№ 04 (172)
сәуір, 2024г.

Жарнама агенттігі

Біз жарнама нарығында ұсынылатын қызметтер сапасын үнемі арттырып отырамыз. Жарнама бизнесінде бірнеше жыл бойы жұмыс істей отырып,  біз – жарнама науқанының ойдағыдай болуының кепілін жарнама көлемінің орынды теңгерімі мен жарнама инновацияларын пайдалану айқындайды деген қорытындыға келдік.

БАСПА ЖӘНЕ ЭЛЕКТРОНДЫҚ
БАҚ-ТАҒЫ ЖАРНАМА

Жаңалықтар

Ерлік ешқашан ескірмейді

10.05.2012

Бейсенбі, 10 мамыр, 2012 

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы «Отан қорғаушылар» монументіне гүл шоқтарын қойып, 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысында қаза болған қазақстандық жауынгерлерге тағзым етті. 

Осы күні Елбасымен бірге шараға Ұлы Отан соғысының ардагерлері қатысып, кешегі қан майданда қаза тапқан отандастарына құрмет көрсетті.
Мемлекет басшысы гүл шоқтарын қойып болған соң, Республикалық ұланның үрлемелі оркестрінің орындауында еліміздің Әнұраны орындалып, Республикалық ұланның Құрметті қарауыл ротасы салтанатты шерумен жүріп өтті.
Содан кейін «Мәңгі алаудың» алдында сұрапыл соғыстан оралмаған жауынгерлерге құрмет көрсету үшін жиналған мыңдаған астаналықтар мен қала қонақтары шейіт болғандарды бір минөт үнсіздікпен еске алды. Жеңістің 67 жылдығына арналған салтанатты шараға Үкімет, Президент Әкімшілігі, сондай-ақ, дипломатиялық миссияның өкілдері, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Салтанатты шараның ресми бөлігінен соң, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ардагерлерді Жеңіс күнімен құттықтап, қаз-қатар тігілген шатырларды аралады. Бұл жерде Нұрсұлтан Әбішұлы ардагерлермен бірге дәстүрлі әскери дастарқаннан дәм татып, майдан тақырыбына арналған театрландырылған көріністерді тамашалады. Содан кейін Ұлы Жеңіске байланысты жұртшылық алдында сөз сөйледі.
– Бүгін ұлы күн, ұлы мереке. Биыл 1945 жылы фашистік Германияны жеңгенімізге 67 жыл толып отыр. Сол сұрапыл соғыс жылдары бүкіл әлем 50 млн.-нан астам адамынан айырылды. Оның ішінде Қазақстаннан 1 млн. 800 мың адам майданға аттанып, соның жартысы елге, өз отбасына қайтып оралған жоқ. Біз олардың осындай бейбіт күнге жету жолында жасаған ерліктерін ешқашан ұмытпаймыз. Адамға ең бастысы көңіл керек. Көңіл көңілден су ішеді деген. Қазір ардагерлер арамызда жыл өткен сайын азайып бара жатыр. Сондықтан біз оларға әрдайым көмектесіп, көңілдерін аулауымыз, мұң-мұқтаждарына құлақ түріп жүруіміз керек. Ардагерлерді жастардың алдында көбірек сөйлетіп, ерліктің, отансүйгіштіктің тәлімін алуларына жәрдемдесуіміз керек. Үлкен ақсақалдары бар адамдар бақытты. Үлкен кісілер – қазынамыз, – деді Н.Назарбаев.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы ардагерлерге құрмет көрсетудің бір үлгісі ретінде ересек адамдардың балаларын ескерткіштерге апарып, гүл шоқтарын қойғызып, мұражайлардағы тарихтан сыр шертетін жәдігерлермен таныстырып, ата-бабаларымыздың ерліктерін балалардың бойына сіңіру керектігін баса айтты.
«Біз – кешегі соғыс жеңімпаздарының перзенттеріміз. Бүгінде біз осы Ұлы Жеңістің арқасында аспанымыз ашық болып, бақытты өмір сүріп, болашаққа жоспар құрып, армандап, қалағанымызды істеп, балаларымызды тәрбиелеп жатырмыз. Сондықтан біз Ұлы Отан соғысының ардагерлері сияқты отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеп, солардың бойына патриоттық сезімді сіңіре білуіміз керек. Біздің балалар қан майданда жеңіс әкелген ардагерлеріміздің ерліктерін ешқашан ұмыт­пауы тиіс. Оларға зор құрмет білдіру біздің азаматтық парызымыз», – деді Елбасы.

Осы орайда, Мемлекет басшысы еліміз Тәуелсіздіктің 20 жылдығын мерекелегенін айта келіп, бүгінгі ұрпақтың аға буынның ерлігін еш ұмытпайтынын, егер әр азамат Отанды қалай қорғау керектігін есте сақтаса және ардагерлерімізге жақсы қамқорлық жасаса, онда болашағымыздың бекем болатынын атап өтті. Сондай-ақ, соғыс ардагерлері мен тылда еңбек еткен азаматтардың ұдайы мемлекеттің назарында болып, оларға қамқорлықтың бәрі жасалатынын жеткізді. «Біз тылда жұмыс істеген ардагерлердің еңбегін де есте сақтаймыз. Олар соғыста болған азаматтар сияқты Жеңісті жақындатуға үлестерін қосты. Сондықтан, барша Қазақстан халқы атынан ардагерлердің бәрін құттықтап, дендеріне саулық, бастарына амандық тілеймін», – деді Елбасы.
Осы күні Астана алаңдарында, еліміздің барлық елді мекендерінде Жеңіс күніне орай мерекелік шаралар өтті. Мәселен, Астананың «Отан-Ана» монументіндегі салтанатты шара одан әрі «Атамекен» Қазақстан картасы» этномемориалды кешенінде, әскери-патриоттық әндер концерті Орталық алаңда жалғасты. Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалы драма театрында А.Дударевтің «Кеш» драмасы қойылса, Конгресс-холда эстрада әншілерінің қатысуымен концерт өтті.
Одан кейін мереке Есіл өзенінің жағалауында Ұлы Жеңістің құрметіне жасалған отшашуға ұласты.

 

Дастан КЕНЖАЛИН.
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.

 

www.egemen.kz