамен үш айға созылады. Жыл басынан Ресей Федерациясы мен Өзбекстан Республикасынан көшіп келген 16 қандас Қазақстанның азаматтығын алды, – дейді полиция полковнигі Р.Әділов.
Қазақстан Республикасының азаматтығын Жеңілдетілген тәртіппен иеленген қандастың қатарында Қуанышбек Базарбаев та бар. Жасы – 24-те.
– Бұрын Өзбекстан Республикасында тұрған едім. Атажұртымызға көшіп келіп, Қазақстанның азаматы атандым. Қуанышымда шек жоқ. Елдің азаматы атанғаннан артық қуаныш бола ма? Енді еліміздің өркендеуіне үлесімді қосуды мақсат етіп отырмын. Көші-қон қызметінің қызметкерлері азаматтық алудың жеңілдетілген тәртібін түсіндіріп, қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамын, – дейді Қ.Базарбаев.