№ 04 (172)
сәуір, 2024г.

Жарнама агенттігі

Біз жарнама нарығында ұсынылатын қызметтер сапасын үнемі арттырып отырамыз. Жарнама бизнесінде бірнеше жыл бойы жұмыс істей отырып,  біз – жарнама науқанының ойдағыдай болуының кепілін жарнама көлемінің орынды теңгерімі мен жарнама инновацияларын пайдалану айқындайды деген қорытындыға келдік.

БАСПА ЖӘНЕ ЭЛЕКТРОНДЫҚ
БАҚ-ТАҒЫ ЖАРНАМА

Жаңалықтар

Қаза мен аза

06.06.2012

Сәрсенбі, 6 маусым, 2012 

ҚАЙҒЫНЫҢ АРТЫН ҚАЙЫРЛЫ ЕТКЕЙ 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі Алматы облысындағы шекарамызда болған қайғылы оқиғаға байланысты отандастарымызға үндеу сөзін арнады. Онда былай делінген:
Құрметті бауырлар, отандастар! 2012 жылдың 30 мамыры күні Қазақстан мен Қытай шекарасынан суық хабар жетті. Алматы облысының «Арқанкерген» бекетін­де еліміздің тыныштығын, амандығын күзетіп тұрған 14 шекарашы мен 1 қорықшы балаларымыз бен бауырларымыз қапыда қаза тапқан. Соған байланысты елімізде 5 маусым ұлттық азалы күн болып жарияланды. Бүкіл халқымыздың қабырғасы қайысып, туымыз төмен түсірілді.
Осы қайғылы оқиғаға байланысты облыс, аудан, елді мекендердегі барлық мешіттерімізде олардың рухына қасиетті Құран аятын бағыштауға пәрмен бердім.
Адамзаттың асылы Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз бір хадисінде: «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі күнәсына өкініш білдіріп, оңаша­да егіліп жылаған көз, екіншісі Отанды қорғап шекара күзеткен көз», деген. Алла тағала шекарада қайтыс болған іні-бауырларымыздың қайғысының артын қайырлы еткей! Қайтыс болғандардың туған-туыстарына, бүкіл Қазақстан халқына көңіл айтамын. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да олардың отбасыларына көмек қолын созып, жәрдем беретінін мәлімдеймін.
Құрметті бауырлар! Жаратушы иеміз: «Бір ауыртпалықтан соң жеңілдік беремін», дейді. Солай болғай деп дұға-тілек айтайық. Мұның бәрі Алла таға­ланың сынағы деп қабылдаймыз. Жалпы, адам баласы жер бетіне сынақ үшін жіберілген. Басқа түскен қайғыға сабыр ету, тек Алладан медет тілеу – ол да иманнан. Сол үшін сабыр сақтап, ұстамдылық таныту қажет!
Жаратушы иемізден Отанымызда бұдан былай азалы күн болмауын, туы төмен түсірілмеуін тілейміз. Халқымыз, Отанымыз аман болып, туымыз асқақтап желбірей берсін.

БІР КҮНДІК ЕҢБЕКАҚЫЛАРЫН АУДАРАДЫ
Парламент Мәжілісінің депутаттары өздерінің бір күнгі еңбекақыларын Алматы облысының «Арқанкерген» бекетінде қаза тапқан шекарашылардың отбасыларына көмек ретінде жіберетін болды.
Елбасы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеме жасап, елімізде бір күндік ұлттық аза тұту жариялады. «Шекарашылар елдің шебін қорғау кезінде, қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау қызметінде тұрғанда қаза болды. Олар Қазақстанның бейбітшілігі мен болашағы жолында қыршынынан қиылды. Бұл трагедия қаза тапқандардың отбасылары мен ағайын-туғандарының ғана емес, барша қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырып отыр», деді өз мәлімдемесінде Мемлекет басшысы.



ТЫНЫШТЫҚТЫҢ ҚАДІРІН ТАНЫТҚАН ТРАГЕДИЯ
Қазақстан халқы Ассамблеясы кеше «Арқанкерген» шекара бекетіндегі қайғылы қазаға байланысты құрбан болғандардың ата-аналары мен туысқандарына қайғыра көңіл айтып, ел халқына үндеу арнады. Үндеуде былай делінген:

Ардақты отандастар!
Бүгін Қазақстанда ел Президенті Н.Ә.Назарбаев «Арқанкерген» шекара бекетінде қаза тапқандарға байланысты жариялаған Ұлттық аза тұту күні.
Мемлекет басшысы заставадағы трагедияны террорлық акт деп атады.
Тергеу жүріп жатыр, қылмыскерлер лайықты жазасын тартады.
Бұл трагедия бүкіл елді дүр сілкіндірді, біздің әрқайсымыз үшін тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің шын қадірін тағы да танытты.
Бүкіл Қазақстан халқы қаза тапқандарды аза тұтуда, болған жағдайды өз қасіретіндей сезінуде, біздің әрқайсымыз ортақ үйімізге келген қайғыны бірге көтерудеміз.
«Арқанкерген» шекара бекетіндегі трагедия қоғам мен оның азаматтары үшін қауіпсіздікті сақтаудың қаншалықты маңызды екенінің ескертпесі, Ұлт көшбас­шысының, мемлекет пен қоғамның құт қонған қазақ жерінде игілік пен тыныштық болуы үшін қандай күш-жігер жұмсайтындығының дәлелі.
Біздің шекарашыларымыз еліміздің шебін күзете жүріп, барлық қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғай жүріп, осы құн жетпес қа­сиеттер үшін өз өмірлерін қиды.
Олар өздерінің қыршын жасын Қазақстанның тыныштығы мен болашағы үшін пида етті.
Біз бүгін сол трагедияда қаза тапқандардың аруақтары алдында алғыс сезіммен, ұмытпайтын көңілмен бас иеміз.
Қазақстан халқы Ассамблеясы қаза тапқандардың ата-аналары мен туған-туысқандарына қайғырып көңіл айтады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңесі.
Астана қаласы, 2012 жылғы 5 маусым.

 

ДЕНИС 19 МАМЫРДА
19-ға енді ғана толыпты…
Әрине, бізге облыстағы Успен ауданының орталығы Успен ауылында тұратын «Арқанкерген» шекара бекетінде қаза тапқандардың қатарында болды деген Денис Рейдің ата-анасымен хабарласу оңайға соққан жоқ. Дегенмен де, аспаннан тас түскендей болған бұл оқиға бүкіл елдің қайғысы, қыршын жастар үшін бәріміздің де көңіліміз жаралы деп көңіл айтып барып, Денистің анасы Татьянамен аз-кем сөйлесіп үлгердік.
1993 жылы осы ауылда туды, осы жерде оқып, білім алды. Жуырда ғана 19 мамырда туған күні болып еді. Әскер қатарына былтыр күз айында шақырылған болатын. Астанаға барып, қан тапсырып келдік. Бірақ, мен ұлымның бұл өмірде жоқ екеніне сенбеймін, үміт үзбеймін, дейді азалы ана. Ал, Денис шекарашы болып, ел шетін күзетуде әскери қызметте жүрген ағасының жолын қуыпты. Біз хабарласып, жөн сұрасқан басқа да құзырлы орындар әзірге басқадай мәліметтер бере алмайтындарын айтты. Ал, аудандық әкімдік Денистің қаза тапқандардың қатарында деген мәлімет әлі болмағанын, бола қалған күнде көмек көрсетілетінін жеткізді. Облыстық әскери қорғаныс департаменті де: «Бізде павлодарлық шекарашы қаза тапты деген әзірге мәлімет жоқ, тексеру нәтижелерін күтудеміз», деп отыр. Су ішерлігі бар болса, өрімдей жас бала Денис әскери борышын өтеп ауылына оралар…

 

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.

 

АҚЖАЙЫҚ АСПАНЫ ТҰНЖЫРАП ТҰРДЫ
«Арқанкерген» шекара бекетінде мерт болған шекарашылардың бірі, бірі емес-ау бірегейі – капитан, батысқазақстандық Алтынбек Кереев. Оның әскери қызметке деген құштарлығы мол болғанын өмірбаяндық деректері де айғақтайды. Оған зер салсақ, А.Кереев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің әскери институтын 2006 жылы шекара әскері офицері мамандығы бойынша аяқтап шыққанын көреміз.
Ол әскери қызметін Алматы облысының Үшарал ауданындағы Қазақстан-Қытай шекара қызметінде бастаған. Аз уақыт аралығында Алтынбектің кіші лейтенант шенінен капитанға дейін көтерілуі оның тәуелсіз елімізге қызмет етуге адалдығын, әскери іске құштарлығын танытқандай. Кәсіби әзірлігін күннен-күнге шыңдап келе жатқан капитанның қайғылы қазаға ұшырауы мыңдаған батысқазақстандықтардың жанарларына жас үйірді.
Біз кеше қапияда мерт болған есіл ердің отбасына көңіл айтып шығуды ойластырған едік. Алайда бұл ойымыз орындалмай қалды. Өйткені оның анасы Рауза Мырзағалиева мен зайыбы Райхан Табылдиева шұғыл Алматы қаласына аттанып кетіпті. Олар онда мерт болған шекарашылардың адам танымастай мүрделеріне жүргізілетін идентификациялық анықтау жұмыстарының басы-қасында болатын көрінеді. Әлбетте, қаза барша отандастарымызға ортақ. Қайғыны бөліссе азаятыны анық. Бұл жөнінде газет тілшісіне Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Сүлеймен былайша мәлімдеді:
– Алтынбек Құтжанұлы нағыз кәсіби шекарашы болып, қалыптаса бастаған шақта, жиырма сегіз жасында мерт болды. Сөз жоқ, бұл орны толмайтын ауыр қаза. Оның отбасына, артында қалған ұлы Арсенге қолдан келген барлық көмекті беруге әзір отырмыз.
Кеше Ақжайық аспаны өмірден қапияда кеткен ер ұлын жоқтағандай тұнжырап тұрды.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.

 

БАЛҚАШТАН БАРҒАН БІР БОЗДАҚ
Қайғылы қазаға ұшыраған шекарашылардың қатарында қарағандылық жауынгер Нұрланбек Қуатбекұлы Мұқашев есімі анықталды. Ол былтырғы күзде Балқаш қаласынан әскер қатарына шақырылған екен. Осындағы №7 қазақ мектебін бітірген соң жергілікті медициналық колледжде білім алған.
Отан алдындағы борыштарын өтеп жүру кезінде мерт болғандарды ұлттық аза тұту күнінде облыс аумағындағы барлық мекемелер мен ұйымдарда, оқу орындарында мемлекеттік ту төмен түсіріліп, ойын-сауық шаралары тоқтатылды. Басқару орындары, саяси партиялар, қоғамдық қозғалыстар өкілдері қаза тапқан Н.Мұқашевтың ата-анасына, ағайын-туысқандарына барып көңіл айтты. Қарағандыдағы орталық, Балқаштағы қалалық мешітте сарбазға дұға бағышталып, құран оқылды.
Облыс, қалалар мен аудандар әкімдері, орынбасарлары өздерінің бір күндік еңбекақыларын қазаға ұшыраған шекарашының отбасына аударатын болды.

Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.

 

www.egemen.kz